astana-view

ҰКП сатып алуларды назарында ұстайды

2016 жылғы 28 Шілде
9919 просмотров

«Атамекенде» сатып алулардағы жергілікті құрамды арттыру мәселелері бойынша құрылған жұмыс комиссиясының қызметі жөнінде видеоселектор форматындағы кеңейтілген отырыс өтті

Кеңейтілген отырысқа сатып алуларға жетекшілік ететін ҚР ҰКП-ның, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның, өңірлік Кәсіпкерлер палаталары мен бизнес-қауымдастықтың жауапты тұлғалары және арнайы құрылған өңірлік комиссиялардың құрамына енген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның барлық өңірлік еншілес және тәуелді ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында сатып алу рәсімдері мен жұмыс комиссиясының өзекті мәселелері қаралып, ҚР ҰКП-ның құрылған жұмыс комиссияларының қызметін мониторингілеу және қызмет процесіне автоматтандыруды енгізу туралы ұсыныстары талқыланды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов ҚР ҰКП-ның ақпараттық жүйесін (ҚР ҰКП-ның ішкі құралы) таныстырды. Ол құрылған жұмыс комиссияларының қызмет процесін автоматтандыруға көмектесіп, Қазақстан Республикасында өткізілетін сатып алуларды мониторингілеу жүйесін құруға ықпал етеді.

«Біз қазір «Электронды сауда орталығымен» келіссөздер жүргізудеміз, өткізілген және жоспарланған барлық сатып алулар туралы ақпараттарды онлайн-тәртіпте алып тұруға келіскенбіз. «Самұрық-Қазына Келісімшартпен» де сөйлесіп үлгердік, негізінде түсіністік бар. Сондай-ақ NADLOC-пен де келіссөздер жүргізудеміз», – деді Елдос Рамазанов.

ҰКП төрағасының орынбасары Палата енгізіп жатқан Бизнес-реестр ақпарттық порталы туралы айтып берді. Порталда мемлекеттік сатып алулар, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары сияқты сатып алулардың барлық бағыттары туралы ақпараттардың барлығы енгізілетіндіктен, ол барлық кәсіпкерлерге «бір терезе» форматында барлық өзекті ақпараттарды алуға көмектеседі, сондай-ақ бизнестің В2В форматындағы қарым-қатынасын құруға мүмкіндік береді.

«Бизнес-реестр бір ай бұрын сынама тәртіпте іске қосылды. Бүгінгі таңда жүйеге 4260-тай әлеуетті отандық тауар өндірушілер тіркелді. Сайт 26 мың рет қаралған. 500-ден астам заңды тұлға сайтты белсенді түрде пайдаланады, жеке кабинеттері бар», – деді Рамазанов.

Одан бөлек, кеңейтілген отырыста ҚР ҰКП-ның тәуелсіз салалық сарапшылар институтын енгізу мәселесі сөз болды. Олар техникалық ерекшеліктер мен тапсырмалар әзірлесіп, бекітілгенге дейін қатысады. Қазіргі таңда ҚР ҰКП-ның тәуелсіз салалық сарапшыларының пулын құру жүргізілуде (қазірше 6 сала бойынша 32 сарапшы анықталды). Айта кетерлігі, техникалық ерекшеліктер мен тапсырмаларды салалық сараптау туралы талап «Самұрық-Қазына» ӘАҚ АҚ-ның жаңа сатып алулар стандарттарында бекітілген.

Өз кезегінде, «Самұрық-Қазына Келісімшарт» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ компаниясының сатып алуларына қатысу үшін жеткізушілерді біліктілігі бойынша қосымша іріктеу рәсімінің іске қосылғанын айтты. Ол Қордың бұдан ары қарайғы сатып алуларына біліктілігі бойынша қосымша іріктеуден өткен білікті әлеуетті жеткізушілер жіберілетінін атап өтті. Ал процестің ашықтығын арттыру үшін, біліктілігі бойынша қосымша іріктеу рәсімінің бір бөлігі ретіндегі техникалық аудиттер мүмкіндігінше «Атамекен» ҰКП өкілдерін тарта отырып, халықаралық аудиторлар мен тапсырыс берушілердің қатысуымен жеткізушінің тікелей өндірістік алаңында өткізілмек.

«Қазір біз отандық кәсіпкерлерді аталған рәсімнен өтуге және өндіретін тауарларының, жұмыстарының, көрсетілетін қызметтерінің сапасын  растауға белсенді түрде қатысуға шақырудамыз. Айта кетерлігі, біліктілігі бойынша қосымша іріктеу әдістемесі «Атамекен» ҰКП мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің тікелей қатысуымен әзірленді. Одан бөлек, біліктілігі бойынша қосымша іріктеу процесінде ҰКП-ның индустриалды сертификатының бар-жоғын тексеруді қарастыру жоспарлануда, ол ҚР отандық кәсіпорындарының дамуын егжей-тегжейлі мониторингілеуге ықпал етеді», – деді Серікбек Елшібеков.

Сондай-ақ кездесуде «Самұрық-Қазынада» 2014-2022 жылдарға арналған өндірістерді жаңғырту мен жаңа өндірістер құруға ықпал ету бағдарламасы бар екендігі айтылды. Бұл бағдарламаны жүзеге асырудағы мақсат – «Самұрық-Қазына» компаниясының сатып алуларындағы импортты қысқарту.

Елшібеков «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алуларындағы маркетинг» порталының жұмысы туралы айтып берді. Ол тапсырыс беушілерге ғана емес, кәсіпкерлерге де қолайлы болуы үшін әзірленген.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың желтоқсан айында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойған еді.

Қазақстан Республикасының әр өңірінде мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сатып алулар саласындағы отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі бойынша жұмыс комиссиялары құрылды.

2016 жылдың 19 мамыры күні «Самұрық-Қазынаның» 8 ірі еншілес ұйымдарымен («Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ; «Қазатомпром» ҰАК» АҚ; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ; «KEGOC» АҚ; «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ; «Қазақтелеком» АҚ; «Тау-Кен Самұрық» АҚ; «Самұрық-Энерго» АҚ) қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойылған еді. Олардың сатып алулар үлесі «Самұрық-Қазынаның» жалпы сатып алулар үлесінің 93,7%-на тең. Сонымен қатар, 2016 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компанияларының жалпы сатып алулар көлемі 3 196 млрд теңге болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер