astana-view

«Атамекен» шығыстағы шаруаларға Қытай нарығына шығуға жәрдемдесті

2016 жылғы 20 Қыркүйек
8742 просмотров

Осы қолдаудың арқасында өндірушілер өздерінің ішкі нарықтағы сұранысын арттырып қана қойған жоқ, сондай-ақ, әлемдегі беделді нарықтардың біріне өнімдерін импорттауды бастады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Үкіметіне қазақстандықтарды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйрету жобасын ұлттық деңгейде қарастыруды ұсынды. Оның негізі ретінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолданыста бар кәсіпкерлік бастамасын ынталандыру тәжірибесін пайдалануға кеңес берді. Осындай мысалдардың бірі ретінде, бүгінгі  Үкімет отырысында, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев,  Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында «Бастау» пилоттық бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуын келтірді.

«Біз қазір жұмыссыз жүрген адамдарды іздестіріп жатырмыз. Оларға қандай бизнес түрі сай келетінін және кәсіпкерлік мінез-құлқын анықтау үшін психологтар жұмыс жүргізеді. Кәсіпкерлік мінез-құлқын анықтағаннан кейін, біз ол адамды бизнес негіздерін үйретуге бағыттаймыз. Содан кейін оларға шағын несие алуға жәрдемдесіп, бір жыл көлемінде оларға Өңірлік палата жанынан құрылған кәсіпкерлерді қолдау орталығының мамандары көмектесетін болады», – деді Нұржан Әлтаев.

Егер жұмыссыз жүрген азаматтың кәсіпкерлікке қабілеті жоқ, бірақ тұрақты еңбекке ниеттенсе, оған тұрақты жұмыс орнына орналасуға көмектеседі. Қажет болған жағдайда қазақстандықтар колледждерде немесе оқыту орталықтарында арнайы оқудан өтеді.

«Біз осы бағдарламаның ауқымын ел аумағында мынадай тізбек бойынша кеңейтуді ұсынамыз: алдымен бір айлық оқу, одан кейін Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы немесе басқа да институттар арқылы шағын несие беру, ары қарай осы адамдарды кооперацияға біріктіру», – деп жалғастырды «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Нұржан Әлтаев: «Атамекенде» кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қазақстандық өнімге ҚХР және Ресейдің макросұранысын зерттеу нәтижелерімен белсенді түрде бөлісіп отырады», – деді. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысында «Атамекен» Өңірлік палатасы 1500-ге тарта шағын бал өндіруші фермерді біріктірді. «Біз оларды бір кооперативке біріктірген кезде, жылына 7 мың тонна бал өндіретін нарық құрылды. Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Қытайдан шақыртылған инспекция өнімнің сапасын тексерді. Енді ШҚО омарташылары үшін өнімін өткізетін жаңа нарық ашылды. Балдың алғашқы легі Қытайға жөнелтіліп те қойды», – деп атап өтті Нұржан Әлтаев.

Сондай-ақ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, отандық кәсіпорындарға қажетті мамандарды дайындау үшін «Жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында мемлекеттік тапсырыстардың көлемін ұлғайтуды ұсынып отыр.

ҰКП мамандары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірге 7700-ге тарта ірі, шағын және орта кәсіпорындарда сауалнама жүргізген. «Бұл сауалнама 134 000 деңгейінде шағын мамандар қажет екенін көрсетті. Бұл қажеттілік айқын анықталды. Осы жылы біз оны Білім және ғылым министрлігімен бекіттік. Яғни техникалық оқу орындары мемлекеттік тапсырыстар алатын болады», – деді Нұржан Әлтаев.

«Атамекеннің» қолдауымен қысқа мерзімді уақытта мамандар дайындау үшін кәсіпорын базасында құрылған 55 оқу орталығы да үлкен көмек көрсетіп келеді. Оның 21 оқу орталығында «Жұмыспен қамту» бағдарламасының аясында қазақстандықтарды оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «Бұл оқу орталықтары тікелей кәсіпорындарда ашылған. Соның арқасында азаматтар теориялық емес, тәжірибелік дайындықтан өтеді», – деді Басқарма Төрағасының орынбасары. «2016 жылы қаражат Өңірлік палаталарға бағытталып, 140 млн теңге бөлінді. 3 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Біздің ойымызша, Мемлекет басшысының 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында, кәсіпкерлікті жаппай дамыту туралы берген тапсырмасын басшылыққа алатын болсақ, бұл сома аздық етеді», – деді Нұржан Әлтаев.

«Атамекен» ҰКП аталған мемлекеттік тапсырыстың шығынын 3 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Қосымша бұл мәселе Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшылығымен пысықталған.

«Сіздердің идеяларыңызды қолдаймыз», – деді Қазақстанның Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер