astana-view

Білімдіге жол ашық

2016 жылғы 30 Маусым
- Атырау облысы
8774 просмотров

Жергілікті білімді мамандар мұнай саласындағы шетелдіктердің орнын басады

«APEC PetroTechnic» Жоғары техникалық мектебінде мұнай-газ саласына арналған мамандардың оқу бітіруіне орай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Шара Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының белсенді қолдауымен ұйымдастырылды. Техникалық мектеп түлектеріне Атырау облысында орналасқан 30-дан астам компания өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды.

Биыл оқу орнын 270 студент бітіреді. Бұл техникалық мектептің бірінші бітірушілері. Олар үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жұмыс берушілер студенттердің даярлық деңгейімен жақсы таныс, олардың көпшілігі сол кәсіпорындарда практикадан өткен болатын.

«Бізге көптеген кәсіпкерлер аталған колледжбен қарым-қатынас орнатуды сұрап, өтініш жасайды. Міне, бүгінде біз көптеген түлектердің жұмыс тауып үлгергенін көріп отырмыз, ал бұл алғашқы түлектер, демек, жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұраныс бар деген сөз», – деп атап өтті Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиев.

Түлектер арасында бұған дейін облыста мүлдем оқытылмаған мамандықтар бойынша оқығандар да бар. Бүгінгі таңда «APEC PetroTechnic» техникалық мектебі жұмыс берушілер тарапынан кез келген сұранысты қанағаттандыруға дайын, өйткені оның түлектеріне мұқтаждық бар. Сондай-ақ, бос орындар жәрмеңкесі тұңғыш рет жас мамандар үшін емес, жұмыс берушілер үшін ұйымдастырылып отыр деуге болады. Кейбір түлектер бос жұмыс орнын бірнеше компанияның арасынан таңдады.

«Даярлықтың, шынымен де, ерекше екені көрініп тұр. Бұл бізді жұмыс берушілер ретінде қызықтырады. Бұл түлектерді талап әкетеді деп ойлаймын, тым болмағанда, әрқайсысы өз мамандығы бойынша жұмыс табады, өйткені балалар өте талантты, қызықты және білімдері де өте жақсы»,– деген пікірін білдірді жұмыс берушілердің бірі Евгений Бородин.

Жоғары мектеп директорының айтуынша, олардың оқу орнының табысқа жету сыры бүкіл оқу жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес құрылуында. «Біздің стратегиялық серіктесіміз – Канададағы Оңтүстік Альберта технологиялық институты. Біздің мектепті бітірген әрбір маман халықаралық үлгідегі дипломға ие, үш тілді еркін меңгерген және практиканы тікелей компанияларда өткен», – деді оқу орнының басшысы.

Кәсіпкерлердің көбі болашақ мамандарды екінші курстан бастап қарастыра бастайтынын айтқан жөн, соның нәтижесінде студенттердің бір бөлігі оқып жүріп-ақ еңбек келісімшарттарын жасап қояды. Ең бастысы, осындай оқу орындарын құру жөніндегі жобаны сәтті деп санауға болады. Бастапқы есептер бойынша, түлектердің сексен пайыздан астамы жұмысқа орналастырылды. Олардың көпшілігі бұған дейін шетелдіктер жұмыс істеген позицияларды иеленетін болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер