astana-view

Жекеменшік зертханалар да табыс тапқысы келеді

2016 жылғы 19 Тамыз
8183 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жекеменшік зертханалық қызметтердің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне қолжетімділігі талқыланды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Денсаулық сақтау министрлігі мен жекеменшік зертханалар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП Қызмет көрсетулер департаментінің директоры Жанна Оспанова атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа ғимараттарда орналасқан, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, білікті мамандары бар, халықаралық аккредитацияның сертификаттарына ие, халыққа жоғары деңгейде зертханалық қызметтер көрсете алатын жекеменшік зертханалық  ұйымдар желілері айтарлықтай жақсы дамыған. Алайда, бұл салада да түйіткілді мәселелер жетерлік.

Біріншіден, жекеменшік зертханалық қызметтердің Денсаулық сақтау министрлігінің зертханалық қызмет көрсетулерді орталықтандыру бойынша өткізіп жатқан шараларға және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде көрсетілетін қызметке қолжетімділігі.

«Олимп» КДЗ» ЖШС өкілінің айтуынша, мұндай мәселелер Батыс Қазақстан, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кездеседі, онда жекеменшік зертханалар ТМККК шеңберіндегі қызмет көрсетулер нарығына ене алмай отыр. Оған қоса, жекеменшік зертханалық қызметтердің еркін кіруіне заңнаманың кейбір нормалары кедергі келтіруде екен.

Жиынға қатысушылар зертханалардың меншік түріне қарамастан көрсетілетін қызмет түрлерінің айқын өлшемдері мен көлемін бекіту туралы келісімге келді.

Мұндай өзгерістер жеке сектордың түрлі зертханалық қызмет көрсетуге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар өңірлердегі (БҚО, ОҚО және Павлодар облысы) жеке сектор үлесін талдауға кеңес берілді. Өйткені аталған өңірлерде жекеменшік зертханалық қызметтер нарыққа еркін кіре алмай отыр.

Қарағанды қаласындағы орталықтандырылған «Олимп» КДЗ» ЖШС зертханасының ұйымдастыру тәжірибесін зерттеп, оны республиканың өзге өңірлеріне тарату ұсынылды.

Зертханалық қызмет көрсетулерді өткізуге арналған ұйымдарды таңдаудағы  көмескілікке қатысты өткір мәселе қозғалды. Бүгінде қосалқы мердігерді таңдау медициналық ұйымның қалауы бойынша тендерлік рәсімдерсіз жүргізіледі. Жеке зертханалар зертханалық қызметтер көрсетуге қосалқы мердігерлерді таңдау ашық тендерлер арқылы жүргізілуін талап етуде. ҰКП бизнестің ұсынысын қолдайды және ашық тендерлер өткізуді талап етеді.

«ОЛИМП КДЗ» ЖШС өкілдері жиналысқа қатысушыларға скринингтік қызмет көрсету бойынша өз қызметтерін таныстырды. Сол арқылы жекеменшік зертханалар жұмысының артықшылығын көрсетіп, сондай-ақ жұмыс барысында кездесетін түйіткілді мәселелерді сөз етті. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкерінің айтуынша, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан аталған бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын  жұмыс тобы құрылыпты. Өкінішке қарай, бұл топқа ҰКП мен бизнес-ұйымдардың өкілдері енгізілмеген. Осыған байланысты, ҰКП-ның ұсынысы бойынша, жұмыс тобына жеке меншіктегі медициналық ұйымдардың өкілдері енгізілетін болды, қатысушылардың ұсынысары сонда қаралмақ.

Талқылауды түйіндей келе, осыған дейін жекеменшік зертханалық қызметтердің ТМККК қызметіне қолжетімділігін мемлекеттік органдардың бірнеше рет кейінге қалдырып келгені аталып өтті.

«Ақыры бүгін мәселені бірлесе отырып талқылау үшін мемлекеттік органмен бір үстел басына жайғастық. Аталған мәселелерді оңаша емес, кең ауқымда талқылауға шығару керек. Қуантарлығы, бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі бар мәселелерді елеусіз қалдырмай, ҰКП және бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып, зертханалық қызметтердің мәселелерін кеңінен қарауға дайын», – деп түйіндеді ойын Жанна Оспанова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер