astana-view

Ірі және орта кәсіпорындардың жұмысшылары мемлекеттік қызметкерлерге қарағанда жиі жұмыссыз қалады

2016 жылғы 13 Шілде
20167 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Жиынтық талдау департаменті қазақстандық еңбек нарығына шолу жасады

ҚР Статистика комитетінің деректері бойынша, 2016 жылдың І маусымы елдің ірі және орта кәсіпорындарындағы әлеуетті жұмысшылардың жұмыспен қамтылу, сонымен бірге бар жұмыс орындарының сақталу деңгейінің төмендеуімен ерекшеленді.

Егер ірі және орта  кәсіпорындардағы жұмыс күшінің динамикасын алып қарасақ, еңбек ресурстарын қабылдау және шығарудың айтарлықтай бәсеңдеуі байқалады. Мәселен, 2012 жылы жұмысқа 300 мыңға тарта адам қабылданса, 2016 жылдың І маусым қорытындысы бойынша 154 мың адам қабылданған.

Сонымен бірге, 2015 жылы басталған  мына бір үрдісті байқауға болады: азайған жұмыс күшінің саны жұмысқа қабылданғандар санынан көп болуы. Ал 2016 жылғы І маусымда бұл көрсеткіштер арасындағы айырмашылық 38 725 адамға тең болған. 

Айтарлықтай теріс үрдіс ретінде қысқартулар немесе бизнес жұмысының тоқтауы себебінен ірі және орта кәсіпорындардан жұмыс күшінің азаю мөлшерінің артуын айтуға болады.  Егер 2012-2015 жылдары аралығында осы себептермен кеткендердің ең көп саны 8 мың адам болса, 2016 жылдың алғашқы маусымында 11 469 адам кеткен. Анағұрлым көп қысқартулар ақпарат және байланыс саласында (4 719 адам), өндірісте (1 316 адам) және мемлекеттік басқару саласында (1 312) байқалады.

Өңірлік деңгейде 2016 жылдың І маусымында жұмыс күші қозғалысының сальдосы (жұмысқа қабылданғандар-жұмыстан кеткендер) Атырау және Маңғыстау облыстарын қоспағанда, барлық салаларда дерлік теріс көрсеткішке ие. Жұмыс күшінің қозғалысы сальдосындағы «көшбасшы» Алматы қаласы болып саналады. Сонымен бірге Алматы, Қарағанды облыстарында, Астана қаласы, ШҚО мен ОҚО ірі және орта кәсіпорындарында қызметкерлер саны азайған.

Экономика салалары бойынша да қабылданғандар саны жұмыстан кеткендер санынан аз екендігі байқалады (17 негізгі саланың 13-де). Жұмысшылар қозғалысы сальдосының теріс көрсеткіші сауда, өңдеу өнеркәсібінде, құрылыс, сонымен бірге мемлекеттік басқару  салаларында тіркелген.

Жұмысқа қабылдаудың артуы денсаулық сақтау және білім беру секілді көбінесе мемлекеттік секторға жататын салаларда байқалған, бұл мемлекеттің экономикаға қатысуының арту факторларының бірі.

        


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер