astana-view

Заңдағы бұлыңғыр түсінікті нақтылау қажет

2016 жылғы 11 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
12044 просмотров

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңдағы «міндетін тиісті түрде орындамау» түсінігін нақтылау қажет.

Осы және өзге даулы мәселелер – заңға өзгерістер енгізуге себеп бола алады. Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің мүшелері Кеңес мүшесі Нұрлыбек Юсубәлиевтің «Кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезіндегі 2015 жыл мен 2016 жылдың 1 жартысындағы проблемаларық мәселелері» деп аталатын талдауымен танысқаннан кейін осындай шешімге келді. 

«Сот тәжірибелері талдаулары бойынша соттар көп жағдайда тауар жеткізілімі мен қызмет көрсету мерзімін аз уақытқа өткізіп (10 күн мен 30 күн аралығы)  алғаны үшін өз міндеттерін қажетті деңгейде атқармады деген желеумен  бизнес субъектілерін  жауапсыз деп айыптап жатады, – дейді Нұрлыбек Юсубәлиев. – Заңда «өз міндетін тиісті түрде орындамау» түсінігіне нақты анықтама берілмеуі себепті, бұған не болса соны жатқыза береді. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңда мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшарттың тек маңызды тұсына қатысты бұзушылықтар жасаған әлеуетті жеткізуші ғана жауапсыз деп танылуы керек. Өйткені, кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік сатып алулар бойынша жауапсыз деп танып әрі оларды қара тізімге енгізу олардың алдағы жиырма төрт ай ішінде мемлекеттік сатып алуларға жібермеуіне әкеліп соқтырады», – деді Н.Юсубәлиев.

Бұл пікір, тек бизнес-қауымдастық және адвокаттардың ғана емес, сондай-ақ, кәсіпкерлер құқығын қорғаушы сот өкілдерінің де пікірі екен. БҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының судьясы  Нәйлә Сейдахметова статистикалық деректер ұсынды. Оған сәйкес, 2015 жылы мемлекеттік сатып алуларда жауапсыз деп танылған 1 154 іс қаралса, 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында бар-жоғы 432 іс қаралып, олардың басым көпшілігі, нақтырақ айтқанда, 411 іс мемлекеттік сатып алуларда жауапсыз болып шыққан. «Біздің өңірде жауапқа тартылмаған тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер, тіпті, қалмаған сынды. Осы себепті, біздің облыста басқа өңірлердің өкілдері мемлекеттік сатып алуларға жиі қатысуда», – деді ол.

Отырыс қатысушылары аталмыш мәселенің маңызды әрі өзекті екенін қадап айтты. Себебі, кәсіпкерлердің басым көпшілігінің мемлекеттік сатып алуларға қатысуы барынша табысқа кенеліп, өндірісті дамытып, жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Егер мәселе заң жобасына өзгерістер енгізген жағдайда ғана шешілсе, онда оған тез арада өзгерістер енгізу қажет.  Кеңес мүшелері «Мемлекеттік сатып алулар» туралы Заңға өзгерістер енгізу ұсыныстарын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдайтындарына уағдаласты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер