astana-view

Әр үйге – отандық экологиялық таза жеміс

2016 жылғы 25 Шілде
11757 просмотров

Шымкенттік фермер қазақстандықтарға алма мен жүзімді арзан бағамен жәшіктеп сатуға уәде берді

«Аманкелді» ЖШС агроөнеркәсіптік корпорациясының құрылтайшысы Нұрлан Құралов жүзім өсірумен, бау-бақшамен айналысады. 160 га жерге жүзім, 500 га жерге алма ағашын еккен. Онда алхоры, алмұрт және т.б. жемістер өсіріп жатыр.

«Қазіргі кезде жеміс мол. Алатын өнім мөлшері артып жатыр. Астанада арзан бағамен осы өнімді сатқымыз келеді. Фермерлік табиғи таза жемістерді жеткізгіміз келеді. Біздің артықшылығымыз – өнім бүгін бау-бақшадан жиналса, ертесі бірден сөреге түседі», – дейді ол. 

«Атамекен» ҚР ҰКП көмегімен кәсіпкер бірнеше гипермаркетпен келісімге келді. Оларға жеміс жеткізіп беріп отырады. Бірақ олардың салып отырған маржасы тым жоғары боп тұр. Соның кесірінен бағасы шарықтап кетіп жатыр. Мысалы, чили жүзімі 1200 теңге тұрады, шымкенттікі де сондай бағада. Ал, отандық жүзімнің бастапқы бағасы әлдеқайда төмен. Сапасы жақсы. Қанша дегенмен өз жерімізде өскен өнім. Бірақ еш жерде бұл отандық жүзім екендігі айтылмайды. Тұтынушыға ескертпе жасалмайды. Бүгінгі таңда ҰКП сауда тораптарымен келісіп, әр супермаркетте отандық өнімнің сөресін бөлек қойсын деген ұсынысты енгізгелі жатыр. 

«Өткізу нарығын кеңейткіміз келеді. Барлық қазақстандық үшін қолжетімді болғанды қалаймыз. Жұрттың бәрі қазір гипермаркеттерден сауда жасайды. Біздің мақсат – жыл он екі ай тұтынушыға экологиялық таза өнім ұсыну. Арзан бағамен. Ол үшін барлық шарт жасалған. 2 мың тонналық тоңазытқыштар тура бақшаның басында орнатылды», – дейді фермер.

Кәсіпкердің ойынша, әр қазақстандықтың дастарханында отандық жемістер болуы керек. «Әр үйге біздің өнімді жеткізіп беруді мақсат етіп жатырмыз. Бір жәшік алма, бір жәшік жүзім алса, жеткізіп беруі тегін. Бұл бір отбасыға бір айға жетеді», – деп отыр ол. Фермердің байланыс жайларын мына сайттан табуға болады: aman-eco.satu.kz, жақын арада оның өнімдері «Аман экопродукт» брендімен әлеуметтік желілерде таралатын болады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер