astana-view

Қателік құны қымбатқа түсе жаздады

2016 жылғы 27 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
16495 просмотров

Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жіберген қателік салдарынан кәсіпкерді жауапкершілікке тарту жөнінде іс қозғалған. Кәсіпкерлер палатасы қылмыстық жазалау туралы істі тоқтатуға қол жеткізді

Шымкенттік «Әлем-капитал» несие компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысына 10 «DAF» тартқышын өзге көліктік компанияға қаржылық лизинг ретінде өткізу мақсатында әкелген. Осы орайда компания барлық кедендік алымдарды және кедендік баж салықтарын төлеген екен. Заң бойынша, қаржылық лизингке берілетін тауар сатылымының түрі ҚҚС-дан босауы тиіс. «Әлем-капиталдың» бұған қатысты лизингті қабылдаушы арасындағы қаржылық лизинг туралы келісімшарты бар еді. МКД (авт. – Мемлекеттік кірістер департаменті) қызметкерлері осы жайтты ескерместен, компания әкелінген тауарды сатты деп есептеп жіберген. Ал, бұл, өз кезегінде, салықтан бас тартумен бірдей. Салық салушылар компанияға ҚҚС-ы мен 54, 8 миллион теңге көлеміндегі өсімақы төлеуге мәжбүрлеген. «Әлем-капитал» басшылығы салықты уақытылы төлемеген жағдайда есепшоттар бұғатталып, компания қызметінің тоқтау ықтималдығын ескере келе, ҚҚС-ы мен өсімақы төлеген екен.

Орын алған түсініспеушілік шешілген сияқты еді. Алайда, мәселе мұнымен бітпеген. Жақында Мемлекеттік кірістер департаменті несие компаниясына аталған дерек бойынша компания үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабардар етеді.  «Әлем-капитал» басшылығы Кәсіпкерлер палатасына салық органдарынан қорғауды сұрап, көмекке жүгінген.

Палата сарапшылары мәселенің мән-жайын сараптап, шындықтың кәсіпкер жағында екендігіне көз жеткізеді. Қаржылық лизинг үшін ҚҚС төлеу қажет емес, сол себепті, компанияны қылмыстық жауапкершілікке тартуға еш негіз жоқ екені анықталған.

«Мәселенің түп-төркінін анықтау үшін заңгер болудың қажеті жоқ, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер  палатасы сарапшысы Мая Исаева.  – Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалған, ҚР Салық кодексінің 214-бабындағы қылмыс құрамында «Әлем-капитал» компаниясы ұшыраған жағдай қарастырылмаған. Олар тауарды лизинг-шарт негізінде импорттаған, ал лизинг беру тауар сату емес. Осылайша компания ҚҚС төлеуге міндеттелмейді. Бұл тұста бақылау органдары қызметкерлерінің салғырттығын байқауға болады», – деді ол.

Кәсіпкерлер палатасы облыс прокурорына ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде прокурорлық ықпал ету шараларын қолдану туралы өтініш білдірді. Жақында Шымкент қаласы Еңбекші ауданы прокуратурасынан қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Істің тоқтауына қылмыстық құрамның болмауы себеп болған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер