astana-view

Әскери қызметтен – кәсіпкерлікке

2016 жылғы 18 Тамыз
- Шығыс Қазақстан облысы
11157 просмотров

Бұрынғы әскери қызметкер шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүр

Жұлдыз Шәушімова кәсіпкерлік қызметі басталғанға дейін әскери комитетте аға көмекші, №3514 әскери бөлімшеде басшы, комендант кеңсесінде хатшы, «Халық банкінде» менеджер қызметін атқарған.

Өзінің жеке кәсібін ашу идеясы 2012 жылы пайда болған. Жұлдыз пәтер сатып алып, өз күшімен жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 5 жұмыс орны бар «Радуга» азық-түлік дүкенін ашады. Дүкен иесі Павлодар және Семей қаласының тауар өндірушілерімен бірлесіп жұмыс істейді. Өзінің ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында, азық-түлік тауарларын кең ауқымда, қолжетімді бағада ұсынуымен «Радуга» дүкені Курчатов қаласының тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие.

«Жұлдыз табиғатынан ақкөңіл, қайырымды адам. Жақынына қол ұшын беруді – әрбір табысты адамның қасиетті борышы деп есептейді. Оған осы тәрбиені мешіттің имамы болған атасы берді. Сол себептен де Жұлдыз Ерсайынқызы өмірлік ұстанымын өмірде жүзеге асыруға барын салады», – деді ШҚО ӨКП Курчатов қаласы филиалының директоры Ольга Гавриляк.

«Радуга» дүкенінде әрбір зейнеткерге алған тауары үшін 5% жеңілдік қарастырылған. Жұлдыз өз бастамасымен күн сайын 20-ға жуық аз қамтылған тұрғындарға тегін нан таратады. Қала әкімімен қол қойған меморандум аясында Курчатов қаласы кәсіпкерлері қоғамдық бірлестігімен бірге жағдайы төмен отбасыларға, мүгедек балаларға, қарттарға мереке күндері азық-түлік үлестіріп, демеушілік көмек көрсетеді. Жаңа жылда «Журавушка», «Күншуақ» балабақшаларында және әскери бөлімшелердің, жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнап мерекелік сый-сияпат ұйымдастырған. Өзінің ұжымымен бірге мерекелік бағдарлама құрып, дүкен сатушыларына жаңажылдық киім кигізіп, үй-үйді аралап сыйлық таратқан.

Жұлдыз Шәушімова көрсеткен қызметінің дәрежесін жақсарту мақсатында кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысуды ойластырады. Сөйтіп, моноқалаларды дамыту бағдарламасына қатысуға өтініш білдіреді. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан тегін қызметтік қолдау көрсетіліп, бизнес-жоспар құрылды. Қазіргі таңда Жұлдыз жаңа, жеке орналасқан ғимарат тауып, кәсібін кеңейтті. Сондай-ақ алғашқы күннен бастап сыпайы қызмет көрсетуімен, төмен  баға ұсынуымен тұрғындардың көңілінен шыққан «Ласточка» деп аталатын тағы бір дүкен ашты.

Жұлдыз болашақта арзан бағада тауар ұсыну және озық сауда әдістерін пайдалану арқылы бизнесін өрістетіп, қала тұрғындарын қуантуды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер