astana-view

Қазақстанда 2017 жыл Қытай туризміне арналмақ

2016 жылғы 28 Қыркүйек
9433 просмотров

Қытай елінен келетін туристерді ынталандыру үшін барлық жағдай жасалуда

Қазақстан мен Қытай бизнесмендері туристік жобаларды бірлесіп дамытпақ. Бұл туралы Қазақстан-Қытай туристік форумында инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың G-20 елдері көшбасшылары саммиті аясындағы Ханчжоуға жасаған сапарында Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасы мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының даму мәселелері талқыланған. Бұған дейін Қазақстан мен Қытай құны 26 млрд доллар тұратын 51 жобаны жүзеге асыруға келіскен. «Өзара инвестициялық ынтымақтастық аясында іске асырылатын ауқымды туристік жобаларды дамытуды Құдайдың өзі қолдап отырғандай», – деп атап өтті вице-министр. 

Өз кезегінде, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көліктік дәлізінің қазақстандық аумағы ашылғаннан кейін, Қытайдан Қазақстанға келетін туристер саны  артады деп күтілуде. Автожол бойындағы көрікті жерлерді аралау үшін автокөлік туризмі мен автобус турлары айтарлықтай артпақ.

«Қытай нарығы қазақстандық туризм үшін басым бағыттардың бірі болып саналады», – деді Тимур Тоқтабаев.

Вице-министр «желтоқсан айында Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР Мемлекеттік Туризм ісі басқармасы арасында топтық туристік сапарларды жеңілдету туралы меморандумға қол қойылғандығын» жеткізді. Осы орайда, Тимур Тоқтабаев «барлық жүзеге асыру механизмдері жасалғандығын және қолға алынып жатқандығын» хабарлады.

2017 жылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі екі ауқымды шара өткізілмек. Олар  Алматыда өтетін 28-ші қысқы олимпиада ойындары мен ЭКСПО – 2017 көрмесі. «Біз аталған шараларға қытайлық тараптың қатысатынына қуаныштымыз. Ал ЭКСПО-2017-дегі Азия елдері павильондарының ішіндегі ең ірісі ҚХР-ға тиесілі болатынын мәлімдейміз», – деп атап өтті  вице-министр.

Қазақстандық тарап ЭКСПО-2017 меймандарына арналған үш мыңнан астам мәдени іс-шара даярлаған. Сондай-ақ, Дүниежүзілік туристік ұйыммен бірлесе отырып, «Туризм – болашақ энергиясы» халықаралық конференциясын ұйымдастыру жоспарда бар. Осыған орай, форумда қытайлық мамандар мен туристерге «Астанаға көрме өтетін уақытта келу» ұсынылды.

Бұдан бөлек, 2017 жыл Қазақстандағы Қытай туризміне арналмақ. Екі елдің туристік ведомстволарында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, Қазақстандағы Қытай туризмі жылының ашылу және жабылу салтанаты секілді мәселелерді талқылау үшін кездесулер жоспарланып отыр. «Барлық іс-шаралар екі елдің де туристік әлеуетін арттырады деп сенемін. Форум екіжақты байланысты күшейтуде маңызды рөл атқаруы тиіс», – деді Тимур Тоқтабаев.  

Форумды жүргізген «Атамекен» ҰКП Басқармасы Төрағасы Абылай Мырзахметов, өз кезегінде, «Атамекен» Қазақстан Премьер-министріне «көптеген мәселелер мемлекеттік органдар қарауында жатқанын» ескеріп, үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жасағанын мәлімдеді. «Біз Инвестициялар және даму министрлігі аталған топтың барлық туындаған мәселелерді одан әрі іске асыратын жұмыс органы болады деген сенімдеміз. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде туризм басты бағыттардың бірі болып отыр»,–деді Абылай Мырзахметов.   

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер