astana-view

Ет өңдеу де үлкен өнер

2016 жылғы 27 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
9195 просмотров

Облыста «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін семинарлар жалғасуда

Отандық ет, балық, жеміс-жидек консервілері нарығының көшбасшысы саналатын «Кублей» ЖШС компаниясының базасында өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған «Етті терең өңдеу және ет өнімдерін экспорттау жолдары» тақырыбында семинар өтті. Айта кетерлігі, бұл өңірге бекер таңдау жасалмаған. Батыс Қазақстан облысының ауқымды экспорттық әлеуеті, логистика мен көлік дәлізінің дамығандығы, өңірдегі оңтайлы ветеринарлық жағдай, мұның барлығы ет өңдеу саласының жандануына ықпал етеді. Дәл осы «Кублей» ЖШС аталған артықшылықтарды алғашқылардың бірі болып байқап, инвестицияны өндірісті кеңейтуге жұмсаған. Заманауи өндірістік қуаттылық пен қолданылып жатқан озық технологиялар «Кублей» компаниясына ішкі нарықты қатамасыз етіп, экспорттау үшін ет өнімдерінің түр-түрін шығаруға мүмкіндік берген. Шығарылып жатқан өнімдердің 100-ден астам түрі бар. Мәселен, ет тобы – ет консервілері, консервіленген қазақтың ұлттық тағамдары мен дайын түскі астар. Балық тобы – май жағылған мұхит және теңіз балықтары, қызанақ тұздығы қосылған мұхит және теңіз балықтары. Жемістер тобы – жүгері, асбұршақ, фасоль, «оливьеге» арналған ассорти, «мексикалық қоспа» ассортиі.

«Кублей» компаниясы халықаралық және өңірлік көрмелерге белсенді түрде қатысады, «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының иегері.

Компания әлеуметтік жауапкершілікті де ұмыт қалдырған емес, мәселен, мемлекеттік статистикалық саралау бойынша «Кублей» ЖШС елдегі барлық қазақстандық кәсіпорындардың арасынан 2013-2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасының ең үздік салық төлеушісі ретінде танылған.

«Кублей» компаниясының жоғары білікті қызметкерлері әрдайым білімдері мен машықтарын жетілдіріп отырады, сондықтан да компания Агробіліктілік орталығымен әріптестік орнату туралы ұсынысқа қуана келісімін берген. Орталық өткізетін семинарлар кәсібін жаңа бастап жатқандар үшін де, білікті кәсіпкерлер үшін де әрдайым өзекті. Семинардың мазмұны заманауи нарықтың, өткізу мен тұтынудың, сондай-ақ Еуропалық одақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы сынды түрлі одақтарға мүше елдердің сауда-саттық және тағамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сай құралған. Одан бөлек, етті өңдеудің негізгі алғышарттары сөз болды. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары мен сертификаттау жүйесінің артықшылықтары, шикізат өндірушілер мен өңдеушілер арасында кооперация құрудың мүмкіндіктері де айтылды.

Сонымен қатар, базалық шаруашылық аумағында топсеруен өтті. Онда семинарға қатысушылар мал сою және ет өңдеу, бөлшектеу, сақтау және қаптау технологияларымен танысты.Сондай-ақ олар компания өкілдерімен бетпе-бет пікір алмасып, ет өңдеу мен ет өнімдерін экспорттауға қатысты сұрақтарына жауап алды.

Шара соңында әр қатысушыға сертификат табыс етілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер