astana-view

Канададан жидектің «көк түрін» әкелді

2016 жылғы 01 Тамыз
19273 просмотров

«Болашақ» түлегі тек таңқурай мен құлпынай өсіріп қана қоймай, қазақ жерінде аса көп таралмаған жидек сұрпымен айналыспақшы

«Algabas Agri-Food» компаниясының директоры Нұрлан Апушев тәжірибесі мол кәсіпкер ғана емес, білікті маман. Ол Канадада «Болашақ» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығы экономикасы» мамандығын оқып келді. Жидек өсіріп-сатумен шұғылданғанына алтыншы жыл. Рalata.kz сайтына берген сұхбатында Апушев «көк жидек» деп аталатын бұл жидекті өсірудің қандай пайдасы барын және отандық өнімнің импорттан неліктен арзан болатындығын  әңгімеледі.

– Өз бизнесіңіз жайлы айта отырсаңыз. Неден бастадыңыз?

– Мен сауданы егілген мүк жидегінен бастадым. Әртүрлі елдерге – Ресейге, Еуропаға,  аздап Азия мен Таяу Шығысқа экспортқа шығардым. Шамамен 23 тонналап контейнермен жеткіздім.

2014 жылы Қазақстанда «Algabas Agri-Food» компаниясын тіркедім. Өткен жылдың шілдесінде қызметімізді жандандыра бастадық. Мұнда бір контейнер мүк жидек әкелдім, келе-келе басқа позициялар қоса түстім. Қазір HoReCa секторына мұздатылған жидектің 11 түрін жеткіземіз.

Уақыт өте келе жидек өсіру жайлы ойлана бастадым. Енді бұл 11 позицияны жергілікті жидекпен ауыстырмақшымын. Сөрелерде қазақстандық өнімдер тұрса деген тілегім бар. 2016 жылдың қаңтарында серіктесіммен бірге көк жидектің Оңтүстік Америкада қалай өсетінін көру үшін  бардық. Экспорт үшін зор әлуеті бар дақыл екен. Қазақстанға америкалық селекцияның 15 сұрпын әкелдік, қазір сынау үстіндеміз. Сонымен қатар ырғайдың 9 сұрпын, таңқурайдың 2 түрін әкелдік.

Қазір Астанадан 60 шақырым жердегі Дамса кентінде бір гектар егістікте  құлпынай өседі. Қалалықтар отбасымен бірге егіс басына келіп жинайды. Батыста бұл көпшілікке кең таралған әдіс, мұндай фермалар «Pick your on» – «Өз қолыңмен жина» деп аталады. Көбіне құлпынай Астанаға оңтүстіктен жетеді. Ал құлпынайдың сақталу мерзімі – 5 күн. Оны тасымалдасаң, кемінде 3 күн өтіп кетеді. Яғни бәсекеге қабілетті емес. Ал бізге келетін адамдар иісі бұрқыраған, жаңадан үзілген құлпынай тереді. Оның үстіне пестицид қолданбаймыз. Балаға не берсек, соны өзіміз өсіреміз. Әрине, зиянкестерге бола туындайтын түйткілдер бар, бірақ оларды химияның көмегінсіз шешуге тырысамыз.

– Facebook-тағы постыңыздың астына көп пікір жазылды. Сіздің өніміңізге деген сұранысқа осының әсері болды ма?!

– Иә, 5 мыңнан астам лайк  басылды. Телефон шалушылар өте көп болды. Қазір 133 отбасы құлпынай жинау үшін кезекке тұрды.

Мен қиыншылықтар жайлы жаздым, шынында ондай өте көп болды. Көшеттерді Еуропадан ұшақпен әкелдік, кедендік, карантиндік қызмет және т.б. бойынша кедергілер болды. Сонан оларды отырғызу, адам ресурстары... Мұның барлығынан өттік, қазір өнім жинаудамыз. Қыркүйектің соңына дейін, алғашқы салқын түскенше  жидек болады. Қазіргі кезде 1 га егіс бар, әрине, бұл аз. Тағы 5 га кеңеймекшіміз, онда да құлпынай мен таңқурай екпекпіз. 

– Құлпынайдың көшеттерін неге Еуропадан әкелдіңіз? Бізде де бар емес пе?

– Бізгі керегі өнімділігі, бірнеше рет өнім беретін сұрыптар бар.  Қазір көк жидекке мән берудеміз, өйткені бұл жидектің келешегі бар. Шын мәнісінде Қазақстанда жаңа индустрия бастамақпыз. Мұнда зор экономикалық әлеует сезіледі. Дәмі де өзгеше, пайдасы да шаш-етектен. Көк жидектің өндірістік плантациясын салу үшін кемінде 50 га құнары сай топырақты жер іздеудеміз.

– Пайдасы неден?

– Көк жидектің әр килограмы қазір шамамен 40 доллар. Бұл баға тым қымбат. Мұндайды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Қалың бұқараның қолы жетуі үшін, дәмін татуы үшін әр килограмын 5 долларға түсіру керек.  Яғни бағаны 8 есе азайту керек.

– Бұл қолдан келе ме?

– Иә. Егер көп көлемде салсақ, қолдан келеді. Қазірдің өзінде әр  килограмын 1000 теңгеден сатудамыз, ал «GalMartта» сұрыпты құлпынайдың әр килограмы  9 мың  теңгеден.  Бұл ірі жидек, американдық  селекция. Әдетте жидектің не дәмі, не көз тартарлығы болады ғой. Ал бұл жидек әрі тәтті, әрі көздің жауын алады. ГМО да емес.

– Әдетте адамдар мұндай ірі жидекті алуға қорқады ғой, дәмі пластмасса татиды деп ойлайды.

– Бізге келген адамдар дән риза. Оның үстіне табиғат аясында демалады, таза ауа жұтады.

– Сонымен көкжидекке көбірек көңіл бөлесіз ғой?

– Құлпынай және таңқурай, ең алдымен, тез өсіп-өнеді, салған қаржың қайтарымды. Ал көк жидек – ауқымды және ұзақмерзімді жоба. 3-4 жылда ғана өнім бере бастайды. 4 жылдан соң келетін нәтижені күтіп отыра бермей, таңқурай мен құлпынайдан бастап кеттік.

– Түсінікті. Сұхбатыңызға көп рахмет! Табыс тілейміз!  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер