astana-view

Теміржол тарифтері реформадан кейін де өзгермейді

2016 жылғы 23 Маусым
12479 просмотров

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ «Атамекен» ҰКП алаңында трансформация бағдарламасын таныстырды

2014 жылдың қыркүйек айында «Самұрық-Қазына» қоры Директорлар кеңесі өз қызметінің және бақылауындағы портфельдік компаниялар қызметінің Ауқымды өзгерістер бағдарламасын мақұлдады. Аталған бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ бүкіл тобының, оның ішінде Қордың өзі мен оның қоржынындағы компаниялардың трансформациясына арналған жалпы қағидалардың және оның іргетасының негізін құрайды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ алғашқылардың бірі болып трансформацияны іске асыруға кірісті, оның мәнісі тасымалдау қызметін және теміржол инфрақұрылымын бөлуге келіп тіреледі.

Теміржол тасымалдары әлеуметтік маңызды сала болғандықтан, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ны бизнеспен – ұлттық компания қызметтерін тікелей тұтынушылармен сұхбаттасуға шақырды. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Дана Жүнісова атап айтқандай, тариф қалыптастыру және ҚТЖ-ны реформалау қорытындылары бойынша теміржол қызметтері тарифтерінің деңгейі туралы мәселелер бизнесті қатты мазалайды.

Трансформация бағдарламасын таныстыра отырып, Ұлттық компанияның  басшы өкілі Еркін Жусанбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ын қайта ұйымдастырудың негізгі кезеңдері жайлы айтып берді. Оның айтуынша, 1 шілдеге дейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жүк тасымалдаушысы құрылатын болады, жылдың аяғына дейін оған «KTZ Express» АҚ акцияларының 100%-ы беріледі, 2017 жылдың соңына қарай Инфрақұрылым операторы пайда болады. Сондай-ақ, «ҚТЖ-Жолаушылар тасымалы» АҚ-ын жекешелендіру жоспарланып отыр.

Ұлттық компанияның өкілі құрылымдағы функционалдың негізгі өзгерістері туралы және активтерді Жүк тасымалдаушы мен Инфрақұрылым операторының арасында бөлу туралы  да айтып өтті.

Трансформация бағдарламасының тұсаукесері отырысқа қатысушылардың біраз сұрағын туғызды. Айталық, Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының бас директоры Илья Сегал ҚТ»-ның қолданыстағы жұмыс сызбасының жаңа «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-на ауысуы бизнес үшін қаншалықты тиімді боларына алаңдайды. Өңірлер магистралдық теміржол торабына қол жеткізуге, вагондарды беруге және жинауға, жүктерді жіберуге және т.б. қатысты келісімшарттар жасау жайында сұрақтар қойды. Қазақстан  фермерлер одағының төрағасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымын қайта ұйымдастыруды барынша ашық жүргізуге шақырды.

Бизнестің сұрақтарына жауап бере келіп, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев бүгінде компанияның алдында мынадай басым міндеттер тұрғанын атап айтты: тасымалдау процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету; тариф саясаты; халықаралық тасымалды ұйымдастыру. Алпысбаев барлық жасалған келісімшарттар бойынша міндеттемелер сөзсіз ауыстырылатынына және де барлық уағдаластықтар орындалатынына сендірді. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, жүк тасымалдаудың жаңа келісімшарттары бойынша контрагент «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ болады.

Кездесудің қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен  «Атамекен» ҚР ҰКП және ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті үш жақты меморандумға қол қойды. Соған сәйкес ҚТЖ трансформациялау  кезінде магистралдық және теміржол тораптарының реттелетін қызметі тарифтерінің шекті деңгейін көтермеуге міндеттеледі.

Оған қоса, «ҚТЖ» АҚ-ны қайта ұйымдастыру процестері туралы бүкіл толыққанды ақпарат «Атамекен» ҚР ҰКП-ның ресми сайтында жеке бөлімде орналастырылатын болады, онда әрбір тілек білдіруші өз сұрағын қойып, оған жауап ала алады. Трансформация тұсаукесерімен мына жерден танысуға болады.

Келесі кездесу, шамамен, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ құрылғаннан кейін биылғы жылдың шілдесінде өтеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер