astana-view

Шағын несие ауыл кәсіпкерлерінің көңілінен шықты

2016 жылғы 30 Маусым
- Қызылорда облысы
10751 просмотров

Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов облысқа қарасты барлық аудандағы кәсіпкерлер кеңесінің отырысына қатысып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерімен танысты

Айта кету керек, Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді және олардың бастамаларын қолдау мақсатында барлық 7 ауданда Аудандық кәсіпкерлер кеңестері құрылып, жұмыс жасауда.

Аудан кәсіпкерлері Палата директорымен кездесу барысында екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің қол жетімсіздігін, пайызының жоғарылығын, ауылдық елді мекенде кепілге қойылатын жылжымайтын мүлікті тым арзан бағалайтынын, тіпті алмайтынын, кейбір кәсіпкерлікті қаржыландыратын ұйымдардың жобаларды несиелендіруге таңдау барысында жариялылықтың жоқтығын жеткізді.

Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері көтерген барлық мәселелерді жинақтап, іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Аталмыш жоспарда кәсіпкерлердің мәселесі екі деңгейде қарастырылмақ: жергілікті деңгейде шешілетін мәселелер бойынша өңірдегі атқарушы органдар шаралар қабылдаса, республикалық деңгейдегі мәселелер «Атамекен» ҰКП арқылы орталық мемлекеттік органдарда талқыланатын болады.

«Аудандарда іссапармен болғанда кәсіпкерлер енді қолға алған жаңа жобалармен, сондай-ақ жұмысы жолға қойылған жобаларды да көріп, танысып шықтым. Аудан, ауыл тұрғындары жылы қабылдаған, әрі жалғасын табуын күтіп отырған жоба – «Микробизнес Қызылорда» жобасы. Бизнес өкілдері аталмыш бағдарламаның ауыл кәсіпкерлігіне тың серпіліс бергенін жеткізіп, «Атамекен» мен облыс басшылығына алғыстарын жеткізуде. Сондықтан да біз алдағы уақытта да бұл бағдарламаның жалғасын табуы үшін тиісті шараларды қабылдайтын боламыз», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.    

Палата басшысы аудандарға сапар барысында индустриалдық аймақтардың да жұмысымен танысты. Индустриалдық аймақтарға деген кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыру үшін аталмыш алаңдарда тиімді ұйымдастыру шараларының жетіспей тұрғандығына баса назар аударған Кәсіпкерлер палатасы, бүгінде облыстық әкімдікпен бірге индустриалдық аймақтарға жауап беретін арнайы мекеме құру мәселесін қарастыруда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер