astana-view

Кәсіпкерлер оқушылармен табыс сырын бөліседі

2016 жылғы 30 Маусым
10104 просмотров

Қазақстанда жоғарғы сынып оқушыларының міндетті мектеп бағдарламасына «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізу жоспарлануда

Тиісті оқу бағдарламасын жасаумен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бастамасымен, «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы және Almaty Management University тараптары бірлесе айналысуда.

Тың талпынысқа орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің отырысы өтті. Жиынды «Атамекен» ҰКП Төралқа мүшесі, комитет төрағасы Талғат Доскенов жиынды кіріспе сөзімен ашты.

«Кәсіпкерлік түйсікті мектептен тәрбиелеп, жаңа «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізу сөзсіз келешек жемісімен қуантатыны даусыз. Мысалға, сәйкес тетіктің тиімділігіне Норвегия, Финляндия, Швеция сынды Скандинавия елдеріндегі орта таптың қуаттылығы, кең қанат жайып, өркендеуі куә. Елімізде екі жыл үздіксіз мәселені сарапшылармен ақылдасып, талқылап келеміз. Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін жалпы білім беру мектептеріне таратуды жөн көріп отырмыз. «Атамекен» сұхбат алаңының арқасында білім беру мекемелерінен тыс, қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері ортақ іске араласты. Тағы бір салмақты жайт, қаржылық сауаттылық дәрежесін биік ұстау. Егер балаларымыз жастайынан бұл мәселені де егжей-тегжейлі біліп өссе, есейген шағында қаржыны қисынсыз жұмсап, қазіргі көп отандастарымыздай қарызға батпайды деп ойлаймын», - деп пікірін білдірді Талғат Доскенов.   

Міндетті оқу бағдарламасына кәсіпкерлік негіздері курсын енгізу, жас буынның бизнес жүргізу қырларын мектеп қабырғасынан игеруіне септігін тигізбек. Бұл мәселе соңғы екі жыл бойы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында кеңінен талқыланып келеді. Бағдарламадағы табысты оқу нәтижесі болып 11 сынып оқушыларының өз бизнес-жоспарын әзірлеуі саналмақ.

Аталған пән жалпы білім беру мектептерінің 10 және 11 сыныптарға арналған міндетті бағдарламасына 2019 жылы қосылады деп күтілуде. Жаңа сабақ оқудың тәжірибелік жағын қамтымақ. Мәселен, екі жылға шақталған бағдарламаның екінші жылы толық өзіндік бизнес идеясын дайындап, қорғауға арналмақ. Оқушылар 11 сыныпқа бармас бұрын, өз аймағында болашағы бар бизнес-идея іздестіріп, оның негізінде бизнес-жоспар құрмақ және жобаларын жылдың аяғында қорғау мүмкіндігі берілмек. Сонымен қатар, қажетті пәнде қаржылық сауаттылық сырларына бойлату, банктердің несие-қаражат саясаты ерекшеліктерін зерделеу қарастырылған.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаевтың айтуынша, Палата мамандары «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәнін 9-10 сыныптарға оқуға ауыстыруды ұсынуда.

Себебі, 11 сыныпта басты көңіл Ұлттық бірыңғай тестілеуде сыналатын сабақтарға бөлінетіндіктен, «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәні онда қалыс қалмақ.

Оның үстіне, кәсіпкерлік саласы жан-жақты сараланатын курстың негізгі бөлігі ондай жүктемеден бос 10 сыныпқа бағытталандықтан, сабақ мазмұнын толық игеріп, ертерек кәсіби бағыт алуға жағдай жасалмақ.

Екі жылдық курстың екінші жартысы жобаны өзіндік дайындауға арналатынын жоғарыда келтірдік. Оқушылар жыл бойы өзінің бизнес жүргізу идеясын әбден ойластырылған (теориялық тұрғыда) деңгейден жобаны қорғау сатысына дейін жеткізбек. Осы арқылы курсты 9/10 сыныптарға ауыстыру кезінде, қызығушылық танытқан (кәмелетке толған) оқушы (оқушылар тобы) пісіп-жетілген жобасын, мұғаліммен кеңеске отырып, 11 сыныпта жүзеге асыруға мүмкіндік алмақ.  

Талғат Доскенов Адами капиталды дамыту департаменті жетекшісіне жаңа пәнді енгізу жұмысының жалғасы ретінде Жол картасын әзірлеуді нұсқады.

Құрылтайшылар құрамы еліміздегі алпауыт бизнес иелерінен тұратын Алматы менеджмент университетінің ректоры Алмагүл Қанағатова күнтәртібіндегі мәселе бойынша халықаралық тәжірибемен бөлісіп, өзін бірқатар сұрақтардың толғандыратынын тілге тиек етті. Ол оқушыларды кәсіпкерлік рухына оқыту керек пе әлде нақты құзыреттілікке ме? Және кім оқытады: мұғалімдер ме, кәсіпкерлердің өздері ме?

Шетелдерге көз жүгіртсек, көш басындағы Америкада 4 миллионнан астам білімін байытушы жас еркін бизнес ұстанымдарына баулынуда екен. Содан ондағы үлкен өмірін енді аттаған кейінгі буын кредиттік картаны қолданып, жарнамалық-коммерциялық қызметке ден қоюда және де шағын кәсіпті басқару әдістерін саналарына сіңіруде. Қытайдағы мектеп бағдарламасында технологиялық инновация, жобаны коммерцияландыру, индустрия сипаттары, зияткерлік меншікті басқару, венчурлік салым сынды қызықты модульдік курстар ұйымдастырылуда. Әлеуметтік кәсіпкерлік желісінде аз қамтылған отбасылардағы балалар 12 жастан сәтті бизнеске ынталандыруда. Ал Британия Үкіметі жұмыссыздықты қысқарту әдістерінің бірі ретінде кәсіпкерлікті оқушыларға күнделікті табысты өмір дағдысы ретінде үзбей насихаттауда екен.

Назарбаев зияткерлік мектептері «Білім бағдарламалары орталығы» филиалының аға менеджері Гүзалия Арымбекова өздеріндегі «Экономика» пәнін жалпы мектептерге таратуда «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» атауындағы жетілдірілген, кәсіпкерлерлік тарауларымен кеңейтілген нұсқасы қолға алынуда екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда жазғы мектеп ашылған.

Шараны жүргізуші «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов бұл тұста оқытушылар қауымын Назарбаев зияткерлік мектептері тәрізді іргелі оқу орындарында өтетін дәрістерге түрлі қиындықтарға қарамастан шаруасын дөңгелетіп, кіріске кенеліп жатқан, мүлде соны көзқарастағы, талантты, алайда тұрмысы төмен ұл-қыздарды қаржыландыруымен танылған қазақстандық бизнесмендерді көбірек тартуға шақырды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова ұстаздардың біліктілігін көтеріп, кәсіпкерлік саланы оқытуға қабілетін анықтау қажеттігін айтты. Ол оқу бағдарламасына жаңа пән енгізілсе де, белгілі бір шектеулер ауқымынан шыға алмайтын мұғалімдердің кәсіпкерлік асқақ рухты жеткізе алу қасиетіне күмәнданды. Бұл жерде олқылықтың орнын толтыру үшін педагогикалық білімі болмаса да, іс жүзіндегі кәсіпкерлерді оқыту үрдісіне қатыстыру жайы меңзелді.

Кеңес соңында «Сана Еуразия» қоғамдық қорының төрағасы Нұрлан Досымовтың есебі тыңдалып, ол да өз кезегінде жастарды кәсіпкерлікке белсенді жұмылдыру арқылы елдегі жұмыссыздық санын қысқартуға болатынын еске салды. Қатысушылар және де оқушыларды кәсіпкерлікке үйретуде орта арнаулы білім ошақтары, яғни колледждер мен техникалық-кәсіби оқу нысандары назардан тыс қалмаса екен деген тілегін жеткізді. Бұдан тыс, Палатада жаңадан акредиттелген бірқатар ұйымдарға сертификаттар тапсырылды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер