astana-view

«Атамекен» - «KazNexInvest» жұмысын ширатуға дайын

2016 жылғы 17 Маусым
7247 просмотров

Осылайша ҰКП ішкі бизнес пен шетелдік инвесторлар үшін бірыңғай терезе бола алады

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ІІІ съезінде «Атамекеннің» Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке бірқатар мәселелер туралы әңгімелеп берді. «Әр жыл сайын біз іскерлік ахуалға зерттеу жүргізіп отырамыз. Бұл зерттеуге түрлі өңірлердің ірі, орта және шағын бизнестегі 6 мыңнан астам  кәсіпкерлері қатысты. Олардың 85%-ы нарыққа қол жеткізуді, сұраныстың сығымдалуын 2015 жылдың түйткілді проблемасы санайды. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет «Нұрлы жол» контрциклды бағдарламасын әзірлеген болатын. Бизнес тиісті қаражат, әсіресе, жергілікті құрамды қамту жағынан өзіне жетеді деп күтеді. Біз Үкіметтің осы бағытта бізге көмектесуін сұраймыз», – деді ол.

А.Мырзахметов Премьер-министрді Ұлттық палата барлық өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті құрамның үлесін ұлғайту жөніндегі жұмыс комиссияларын құрғаны туралы хабарлады. Алайда, оның айтуынша, тек бес облыс қана осы жұмысқа белсене кіріскен. «Әсіресе, Алматы қаласын  атап өткім келеді. Іс жүзінде әрбір апта сайын тиісті бюджеттік әкімші Палатаға келіп, отандық тауар өндірушілермен бірге мәселелерді талқылайды, сөйтіп олар қандай тауарларды жергілікті жерлерде сатып алуға болатынын шешеді. Және бұл өзінің тиімділігін көрсетуде. Бұл бастаманы Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары қолдап әкетті. Қызылордада әкімдік бірде бір отырыс өткізген жоқ, ал тендерлер бар қарқынымен өтіп жатыр. Осы мәселе жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бұл бизнес үшін өте маңызды», – деді ол Кәрім Мәсімовке.

ҰКП Басқарма басшысы Палатада Қазақстанда нақты салық төлеп келе жатқан және тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған отандық тауар өндірушілердің тізімі  құрастырылғанын айтты.

«Дәл осындай жұмыс «Самұрық-Қазынамен» де жүргізілуде, бірақ онда олардың рәсімдеріне байланысты жағдай күрделірек. Сатып алулардың 94 пайызы тиесілі сегіз компаниямен осындай жұмысшы топтары құрылды. Біз ай сайын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың алдында жиналамыз деп келістік. Біз – ұлттық компаниялар тұрақты түрде сатып алатын ірі позициялар бойынша ұзақ мерзімдік шарттарды шоғырландыру міндетін қойып отырмыз. Бұл, егер мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілсе, тіпті ИИДМБ-2 үшін де негіз бола алады», – деп атап өтті ол.

Абылай Мырзахметов, қазіргі экономикалық жағдайда шикізаттық емес экспортты жақын нарықтарға – Ресейге, Қытайға, Иранға және ТМД елдеріне белсенді ілгерілету маңызды екенін атап көрсетті. Бұл үшін, оның айтуынша, «KazNexInvest» Ұлттық агенттігінің жұмысын басқа форматқа көшіріп, қазақстандық тауарларды көрші нарықтарда ілгерілету үшін бірыңғай терезе құру қажет.

«KazNexInvest» бойынша біздің қатысуымызды ұлғайтуды ұсынамыз. Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз желтоқсан айында 49%-дық  басқаруды алып, директорлар кеңесіне кірдік. Бүгінгі күні Палата 51%-ды алып, өзіне үлкен жауапкершілік жүктеуге дайын деп санаймыз, бизнес бізді қолдайды. Сөйтіп «KazNexInvest» жұмысын бизнестің сұранысына қарай нақты бағдарлауға болады. Өңірлерде кейбір әкімдіктер Инвесторларға қызмет көрсету орталықтарын толығымен біздің КҚО-ларға тапсырды», – деді ол.  

ҰКП Басқарма басшысының айтуынша, «Атамекен» «KazNexInvest» пен Инвесторларды қамтамасыз ету орталықтарын басқару арқылы ішкі бизнес пен шетелдік инвесторлар үшін бірыңғай терезе қызметін атқара алады.

«KazNexInvest»-те  бүгінгі таңда 158 адам жұмыспен қамтылған, бюджеті 3,3 млрд теңгені құрайды. Ұлттық палатаның орталық аппаратында 215 адам бар, оның да бюджеті 3 млрд теңге. Соңғы 5 жылда «KazNexInvest»-ті ұстауға 18 млрд теңге бөлінген. Бұл бизнесті қанағаттандырады деп айту қиын... Әрине, нәтижелер бар, бірақ қазіргі жағдайларда, өткізу нарығын белсенді игеру қажет кезде, біз мұндай жұмысты атқара аламыз деп есептеймін», – деді ол.

Сондай-ақ, А.Мырзахметов Премьер-Министрдің назарын бизнеске жасалатын қысымның ұлғайғанына аударды. Оның айтуынша, Палатаға жалған кәсіпкерлік бойынша 150 шағым келіп түскен. Шығыс Қазақстан облысында осы бап бойынша 50 млрд қосымша айыппұлдар мен өсімақыларды алдын ала есептеген. «Бұл шын мәнінде тек ШҚО бойынша көптеген кәсіпорындарды банкроттықа әкеп тірейді. Ол бизнесті алаңдатып отырған үлкен проблемаға айналды. Жауапты салық төлеушілерді осындай пострероспективті жазалардан құтқару үшін бұл бапты жою қажет, не болмаса өзгерту керек», – деп мәлімдеді ҰКП Басқарма басшысы.

«Егер қысым жайында айтар болсақ, онда біз іс жүзінде бизнеске қатысты қылмыстық істердің саны екі есеге өскенін көреміз. Алайда, олардың тек 20%-ы ғана сотқа дейін жетеді. Яғни, әрбір он кәсіпкердің сегізіне қысым жасалған», – деді ол.

Баяндамасын аяқтай келе, Абылай Мырзахметов, Үкімет басшысынан сотқа дейінгі апелляция институтын енгізуді қолдауды, бүкіл бақылау-қадағалау функцияларына тексеру жүргізуді және нормативтік-құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізуді сұрады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер