astana-view

Bastau – ауылдықтардың кәсіби сауатын ашады

2016 жылғы 30 Маусым
- Маңғыстау облысы
18160 просмотров

Мұнайлы ауданында ауыл тұрғындарына бизнес бастау мен оны  жүргізу негіздерін оқытатын пилоттық жоба басталды

«Bastau» бизнес-мектебінде ауыл тұрғындары бір айдың ішінде кәсіпкерлік қызметтің әліппесін оқитын болады.

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әмірғали Жанаев бұл жоба кәсіпкерлік  қызметке ауыл адамдарын тарту арқылы Мұнайлы ауданы халқын жұмыспен қамтуға бағытталғанын айтты.

«Бас прокуратураның статистикасына сенсек, заңдарды көбінесе жұмыссыз адамдар бұзады. Кірісі жоқ, күні бойы бос сенделген адам қылмыстың қандай түрін болса да жасауға бейім. Сондықтан халықты жұмыспен қамту кедейшілік пен қылмыс сияқты қоғамдық проблемалардың алдын алады», – дейді Әмірғали Жанаев.

«Bastau» бизнес-мектебінің мақсаттары мен міндеттері жайлы «Атамекен» ҚР ҰКП өкілі Бауыржан Оразғалиев әңгімеледі. 

«Әлеуметтік-экономикалық келбеті мен қолайлы географиялық орналасуы жағынан Мұнайлы ауданы пилоттық жоба ретінде таңдап алынды. Мұнай сервисі нарығының кемуі, ауылдық елді мекендердегі бизнес-бастамалардың қолдауға мұқтаж болуы осы әлеуметтік бастаманы іске қосуға алғышарт болды», – деді Б.Оразғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке «Bastau» бизнес-мектебінің бағдарламасы аясында тәжірибе жүзінде баулу жобасы Маңғыстау және Қызылорда облыстарының басқа аудандарында да жүзеге аспақ.  

Әлемнің 25 елінде тәжірибе жинақтаған, халықаралық деңгейдегі бизнес-жаттықтырушы Медер Аматов қатысушыларды бизнес-жобаларды тәжірибе жүзінде үйретуді көздейтін бизнес-мектеп бағдарламасымен таныстырды. Ол ұзақ мерзімді тренингті бұдан да тиімді өткізу үшін ниет білдірушілердің бойында бизнес жүргізуге  керек менеджерлік дағды мен құзыреттің бар-жоғын анықтайтын  тестілеу өткізілетінін хабарлады.

«Оқыту бағдарламасы бизнес-бастамасы бар адамдар мен ауылдық жерден шыққан, жаңадан іс бастаған кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып  жасалған. Сонымен қатар бизнесмендермен кездесулер, бизнес-ойындар, нақты бизнес ахуалдарды модельдеу және оқудың басқа да интерактивті түрлері  қарастырылған», – дейді бизнес-жаттықтырушы.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Мирлан Хусаинов, неғұрлым табысты бизнес-жобалардың авторлары оқу қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының шағын қаржы ұйымынан берілетін жеңіл несие (жылына 4%) бағдарламасына қатыса алады деп сендірді.

Тұсаукесер соңында шараны ұйымдастырушылар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Мұнайлы ауданы әкімі Нұрлан Тәжібаев барлық спикерлерге алғыс айта отырып, ауыл адамдарына жеке бизнес-идеяларын бұдан былай да іс жүзінде жүзеге асыра беруге тілектестік білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер