astana-view

Тау-кен және металлургия кешені кәсіпорындары дағдарыстан тың шыға алады

2016 жылғы 02 Тамыз
11620 просмотров

Бұл үшін олар сақтандыру жүйесіндегі артық тарифтерді азайтуы, жарғылық капиталын толтыруы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша тиімді медиация жүргізуі қажет

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің кезекті отырысында өндірісте жүрген жұмысшыларды жазатайым жағдайлардан сақтандыру, сондай-ақ денсаулығына байланысты экологиялық төлемдерді реттеу мәселесі бойынша сұрақтар мен жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар талқыланды.

Әсіресе, сақтандыру жүйесін талқылау барысы қатысушылар арасында үлкен пікірталас тудырды. 2015 жылы «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңына өзгертулер енгізілген болатын. Енді, жұмыскер кәсіптік жұмысқа қабілетін 5%-дан 29%-ға дейін жоғалтқан жағдайда шығынын өтеу жұмыс берушіге міндеттелсе, 30%-дан 100% аралығында – сақтандырушы өтейді. Сондай-ақ, бұрындары болған, әкімшілік басқару, өндірістік және көмек көрсету сынды қызметкерлер санатына бөлу алынып тасталды. Енді, кәсіби тәуекел санатына (КТС) қарай бірыңғай тариф енгізілген. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Бибігүл Малғаждарова атап өткендей, осы өзгерістерден кейін тау-кен металлургия өндірісі кешенінің сақтандыруға және төлемге кететін шығындары көбейген.

«Сақтандыру компанияларына төлемдер төлеумен, сонымен қатар, зардап шекендердің 90%-на өз бетінше өтемақы өтеумен жұмыс берушінің шығындары көбейді. Яғни, жұмыс берушіге еке есе жауапкершілік жүктеліп отыр», – деді спикер.

Осы жағдайға байланысты, сақтандыру тарифінің мөлшерін азайту, сондай-ақ сақтандыру сыйақыларын есептеу кезінде қызметкерлердің барлық санаттарына арналған  бірыңғай тарифті алып тастау жағын қарастыру керектігі ұсынылды. Сонымен қатар, келтірілген зиянды өтеу және қызметкерге сақтандыру компаниясы немесе тікелей жұмыс берушi арқылы өтемақы алу құқығын беру барысында жұмысқа жарамсыздық дәрежесінің төменгі шегін арттыру ұсынылып отыр. «Бұл тығырықтан шығудың бірден бір жолы – ірі кәсіпорындарда зардап шеккендерге өтемақы төлеуге қаржы бөліп отыратын резервті қор құру керек», – деді ТМК сарапшысы.

ТМК өкілдері 2015 жылдың көктемінде заңға енгізілген өзгерістер, өнеркәсіптің жұмысына біраз салмақ салғанын айтып шағымданды. Сонымен қатар, компания мүгедектерге арналған арнайы арбалар сатып алу, зардап шеккендерге белгілі бір сомада өтемақы төлеу сынды әлеуметтік жәрдемақы шығындарын өтеп келеді. Осыған байланысты комапаниялар да резервті қор құру идеясын қолдап отыр.

«Біз бұл қаражаттың иелері болып қала береміз. Егер құзыретті органдар бақылауға алуды міндеттесе, әрбір тиынын есептеп беруге дайынбыз. Бизнес беделін сақтап қалу үшін мүдделі», – деді өнеркәсіп өкілдері.

«Біз өнеркәсіпте зардап шеккен жұмыскерлердің құқықтарына нұқсан келтіргіміз келмейді. Олардың көбісі ұжымға қайтып оралып жатады. Егер де сақтандырушы компания өтемақы төлемесе, барлық мәселені өз компаниясынан іздейді», – деп ТМКҚ атқарушы директоры Николай Радостовец өз ойын білдірді. Бұл жерде сауалдың моральдық-этикалық тұсын ескеріп, жастардың тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін де атап кетті.

«Kompetenz» сақтандыру компаниясының кеңесшісі Нұржан Әлмұхамбетов, зардап шеккен жағдайда жұмысқа жарамсыздықтың 5%-дан 29% аралығында төленетін өтемақыны алып тастап, оның орнына ем қабылдауға төленетін ақыны қалдыру бастамасын қолдап отыр. Оның ойынша, 30% зардап шегу мүгедектікке алып келеді, ал одан төменгі көрсеткіш кезінде жұмыскер денсаулығын қалпына келтіріп, жұмысын жалғастыра алады. Ол біздегі жағдайды шетелдермен салыстырып өтті. Мысалы, Ресейде жұмысқа жарамсыздық дәрежесінің төменгі шегі біздегідей 5% емес, 11%, ал Скандинавия елдерінде бұл көрсеткіш 17% екенін айтты.

«Жарақаттар мен кәсіби аурулардың өзін жіктеп қарастыруды ұсынамын», – деді сақтандыру компаниясының өкілі. «Кәсіби аурулар сақтандырылатын жағдайға жатпаса да, сақтандырылып отыр. Себебі, бұл жазатайым жағдайға жатпайды. Осылайша, бұл жүйені барлығына тиімсіз етіп жасап қойды», – деді ол.

Комиетет қарастырған екінші мәселе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгерістер енгізу болды. Белгілі болғандай, Қазақстанда жер қойнауы Кодексін талқылау 2017 жылдың  ІІІ тоқсанына шегерілді. Бірақ, кеншілер тез арада шешімін табу керек мәселелердің тұрғанын айтады. Сол себепті, ҰКП тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитеті өнеркәсіп орындарының жарғылық капиталын өсіру рәсімін жеңілдету мақсатында қазіргі заңнамаға бірқатар өзгертулер енгізу туралы ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл нормаларды жаңа Кодекстің жобасына енгізіп те қойған. Бірақ қазір өтімділіктің жетіспеушілігінен қазақстандық жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар қаражат жинай алмай отыр. Бұл жағдай, өз кезегінде, инвестиция тартуға кедергі келтіруде.

«Біздің бастамаларымыз мемлекеттің жер қойнауын пайдаланушылардың алдына қойған міндеттерінен шығады», – деді «Еуразиялық топ» ЖШС төрағасының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Татьяна Макиенко. – Бұл жұмыс орындарын сақтау мен әлеуметтік жауапкершілікті орындау. Қазіргі дағдарыс кезеңі қанша қиын болғанымен, біз жұмыс орындарын қысқартып жатқан жоқпыз. Жол салуға және басқа да жобаларды жүзеге асыру үшін ақша бөлуді жалғастырып келеміз».

Сондай-ақ, компания өкілі кәсіпорындарында өтімділіктің жетіспеушілігін айта отырып, әкімшілік кедергілерді азайту керектігін басты назарға қойды. Инвестицияларды ынталандыру үшін, тау-кен компанияларының базалық тізімін кеңейту керектігін ұсынып отыр. Егер акциялар бір адамның қолында болса немесе акционерлер құрамы өзгермесе, құзыретті органның рұқсатын алмай-ақ акционерлер, инвесторлар кедергісіз салымдар салып,  қосымша акциялар сатып алады.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану кепілдігі үшін құзыреттi органның рұқсатын алу құқығын заңнан алып тастауды және кепілдікке алынған несиені түгелімен пайдалану ұсынылды.

«Жаңа Кодекстің оңтайлы құралының бірі – ұстап тұру дәрежесі. Қазіргі қолданыстағы заңда сақтау баламасы бар. Егер біз консервациялауды сұрай алатын критериилерді анық сипаттайтын болсақ, онда Кодекс енгізілгенге дейін, өтімсіз өнімі бар тау-кен кәсіпорындарын заңды түрде сақтауға рұқсат алуына жол ашамыз.

Сондай-ақ комитет отырысында экономикалық сараптама келісімі жобасының күшiн жою және қосымша ҒЗТКЖ қаржыландыруы бойынша есептеу базасының міндеттемелерін өзгерту туралы шешімге келді.

«Кәсіп 2018 жылға дейін Кодекске жаңа енгізулерді күте алмайды. Заңды оңтайландыру өзгерісі биылғы жылы қабылданып, 2017 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа ену керек. Аталған түзетулер инвестициялық климатты жақсартып, әкімшілік кедергілерді азайтады және жер қойнауын пайдалану саласындағы жұмыс барысын жеңілдетеді», – деп комитет отырысының түсіндірме жазбасында келтірілген.

Сондай-ақ, кездесу барысында экологиялық айыппұл бойынша сот апелляциялық механизмін қайта қарау тақырыбы талқыланды. ҰКП мәліметінше, 2015 жылы  кәсіпорындардың сотқа дейінгі экологиялық құқық бұзушылық ісі бойынша айыппұл көлемі – 0,04%, залал келтіру есебі бойынша – 0,002% болған. Қазіргі уақытта тау-кен және металлургия өнеркәсібі экологиялық тексерудің қорытындысымен келіспеген жағдайда, ҚР Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетіне шағым түсіре алады. Содан кейін барып, сотқа жүгінеді. Сол уақытта акт тапсырылғаннан кейін күшіне еніп, орындалуы тиіс.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Евгений Больгерт акт жобасын тексеру немесе қорытынды актіге шағымдануға таңдау құқығы болуы туралы ұсынысын алға тартты. Бірінші жағдайда акт Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің ішкі бақылау қызметінде тексерілер еді. Содан кейін, тексерудің қорытынды актісі шығатын болады. Бұл соттың, Энергетика министрлігінің құрамында ҰКП өкілдері бар апелляция комиссиясының тексеруі сияқты. Актінің жүзеге асуы шағымды қарау мерзіміне дейін шегеріліп, кәсіпорын осы аралықта өзін ақтап алуға қажетті құжаттарды  дайындап үлгеретін еді. Болжам бойынша, актіні тексеру  бойынша шағымды қарау нәтижелерінің соңғы шешімін Энергетика министрлігі шығаруы мүмкін еді. Ұлттық палата өкілдерінің  ойынша, бұл механизм тәуелсіз тексеру ұстанымдарын бұзбауға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер