astana-view

Жұмыс күнін тазалықтан бастау сыры

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Астана қаласы
9747 просмотров

Қазақстандық кәсіпорындар жапондық Кайдзен жүйесін енгізбек

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасындағы арнайы семинарда астаналық бизнес-қоғамдастыққа Қазақстандағы шағын және орта бизнеске «Кайдзен»қағидасын енгізу жөніндегі Халықаралық жапон ынтымақтастық агенттігінің (JICА)  жобасы таныстырылды. Мұнда Жапониядан келген сарапшы-консультантпен бірге атақты жапондық жүйенің қағидалары мен құралдарын енгізудің бірегей мүмкіндігі ұсынылуда.

«Бұл жоба жөнінде JICA 2015 жылы бастама көтерген болатын. Жобаны жапондық сарапшы қазақстандық консультанттармен бірге жүргізеді. Жапондық сарапшы кәсіпорынға осы кезеңде төрт рет – 2016 жылдың қыркүйегінен 2017 жылдың сәуірі аралығында келеді. Осы аралықта кәсіпорын берілген тапсырмаларды орындайды және қазақстандық консультантпен бірге жұмыс істейді», - деді JICA өкілі Эрика Әлімбекова.

Биылғы жоба бойынша шығындардың 80%-ын жапон агенттігі өтейді. Бұл жапондық сарапшыны тартуға қатысты шығындар: тұрғынжай, жұмыс ақысы, аудармашының қызметі, көлік.

Қатысушы-кәсіпорын шығынның тек  20%-ын жабады, ал бұл шамамен 3 млн теңге. Бұл ретте шығындардың орнын ішінара  толтыру «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында экономиканың басым секторларының тізіміне кіретін кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау амалы арқылы іске аспақ.

«Өтініштер барлық кәсіпорындардан қабылданады, бірақ басымдық өндірістік компанияларға берілетін болады. Қатысушылардан ең бастысы – өздерінің бизнес-процестерін жетілдіруге ынта-жігер, «Кайдзен» қағидаларын енгізуде белсенділік таныту және бағдарламадан өткен соң Жапон орталығымен байланысты жалғастыру талап етіледі», - деп атап көрсеті Эрика Әлімбекова.

Былтыр жобаға бес алматылық компания қатысты. «Сайман» ЖШС-нің өкілі «Кайдзенді» енгізу еңбектің өнімділігін және электр есептеуіштерін шығаратын кәсіпорындағы қауіпсіздікті арттыруға көмектескенін, сондай-ақ қызметкерлердің ынтасын жақсартуға, шығындарды азайтуға, жалпы алғанда, ұжымды топтастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. 

«Біз қазір, жапондық компаниялардағы сияқты, жұмыс күнін  таңертең жұмыс орнымызды жинастырудан, тазалаудан бастаймыз. Бұған дейін мен де, басқа қызметкерлер де мұның не үшін қажет екенін түсінбейтінбіз. Ал, қазір біз осы қарапайым әрекеттің өте жақсы әсер ететінін және жұмысқа ынталандыратынын көріп отырмыз, сондай-ақ, ол қызметкерлерді жұмылдырады, ортақ іс атқарып отырғанымызды түсінуге жетелейді», - дейді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер