astana-view

«Алтын сапа»: өзіңді танытуға берілген мүмкіндік

2016 жылғы 22 Маусым
- Атырау облысы
7083 просмотров

«Алтын сапа» және «Қазақстанның ең үздік тауары» конкурстарын өткізуге дайындық мәселелері  жөніндегі  оқу семинарына 40-тан астам компания қатысты 

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмыспен қамту мәселелері бойынша департаменті директорының орынбасары, лектор Салтанат Әбдікәрімова, «Алтын сапа» конкурсына және «Қазақстанның ең үздік тауары» конкурс-көрмесіне қатысуға тілек білдірген жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өзінің іс-қызметінің нәтижелері туралы ақпаратты дайындауға өте жауапты қарауы қажет деп атап көрсетті.   

Салтанат Әбдікәрімованың сөздеріне қарағанда, конкурстарға қатысуға өтінімдерді қалыптастыру барысында кәсіпкерлер көбіне  дағдыға айналған есептік мәліметтерді ұсынады немесе бұл істі бөгде адамдарға тапсырып, қателікке ұрынады. Салдарында комиссия талқысына кәсіпкердің іс-қызмет жылдары ішіндегі барлық жетістіктерін ашып көрсетпейтін  құрғақ есептік материалдар  түседі.

«Бұл – үлкен олқылық. Бизнес субъектісінің өзінен басқа ешкім оның іс-қызметі туралы толық және сапалы ақпаратты ұсына алмайды. Сондықтан конкурстарға әлуетті  қатысушылар бұл мәселеге ерекше назар аударуы қажет», – деп ескертті ҰКП өкілі.

Лектордың айтуынша, аталған конкурстарға қатысқан ұйым сапаны басқарудың осы заманғы әдістерін бейнелейтін, өзін-өзі бағалау бойынша критерий қолданудан түсетін пайданы алуына, кәсіпорын жұмысы мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға, демек, өзінің қаржылық мәселелерін шешуде табысты қадамдар жасауына болады.  

«Ұйым арнайы дайындықтан өткен, жоғары білікті сарапшылар тарапынан іс-қызметтің тәуелсіз бағасын және сапа саласында ұсыныстар алады. Бұл ұйымның сауатты стратегиясын жасауға және болашақтағы табысқа жетуіне көмектеседі. Сонымен қатар конкурсқа қатысу ұжымның сапа мәселелеріне назарын аудартып, оларды шешуге күш-жігерді жандандыруға мүмкіндік береді», – деді С.Әбдікәрімова.

Семинар барысында тыңдаушыларға кәсіпорынның іс-қызметін өзіндік бағалауды қалай жүргізу жайлы айтылды, «Алтын сапа» және «Қазақстанның ең үздік тауары» конкурстарына қатысу ережелері мен тәртібі түсіндірілді, басқа елдерде сапа менеджменті жүйесін бағалау үлгісі көрсетілді.

Ағымдағы жылы конкурстарға қатысу ережелері өзгеріссіз қалғанын да атап айталық.

Семинарға қатысушылар сонымен қатар өздерін қызықтыратын сұрақтар  қойып, мамандардан қажетті жауаптар алды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер