astana-view

Қаратөбенің суы балдай!

2016 жылғы 10 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
6755 просмотров

«ДЕМ» ауызсуын өндіріп отырған Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының кәсіпкері Сержан Әшіғалиевтің жерлестері осындай пікірде

– Барлық қаратөбеліктер сіздің өніміңізге қолдау білдіруде ме?

– Ия, аудан әкімі Асхат Шахаровтан бастап, қаратөбеліктердің барлығы іс-шараларда біздің өнімді қолданып, достарына, туыстарына, таныстарына пайдалануға кеңес беріп отыр.

– Ауыз су өндіру идеясы қалай туындады?

– Бұл идея көп жылдар бойы тек менің ғана ойымда болған жоқ. Өйткені, біздің аймақтың суы өте керемет. Ол облыста және одан тысқары өңірлерде танымал. Кеңес өкіметінің тұсында, біздің аймақта сапасы мен дәмі керемет лимонад өндіретін цех жұмыс істеген. 90-жылдардағы тоқырауды біздің цех көтере алмады. Бірақ, таза, мөлдір су сақталып қалды. Ауыз су өндіру жұмысын көбісі қайтадан қолға алғысы келді. Алайда қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан мұны жүзеге асыру мүмкін болмады. Цех салуға, қажетті жабдықтарды алуға болады, бірақ газ, жарық, жол тарту жергілікті кәсіпкерлерге қиындық тудырды. Ауылдық кәсіпкерлерді жаппай қолдау шаралары жүзеге асып жатқан кезде, инфрақұрылым қатар жасала бастаған кезде ғана маған өз идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, оған цех салып, қажетті жабдықтарға, көліктерге қол жеткізіп, газдалған және газдалмаған 0,5, 1, 1,5 және 19 литрлік су өндіріп шығара бастадым.

– Өндірісте қанша адам еңбек етеді?

– Алғашында 5 адам болатын, ал қазір 10 адамға толықты. Кәсіпті кеңейтіп, өнім санын арттыру жоспарымызда бар. Егер қазір біз күніне 3 мың бөтелке су (3 текше) шығаратын болсақ, болашақта сағатына 2 мың бөтелке су өндіретін арнайы құрылғыны сатып алуды жоспарлап отырмыз. Соған сай, жұмыскерлер саны да артпақ. Сондай-ақ біз лимонадтың сан түрлі сұрыпын шығаруды қарастырып жатырмыз. Егер ол ойымыз жүзеге асса, бізге тек жұмыскерлер ғана емес, білікті технолог мамандар да қажет болады. Маған қазірдің өзінде қызметкерлерді дайындау қажет. Сол себептен де облыс орталығынан арнайы мамандарды шақыртып отырмын.

– Өндірісті жолға қою – жарты жұмыс емес екендігі белгілі. Сондай-ақ, өнімді ұсынып, өткізу керектігі тағы бар. Осы жағынан жұмыс қалай жүріп жатыр?

– Әрине, бастапқыда қиын болды, жарнамаға көп қаражат жұмсауға тура келді. Бірақ маған сусынның өзі көмектесті, ол өзін-өзі жарнамалады десем болады. «ДЕМ» суынан дәм татқандар бірден оның бөлме температурасында тұрса да жұмсақ әрі дәмді болатынын айтты. Баршаңызға белгілі, салқындатылған судың дәмі бірдей болып келеді, ал жылы су дәмдік сапаны бірден танытады. Оған қоса біздің суымыз мөлдір, таза. Тазалаудың бірнеше түрінен өтеді: табиғи тазалау, қатты тазалау, көмірлі тазалау, озонды тазалау. Суды ұңғымадан аламыз. Осы кезеңде су табиғи құмды тазалаудан өтеді, сосын қатты механикалық тазалауда су әртүрлі қоспалардан тазартылып, мөлдір күйге түседі, көмірлі тазалау қосымша дәмдерді жояды, ал, озонды тазалау суды бүлдіретін зиянды микробтарды өлтіріп, жарамдылық мерзімін ұзартады.

– Демек, қазір сіздер өндіріп отырған су негізінен Батыс-Қазақстан облысы бойынша ғана тарап отыр ғой?..

– Олай ғана емес. Қазір жақын облыстардағы аудандардың көбімен су жеткізу бойынша келісімшарт жасастық. Мамыр айында Астанада өткен «Қазақстан кәсіпкерлерінің көрмесі-2016» байқауына қатысып, дипломмен марапатталдық. Кейбір жергілікті алыпсатарлар да біздің өнімге қызығушылық танытып отыр.

– Сіздер «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауына қатысуға өтініш бердіңіздер. Байқауға қатысу барысында не күтесіздер?

– Конкурстағы бағалаудың ең басты талабы – өнімнің сапасы екені белгілі. Біз байқауға қатысу арқылы, өніміміз сапасы жағынан ешқандай ауызсу түрлерінен кем түспейтінін, керісінше асып кететінін көрсеткіміз келеді. Әлбетте, біз байқаудың республикалық деңгейіне шығуды армандаймыз. Қандай жағдай болмасын, конкурсқа қатысу – бұл біздің фирманың, өнімнің имиджін көтеретіні анық. Біздің кәсіпорын әлі жас. Әлі талай белестерді бағындырып, жоғары деңгейге көтерілгіміз келеді. Даму үшін, өсу үшін осындай байқауларға қатысу аса маңызды.

– Ендеше, біз де сіздерге тілекшіміз және де сәттілік пен байқауда жеңіс тілейміз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер