astana-view

Ұлттық жобаға отандық жиһаз жасаушылар тартылады

2016 жылғы 01 Тамыз
10213 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атсалысуының арқасында Астанадағы жаңа вокзалды қазақстандық жиһазбен жабдықтау мәселесі шешімін тапты

Елордадағы құрылысы жүріп жатқан темір жол вокзалының аумағында отандық жиһаз шығарушылардың жобаға қатысуы мәселесіне қатысты жұмыс комиссиясының екінші отырысы өтті.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сатып алулар және жергілікті құрам департаментінің директоры Руслан Молдағайыпов атап өткендей, ҰКП алаңында бірнеше жиналыстар өтіп, онда қазақстандық өндірушілердің жаңа темір жол вокзалын, EXPO-2017 мен Универсиаданың нысандарын салу сияқты ұлттық жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланған. Аталған шаралардың нәтижесінде осы жылдың шілде айының басында вокзал құрылысының бас мердігері «Sembol» компаниясы мен Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсіптері қауымдастығы арасында әріптестік туралы келісім жасалып, жұмыс комиссиясы құрылды.

Отырыста тапсырыс беруші, яғни «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ірі жобалар дирекциясы Қазақстан жиһаз қауымдастығының таныстырылымын тыңдады. Техникалық ерекшеліктер, жиһазға қойылатын талаптар, шарттар талқыланды.

Аталған кезеңде тапсырыс сомасы жарияланбады, алайда, Ірі жобалар дирекциясының бас инженері Игоря Гайдуктың айтуынша, бюджет шектеулі. Қазіргі таңда тапсырыс беруші ұсыныстарды қарап жатыр.

Осы аралықта «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ірі жобалар дирекциясы нарықты зерттеп, қазақстандық өндірушілердің бағасы шетелдіктерге қарағанда біршама арзан деген қорытындыға келді.

«Біздің кәсіпорындарымыз жиһаз өнімдерін тікелей жеткізе алатын консорциумға біріккен.  Одан бөлек, отандық компанияларды тарту үшін вокзал маңындағы аумақты көгалдандыру мәселесін де қараудамыз», – деп атап өтті Молдағайыпов.

Жиһаз қауымдастығының ресми өкілі Қанат Ыбраев отандық өндірушілер мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ компанияларымен келіссөздер жүргізуге себепші болған Ұлттық палатаға алғысын білдірді. «Шындығын айту керек, қызылкеңірдек болып айтыстық, алайда олар біздің дәлелдерімізді қабылдады. Келіссөздер барысында бас мердігерге ондаған кәсіпорындармен жұмыс істеген қиындау тиеді деген пікірге келдік, сондықтан Қауымдастықта жиһаз кәсіпорындарының консорциумын құру туралы шешім қабылданды. Консорциумға Астана, Алматы, Орал, Қарағанды, Павлодардың жиһаз кәсіпорындары кірді, яғни қамтитын аумағы өте үлкен. Бұл Елбасы айтып жүрген шағын және орта бизнеске көрсетілген көмек», – деп атап өтті ол.

Ыбраев бұл нысанда жұмыс істеу үшін қаражаттың соншалықты маңызды жайт емес екенін де айтып өтті. «Бұл – ұлттық жоба, елордамыздың қақпасы. Мұндай ғимараттарды 50-100 жылда бір рет салынады. Біздің кәсіпорындарымыз үшін бұл жобаға қатысу – зор мәртебе!», – деп мәлімдеді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер