astana-view

Павлодар өңірі кәсіпкерлік рухымен әйгілі

2016 жылғы 13 Шілде
- Павлодар облысы
8882 просмотров

Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі өкіл Болат Палымбетов өңірдің бизнес-қауымдастығымен өткен кездесуде айтты

Кәсіпкерлер палатасының әлеуетті бағыттарының бірі бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып қала бермек.

Кәсіпкерлер көбінесе сатып алулар, жер қатынастары, құрылыс салаларындағы салық органдарының әрекеттері мен шешімдеріне, сондай-ақ монополистердің әрекеттеріне шағымданады. Аталған барлық түйткілді мәселелерді омбудсмен тікелей өңір басшылығы мен прокуратураға жеткізді.

«Павлодар облысы әрдайым экономиканың драйвері саналатын ірі индустриялды орталық ретінде танылып келеді. Мұнда кәсіпкерлік рухы мықты. Облыстың әлеуетін тиімді пайдалану үшін негізгі түйткілді мәселелерді бірлесе отырып қарау үшін бизнес-қауымдастықтың күшін біріктіруіміз қажет. Біздің міндетіміз – жаңа кәсіпорындар ашу мен жұмыс орындарын құруда бизнеске көмектесу. Біз жобаларды жан-жақты сүйемелдеуіміз қажет», – деп атап өтті Болат Палымбетов.

Сонымен бірге Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі өкіл қатысушылардың назарын сапарындағы басты мақсаты –  бизнесмендермен кездесу екендігіне аударып, кез-келген сұраққа жауап беруге дайын екенін жеткізді.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлерді өңірдің бизнес-климатын жақсарту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарға белсенді қатысуға шақырды.

«Сіздердің әрбір сұрақтарыңыз, шағымдарыңыз немесе ұсыныстарыңыз назардан тыс қалмайды. Олар егжей-тегжейлі қаралып, талқыланып, бақылауға алынады. Әр ұсыныс жүзеге асырылады», – деді Палымбетов.

Кездесуге барлығы 70-тей кәсіпкер қатысып, оның 17-сі омбудсменнің жеке қабылдауына кірді. Айта кетерлігі, сұрақтардың басым бөлігі сатып алуларға, жер қатынастарына қатысты болды. Бизнесмендер мемлекеттік органдардың сот шешімін орындау мерзімін созып жүріп алатындықтарына да шағым айтты.

Омбудсменнің айтуынша, келіп түскен шағымдардың 90%-дан астамын жергілікті жерлерде шешуге болады. Бұл тұста «Кәсіпкерлік туралы» заңға енгізілген түзетулер көмекке келмек. Жаңашылдық бизнесмендерді қорғаудың жаңа шараларын жасап, атқарушы билік органдарына деген сенімді аттыруға септігін тигізбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер