astana-view

Дәулет Бақберген: «Атамекен» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын кооперациялау бойынша белсенді жұмыс жүргізеді»

2016 жылғы 10 Маусым
- Алматы қаласы
12225 просмотров

Алматыда сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайласа, жеңіл өнеркәсіптің республикалық форумы өтті

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мүшелері кәсіби мерекелері қарсаңында өздерінің әріптестері мен серіктестерін кәсіпорындар арасында сұхбат орнатуға, тәжірибе алмасуға және саланың беделін көтеруді қамтамасыз етуге, саланың өзекті проблемаларын талқылауға шақырды.

Статистика комитетінің деректері бойынша, республикада жеңіл өнеркәсіптің 886 кәсіпорны жұмыс істейді, олардың 95%-ы – шағын кәсіпорындар. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі өткен жылы 71 млрд теңгені, 2016 жылдың 4 айында – 20,7 млрд теңгені құрады. Аталған көлемнің 60%-ға жуығы күштік құрылымдардың мемлекеттік қорғаныс тапсырысына және ұлттық компаниялардың сатып алуларына тиесілі. Сонымен бірге, салалық қауымдастықтың мәліметтері бойынша, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қуаттылық жүктемесі орташа алғанда бар болғаны 50-60%-ды құрайды. Саланың жүйелік проблемаларының арасында – импортталатын шикізат құнының жоғарылығы (маталардың, фурнитураның 95%-ы шетелден келеді), білікті кадрлардың жетіспеушілігі (кадрға деген жыл сайынғы сұраныс – екі мың адамға жетеді), өңделмеген шикізатты заңсыз сыртқа шығару мәселелері бар. Оларды шешудің бір жолы ретінде «кластерлік бастамаларды» енгізу аталды, ол қосылған құнның толық тізбегін құруды – шикізатты өсіруден бастап дайын мата шығаруды көздейді.

Республикалық форумда мектеп формасы өндірісі және оны жеткізу жөнінде отандық өндірушілерді қолдау тақырыбы да қозғалды. Қатысушылар атап өткендей, бүгінде мектеп формасы нарығының сыйымдылығы 37 млрд теңгеден астам соманы құрайды, бірақ отандық өндірушілердің үлесі – 7%-дан аспайды. Мектеп формасын сатып алуда отандық тауар өндірушілердің үлесін 2016 жылдың соңына дейін 50%-ға ұлғайту мәселесі ескертіліп өтті.

«Өңдеуші өнеркәсіп салаларының үлесі (машина жасау және металл өңдеу, химия, жиһаз, ағаш өңдеу өнеркәсібі және т.б.) өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде 12%-ды құраса,аталған кәсіпорындардың өнеркәсіптік өндірісінің жыл сайынғы көлемі 1 трлн теңгені құрайды, өнеркәсіптің жетекші салалары бойынша жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 200 мың адамнан асады. Осыған орай, жеңіл өнеркәсіптің отандық кәсіпорындарының өнеркәсіптік кәсіпорындарына қажетті өнімдерді – арнаулы киімдер, арнаулы аяқ киімдер тігу және т.б. жеткізу бойынша өнеркәсіптік кооперациясын дамыту мәселесі өзектілене түсуде. Бұл бағытта ӨКП өнеркәсіптік кәсіпорындармен белсенді жұмыс жүргізуде», – деп хабарлады «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеуші өнеркәсіп департаментінің директоры Дәулет Бақберген.

Шара барысында, сондай-ақ, сала көшбасшыларын марапаттау салтанаты және «Қазжеңілөнеркәсіп», MIMIORIKI, «Семирамида», «Aigul&Line», ZIBROO тәрізді қазақстандық өндірушілердің ерлер, әйелдер, балалар, сыртқы киім, спорттық киімдер коллекциясын таныстыру рәсімі өтті.

Жеңіл өнеркәсіпшілердің республикалық форумы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Алматы қаласы әкімдігінің, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, «KAZNEX INVEST» АҚ-ның, «ДАМУ» қорының және  Алматы технологиялық университетінің қолдауымен өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер