astana-view

Күріштің жаңа түрін қолға алды

2016 жылғы 07 Маусым
- Қызылорда облысы
7125 просмотров

«Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында Сыр бойында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға арналған шағын несиеге қол жеткізгендердің қатарында «Жамбыл» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативі бар.

Аталған Сырдария ауданының Қоғалыкөл аулында орналасқан, жаңа заман лебімен өндірістік кооперативке біріккен ұжым күріштің тыңнан «Айсәуле» сұрыбын енгізумен айналысуда.  

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөлген 300 миллион теңгелік қаражаттан алғашқы транш ретінде 6 ай жеңілдігімен 36 ай ауқымында қайтаратындай 4 400 000 теңге мөлшерінде қарыз сомасын алған «Жамбыл» АТК» ӨК басшысы Болатбек Рүстемов өтінішінің бұлай тез қаралып, қажетті қаражат көлемінің шапшаң беріле қоятынын күтпегенін айтады. Бүгінде іскер кәсіп иесі кепілге тұрарлық мүлік түрін әзірлеп, жалпы болжанған 10 млн теңгенің келесі қалған бөлігін алуға дайындалып жатқанын жеткізеді.    

«Қолға тиген ақшаны бірден кәдеге жаратып, Ыбырай Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институты ойлап тапқан күріштің жаңа сұрыбын егіп тастадық. Енді егістік даласын күтіп-баптап, қоңыр күзде мол өнім жинауға ниет етіп отырмыз», - деп сәтті басталған шаруадан сыр шерткен Болатбек Қамарұлы шағын несие бағдарламасы жайлы жағымды жаңалықты естіп, бірінші Қызылорда кәсіпкерлер палатасына барғанын еске алады.

«Ондағы мамандар мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, тиімді тұстары мен артықшылықтарын жан-жақты байыптап берді. Әрі қарай жылдам құжаттарымды жинап, айналдырған екі аптаның ішінде несиені еншіледім. Расы керек, мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық құралдарына жатырқай қарап, көбінесе іс-қимылға білек сыбана кірісіп кетуден тартыншақтаймыз ғой. Осы жолы мінсіз қызметке шын таңғалдым. Кәсіпкерлер палатасындағы қыз-жігіттерге мың алғыс», - деп әңгімелейді күріш пен бидай және жоңышқа сынды ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу мен өткізу бағытында бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік басын қосқан кооператив төрағасы.

Табысты бизнесін дөңгелеткен кәсіпорын жетекшісінің мәліметінше, «Жамбыл» АТК» өндірістік кооперативі 2016 жылдың сәуір айында құрылтайшылық шарт негізінде құрылған. Егістіктен тыс, мал жайылып, шөбі шабылатын 10 мыңнан гектардан астам жер телімдері бірлестік қолданысында. Арнайы техника кооператив құрамындағы «Агро-Орталық» ЖШС меншігінен жұмысқа жегілген. Шілде айында авиахимиялық өңдеу әрекеттері жүргізілмек. 7% мөлшерлемедегі несие мақсаты да сол, негізінен тұқым, жанар-жағармай сатып алу.

Сәйкесінше еліміздегі ірі күріш өсіруші өңір есептелетін Қызылорда облысында таңдау жасау да қиынға соқпаған. Сыр бойында Қазақстандағы күріштің 85 пайызы өндіріліп, жыл сайын шетелге экспортқа жіберілуде.

Тағы бір атап өтерлік жайт, еңбек көрігі қызу қайнаған қауырт істерге маусымдық кезеңде қосымша мамандар жұмылдырып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер