astana-view

Тимур Құлыбаев: «Нормативті-құқықтық актілерді дәл саралау әкімшілік кедергілерді азайтады»

2016 жылғы 27 Маусым
8957 просмотров

Мемлекеттік органдардың қажетсіз бақылау қызметтері түйткілді қарым-қатынастардың туындауына себеп болмақ

Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев ақмолалық кәсіпкерлермен кездесу барысында мәлімдеді. Тимур Құлыбаевтың айтуынша, ҰКП құрылғалы бері 12 мың өтініш келіп түскен, олардың тек 3800-і ғана кәсіпкерлер пайдасына қарай шешілген. «Атамекен» басшысының пікірінше, бұл  дерек мемлекеттік органдар іс-қимылдарының негізсіз екенін білдіреді.

«Негізінен, олар – жер қатынастары, мемлекеттік сатып алуларға қатысу, мемлекеттік органдардың керексіз бақылау және қадағалау қызметтері. Бізде бақылау-қадағалау қызметтерін 61 мекеме (45 орталық, 16 өңірлік) жүзеге асыратыны белгілі болған. Жалғыз санэпидстанцияның 8 000 позициясы бар, олардың барлығына кәсіпкер сай болуы керек. Бұл, сөзсіз, түйткілді қарым-қатынастардың туындауына әкеледі», – деді Тимур Құлыбаев.

Егер бұл мәселеге өңірлер тұрғысынан қарар болсақ, Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасына келіп түскен өтініштердің 32%-ы жер қатынастары мен сәулет мәселелеріне қатысты болған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы, Өңірлік кеңес төрағасы Қазбек Ескендіровтің ақпараты бойынша, шағымдар санының көптігі жасалған толық жоспарлау жобаларының (ТЖЖ), кешенді сызбалардың жоқтығының салдарынан туындайды, сол себептен кей кәсіпкерлер ТЖЖ-ны өз бетінше даярлайды, ал оларды даярлауға кететін сома 5 млн-нан 15 млн-ға жетеді.

Сонымен бірге, бос жер телімдері туралы ақпарат жоқ, оларды сату жөнінде аукциондар өткізілмейді. Мысалы, Көкшетауда 2013-2015 жылдары барлығы – 1, ал облыс бойынша – 66 аукцион өткізілген, нәтижесінде шамамен 340 жер телімі сатылған. Салыстыру үшін: Шығыс Қазақстан облысында 86 аукцион өтіп, 532 жер телімі сатылса, ОҚО-да – 56 аукцион өтіп, 828 жер телімі сатылған.

Проблемалар мемлекеттік сатып алулар саласында да бар.

«Олар – уақытылы ақысын төлемеу, тапсырыс берушілердің жеткізушінің шарттық міндеттемелерін орындау кезінде кедергілер тудыруы, сонымен бірге отандық тауар өндірушілерінің номенклатурасын есепке алмай, байқау құжаттамасын жасау», – деді Қазбек Ескендіров.

Барлық осы мәселелер бойынша біз жүйелі жұмыс жасамақпыз, барлық нормативті-заңнамалық актілер егжей-тегжейлі қайта жасалмақ, мемлекеттік органдардың рұқсаттық және бақылау қызметтері қаралмақ. Менің ойымша, нәтижесі көзге көрінерлік болмақ. Бірден болмаса да бір жыл ішінде міндетті түрде сезіледі. Біз кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі жұмысты көрсетуге және жемқорлық кедергілерді төмендетуге мүдделіміз», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысының айтуынша, сонымен бірге, Қаржы министрлігінде «Атамекен» Палатасы мен Бас прокуратура өкілдерінің қатысуымен сарапшылық комиссия құрылмақ.

«Біз мемлекеттік орган жанынан дауларды сотқа дейінгі реттеу механизмдерін құру, оның ішінде салықтар мәселесін қарау туралы Үкіметке барып жүгіндік. Түпкілікті мақсатымыз да бұрынғыдай – сотқа дейінгі тәртіпте дауларды реттеу», – деп атап айтты Тимур Құлыбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров та, өз кезегінде, жергілікті билік пен өңірлік бизнес-қоғамдастық арасындағы диалогты белсендендіруге уәде берді.

«Бүгінде барлық мәселелерді талқылау және шешу алаңы болып өңірлік кәсіпкерлер палатасы саналады. Оның базасында мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдар өкілдерінің кездесулері өтеді. Болашақта, мұндай шаралардың өтуі біздің ынтымақтастыққа септігін тигізеді деп ойлаймыз», – деп сендірді «Атамекен» басшысы Тимур Құлыбаевты облыс әкімінің орынбасары. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер