astana-view

Сыр бойында семинарлар көптеп ұйымдастырылуда

2016 жылғы 19 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
10892 просмотров

Қазалының мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлері, «Атамекен» ҰКП Агробіліктілік орталығының «Сыр маржаны» ЖШС аумағында ұйымдастырған семинары барысында, көптеген тың және қажетті ақпаратқа қанық болды

«Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, былтырғы жылы 500 мал басына арналған бордақылау кешенін іске қосқан. Бүгінде кешен аудан тұрғындарын сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Болашақта мал басын 1500-ге дейін арттыру  жоспарлануда екен. Қазір кешенде 402-ге тарта құнажын мен бұқалар азықтандырылып жатыр. Олар жасы және зоотехникалық жағдайларына байланысты 5 санатқа бөлінген. Сондай-ақ күнделікті 700г-1кг салмақ қосу жағдайлары жасалған.

Семинар барысында, ауданға арнайы келген мамандар, өз тәжірибелерімен бөлісіп, серіктестіктің жағдайымен танысты. Сондай-ақ  мал дәрігерлеріне нұсқаулық берілді. Әйтеке би ауылының «Наурыз» кешенінде де ірі қара мал бордақылау бойынша семинар өтті.

«Қазіргі таңда облыста мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы бойынша семинарлар өтіп жатыр. Өсімдік шаруашылығы бойынша 24 семинар, мал шаруашылығы бойынша 9 семинар өткізу жоспарда бар. «Сыр маржаны» ЖШС базалық шаруашылығында мал бордақылау жұмысы бойынша алғашқы семинар өткізілуде. Семинардың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсібімен айналысуға ниетті жеке және заңды тұлғаларға әртүрлі сипаттағы жан-жақты ақпарат жеткізу. Соған байланысты жаңа ғылыми білімдерді игеру, инновациялық технологияларды пайдалануға үйрету», – деді Кәсіпкерлер палатасының жобаларды қолдау бөлімінің сарапшысы Алма Пірманова.

Семинар барысында дәрістер оқылып, қатысушыларға кеңестер берілді. Сондай-ақ, қатысушылар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді көрсетіп, арнайы анкеталарды толтырды.

«Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы саласын кеңейту, жақсарту және жергілікті аймақты ақпаратпен қамтамасыз ету. Біз бүгін мал бордақылау бойынша семинар өткіздік, сондай-ақ «Сыр маржаны» ЖШС-да сынақтық жұмыстар жүргіздік. Біз кәсіпорынның жұмысымен танысып, жұмыс барысын өз көзімізбен бақыладық. Барлық көргендерімізді теориялық мақсатта дамытатын боламыз. Семинар соңында әрбір қатысушыға оқығанын растайтын сертификаттар табысталады», – деді «Атамекен» ҰКП дәріскері Жұлдыз Құрманбаева.

Семинар тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстың 60%-ы орындалған, яғни, 22 семинар өткізілген. Теориялық және тәжірибелік оқыту жұмыстарын отандық және шетелдік сарапшылар  жүргізуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер