astana-view

«Россельхознадзордың» кезекті «қыңырлығы»

2016 жылғы 08 Қыркүйек
8480 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында қазақстандық өнімдерді Ресей Федерациясына экспорттау мәселелері талқыланды

7 қыркүйекте «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Ресей Федерациясына фитосанитарлық және ветеринарлық қадағалауға жататын өнімді экспорттау мәселелері бойынша ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның қатысуымен, Палата Басқармасының мүшесі Дана Жүнісова төрағалығымен бизнес өкілдерімен және өңірлермен жұмыс мәжілісі өтті. 

Баршаға мәлім, ресейлік тарап 2016 жылдың 13 мамырынан бастап, Ақтөбе облысында малдың пастереллезі ауруының тарауы салдарынан ветеринарлық қадағалауға (бақылауға) жататын шығу тегі қазақстандық өнімді  енгізуге/ РФ аумағы арқылы алып өтуге уақытша шектеулер енгізген болатын.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша, биылғы жылдың 2 қыркүйегінен бастап пастереллез бойынша эпизоотикалық ахуалға қатысты шектеулер алынып тасталды.

Алайда, «Россельхознадзордың» 2016 жылғы 2 қыркүйектегі хатына сәйкес, ҚР Атырау облысы аумағында нодулярлық дерматит (НД) ошақтарының тіркелуіне байланысты, аталған ауруға бейім жануарлар мен олардан алынатын өнімдерді енгізу кезінде қауіпсіздікті сақтаудың қосымша шаралары ретінде уақытша шектеулер сақталмақ.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі 2016 жылдың 5 қыркүйегінен бастап, 2 ай бойы, Қазақстаннан Ресейге өткізілетін ірі қара мал мен одан алынатын өнімдер бұған дейін ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалауға жататын  қазақстандық өнімдерге бекітілген Ескерту қабылдау пункттеріне (ЕҚП) жолдануы тиіс деп мәлімдеді. ЕҚП-ға енгізілетін өнімдерден ресейлік өкілетті орган мамандары қауіпсіздікке сынамалар алатын болады. Құжаттамалық және физикалық бақылау оң нәтиже көрсеткен жағдайда, ветеринарлық сертификаттың сыртқы бетіне «жүк қаралды» деген мөртабан қойылады. Теріс нәтиже және өнім кері қайтарылған жағдайда «өнімді  шығаруға тыйым салынады» деген мөртабан қойылатын болады.

Мәжіліс барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ресейлік тарап талап ететін, шаруашылықта эпизоотикалық саулық клиникалық белгілерінің жоқтығы, НД-ға қарсы вакцинациялар жүргізілмегені және тиісті зертханалық зерттеулер жүргізілгені туралы мәліметтерді бейнелейтін қолданыстағы ветеринарлық сертификатқа қосымша ретінде кәсіпкерлерге түсіндірмелер берді.  

Сонымен бірге, вице-министр Г.Исаева кәсіпкерлерді талап етілетін форма бойынша осындай ақпаратты ұсынуда еш қиындықтар жоқ екеніне сендірді.

Қажетті зертханалық зерттеулер, дәлірек айтқанда иммунодиффузия реакциясы (ИДР) көмегімен НД диагностикасын ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринарлық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын 204 облыстық, аудандық және аймақтық филиалдары арқылы тегін негізде жүзеге асыратын болады.

Басқарма Төрағасының орынбасары Д.Жүнісова, өз кезегінде, кәсіпкерлердің назарын бұл шараның уақытша екеніне, сондай-ақ, белгіленген кезеңде ресейлік ЕҚП арқылы өтудің дұрыстығына аударды, себебі ресейлік тарап қойған талаптарды бір немесе бірнеше тасымалдаушылардың сақтамауы мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін жеткізушілерідң барлығына сенімсіздік ұялатары сөзсіз.   

Сонымен қатар, бүгінгі күні ресейлік ЕҚП-нің айқын жұмыс тәртібінің жоқтығына байланысты бақылауға жататын жүктерге тексеру жүргізудің мерзімдеріне, талап етілетін ілеспе құжаттардың тізімі, ықтимал іркілістер мен тыйымдардың себептері мен мерзімдеріне қатысты наразылықтар білдірілді.

Сондай-ақ, қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін РФ аумағына экспорттаудағы мұндай қиындықтардың негізгі себебі тараптардың өкілетті органдары арасындағы ақпараттық өзара әрекеттестіктің төмен деңгейде екенінде жатыр. Заманауи мамандандырылған ақпараттық жүйелер жүктердің қозғалысы процестерін ұсақ-түйегіне дейін қадағалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ қандай да бір рұқсатнамалық құжаттардың болуы, оларды беру тиісті жүйеден барабар көрініс табуы тиіс және қажетіне қарай тартылуы тиіс. Алайда, отандық тасымалдаушылар осы күнге дейін үнемі жүктер мен құжаттарды физикалық тексеруге ұшырауға мәжбүр.

Дана Жүнісова «Атамекен» ҚР ҰКП қойылатын талаптарды елемеу және сақтамаудың соңы қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін РФ-ға экспорттауды тоқтату қаупіне әкеп соғатынын түсіне отырып, отандық бизнесті қосымша қиын талаптардың әрекет ету кезеңіне барынша төзімділік танытуға шақырғанын атап өтті. 

Сонымен бірге, Палата отандық ауылшаруашылық өнімдерін енгізуге салынған шектеудің тезірек алынуына және жануартекті, өсімдіктекті қазақстандық өнімді экспорттау үшін елеулі физикалық тосқауыл болып отырған қазақстандық-ресейлік шекара бойына жақын маңдағы алдын ала ескерту пункттерінің жойылуына атсалысатын болады, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ресейдің «Россельхозымен» өзара әрекеттестік мәселелерінің барлығын тиімді пысықтайтынына сенім білдірді.

Дана Жүнісова отандық кәсіпкерлерге Палатаны «Россельхознадзор» қызметкерлері тарапынан болған құқыққа қайшы әрекет деректері, сондай-ақ, РФ-ға ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу кезінде орын алатын басқа да кедергілер туралы жедел ақпараттандырып отыру қажеттігін айтты.

Мәжіліс барысында «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тараптардың құзыретті қызметкерлерінің РФ аумағына баратын ауылшаруашылық жүктерін сүйемелдеп алып жүруге және тексеру рәсімдерімен, отандық тасымалдаушылардың ресейлік ЕҚП-дан өту кезінде ықтимал кедергілерімен танысуға бірлесіп шығуының маңыздылығы туралы шешім қабылданды.

Қазақстандық бизнесті енгізілетін немесе жойылатын шектеулер туралы жедел хабарландырып отыру мақсатында, ЕАЭО аясында немесе үшінші елдерге мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін өткізу/экспорттаудың қауіпсіздігі шаралары, сондай-ақ, қазақстандық өнімді РФ-ға экспорттау жағдайында, Министрліктің осындай ақпаратты Палата мекенжайына тұрақты түрде ұсынып отыруы туралы шешім қабылданды, ол өз кезегінде, «Атамекен» ҚР ҰКП-ның www.palata.kz ресми сайтында оның қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

Залдағы және өңірлердегі бизнес өкілдері де қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін РФ территориясына экспорттау кезінде туындайтын проблемаларды талқылауға белсенді қатысты, Палатаға және Министрлікке өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды, өз ісін дамыту жолындағы қазақстандық кәсіпкерлер бастан кешетін басқа да проблемалармен бөлісті.

Кездесудің соңында «Атамекен» ҚР ҰКП осы іске ниеттестігін және отандық ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау шарттарын жақсарту мәселесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен ынтымақтаса жұмыс істеуге әзірлігін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер