astana-view

Балалы парк – базар

2016 жылғы 05 Шілде
7986 просмотров

Жаңатас қаласында кәсіпкердің паркті жалға алу мерзімін ұзарту құқығын қорғап қалуға аудандық Кәсіпкерлер палатасының филиалы көмектесті

Кәсіпкерлер палатасының Сарысу ауданындағы филиалына «Камилла» ЖК басшысы Элмира Молдыбаева құқығын қорғауға көмек берулерін сұрай келіпті.

Бизнесвуменнің айтуынша, өткен жылы ол Жаңатас қаласы әкімдігі аппаратымен бір жылға дейін балалар паркін өтеусіз қолдану туралы шартқа отырған. Осы уақыт аралығында кәсіпкер өз қаражатына балаларға арналған кафе салып, бүлдіршіндер үшін ойын-сауық аттракциондарын орнатқан. Оған қоса, балалар паркін пайдаланған мерзімін ішінде паркті күтуге арналған барлық шығындарды төлеп келген.

Биыл Элмира Молдыбаева қала әкімдігіне жалға беру мерзімін ұзарту туралы өтінішпен қайта барған.

Әкімдік құрған комссия паркті тексеруді ұйымдастырып, тексеру барысында актіде көрсетілген кемшіліктерді анықтаған. Мәселен, комиссия мүшелерінің пікірінше, кәсіпкер жалға берушімен парк аумағында құрылыс жүргізу туралы келісімге келмеген, сонымен қатар аумақта орналасқан кейбір әткеншектердің, хауыздың жағдайлары олардың көңілдерінен шықпаған. Соның салдарынан кәсіпкер бас тарту қағазын алған. Онда шартты бұзу және паркті босату туралы талап жазылған.

«Өткен маусымда біз 1000-дай балаға қызмет көрсеттік, – деп көрсетіпті кәсіпкер Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жазған өтінішінде. – Парк аумағына аттракциондар орнаттық, олар күздің соңына дейін жұмыс істеп, балаларға мол қуаныш сыйлады. Аттракциондардың маусымдық түріне қарап парк аумағына балаларға арналған кафе салдым, оны қала балансына өтеусіз беруге дайынмын». Кәсіпкер жаңа жұмыс орындарын құрған, соған байланысты паркті жалға беру мерзімін созуды ұйғарған. Бұл оның жұмысшыларына ғана емес, ойын-сауығы аз қаланың балаларына да пайдалы болар еді.

«Кәсіпкерлер палатасының Сарысу ауданындағы филиалы аталған мәселені Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте қарап, комиссия шарт мерзімін 2017 жылға дейін созу туралы шешім қабылдады», – деп түсіндірді аудандық филиалдың директоры Шыңғыс Әбдірахманов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер