Алтын сапа: Елбасы сыйлығына арқау болған еңбек
Қазақстанның құбыр өткізуге арналған арматура зауыты, еліміздегі көптеген іргелі өндіріс орындарымен өнімді байланыс орнатқан
Алматы қаласындағы аталған «Қазақстандық құбыр өткізу арматурасы зауыты» ЖШС мұнай өндірісі, магистральдық жылу желілерін жаңғырту салаларында бірқатар тұрақты тапсырыс беруші тараптармен жемісті ынтымақтастықта жұмыс істеуде.
Сондықтан былтыр кейіпкер компания ұжымының шағын кәсіпкерлік субъектісі бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» санатында «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атануы заңдылық екені анық.
«Компаниямыздың негізі 2010 жылы қаланған. Осы орайда индустрияның жылу мен су және энергетика бағыттарына, газбен жабдықтау, мұнай-газ өндіру, оны тасымалдау жүйелеріне, сәйкес қосымша қызмет нысандарына ілмекті, құбыр өткізу арматураларын шығару мен жеткізуде отандық өндіруші саналатынымызды мақтан тұтамыз. Нәтижесінде, 2015 жылы, Қазақстан Республикасы Президентінің мерейтойлық тартуына лайықты танылдық», - деп әңгімелеген «Қазақстандық құбыр өткізу арматурасы зауыты» ЖШС бас директоры Ринат Құсайынов зауыт рұқсат беру құжаттарының толық көлеміне ие екенін жеткізді.
Бүгінде сапаның мінсіз биігінен көрінген компания әрі қарай да нарықты жоғары сенімділіктегі арматура өнімдерімен қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Биыл да салтанатты түрде шымылдығын түретін «Алтын сапа» байқауының мақсаты үздік отандық тауар өндірушілерді тауарлар мен қызметтер сапасы саласындағы айтарлықтай нәтижелерге жеткені, сонымен қатар ұйымның халықаралық сапа стандарттарын енгізгені үшін қолдау мен ынталандыруда жатқанын атап өту керек. Сыйлықты алуға ҚР аумағында, мемлекеттің қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдардан басқа, тауарлар шығарумен, қызметтер көрсетумен айналысатын (қару-жарақ және әскери техника өндірісін қоспағанда) жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үміткер бола алады.
Байқауға қатысушылар саны жыл өткен сайын өсіп келеді. 2006 жылы «Алтын сапа» сыйлығы байқауына қатысушы саны 52 болса, 2015 жылы 153 кәсіпорын болды.
Алдаберген КЕМПІРБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: