astana-view

Владимир Крючков шартты жазаға кесілді

2016 жылғы 30 Қыркүйек
8392 просмотров

Қарағандылық кәсіпкер Владимир Крючков шартты түрде бостандықта қалды

Облыстық сот «Табиғат XXI» ЖШС Көкпекті су қоймасы бөгетінде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзбағанын мойындады.

Биылғы жылдың маусым айында Қарағанды бизнес-қоғамдастығы Бұқар жырау аудандық сотының ұйғарымына наразылық танытқан еді. Еске салсақ, бөгеттің жарылуының салдарында 2014 жылғы тамыздың 31-іне қараған түні су тасқыны болып, Көкпекті ауылының 5 тұрғыны қайтыс болды. 50 үйдің іргетасы бұзылып, оларды қайта салуға тура келген. Бұл іс бойынша 3 адам айыпты деп танылған еді. ТЖ жөніндегі аудандық бөлім басшысы Ришат Жантүліков пен Көкпекті ауылының бұрынғы әкімі Бақытжан Смайыловқа салдарында ауыр жағдайларға алып келген немқұрайлылық жасағаны үшін айып тағылған (ҚР ҚК 316-бабы, 2-бөлім). Бірақ ел назары Көкпекті бөгетін жалға алған «Табиғат ХХІ» ЖШС құрылтайшысы Владимир Крючковта болды. Оған бірден екі бап бойынша айып тағылды – құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу (ҚР ҚК 245-бабы) және мансабын асыра пайдалану (ҚР ҚК 228-бабы).

«Тұтастай алғанда сотталушылардың кінәсі алғашқы сот инстанциясында-ақ толықтай дәлелденген. Алайда төралқаның пікірінше, сотталған Крючковқа қатысты ҚР ҚК 245-бабының 2-бөлімі бойынша айып тағу орынсыз. Себебі тергеу мен сот құрылыс жұмыстарын кім және қашан жүргізгенін, олардың апатты жағдайға апарып соқтыратын ережелердің бұзылғанын нақты анықтамаған. Дегенмен, ол ҚР ҚК 288-бабы бойынша толықтай кінәлі деп танылды. Осыған байланысты Крючковқа қатысты сот шешіміне өзгерістер енді. Оған екі жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды», – деді апелляциялық төралқа төрағасы Рашид Нұрмағамбетов.

Сот Көкпекті ауылы тұрғындарының материалды шығынды өтеу туралы арыздарын қанағаттандырмады. Енді алған өтемақылары жеткіліксіз деп санайтын тұрғындарға өз бетінше адвокат жалдап, сотталғандарға қатысты қайта арыздануларына тура келеді.

Апелляциялық төралқа алғашқы сот инстанциясының Ришат Жантүліковті, Бақытжан Смайыловты және Владимир Крючковты өз мансабын асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тарту туралы шешімін дұрыс деп тапты. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды дегенін орынсыз деп шешті. Сондықтан, кәсіпкердің іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ.

«Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Он жыл бойы бөгеттің апаттық жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қақтым. Бірақ, лауазымды тұлғалар маған құлақ та аспады. Бөгет жарылғанға дейін менің қызметкерлерім шығындарды барынша азайтып, адам өлімін болдырмау үшін барын салды. Әрине, төралқаның менен 245-бап бойынша тағылған айыпты алып тастағаны үшін алғысым мол. Бірақ біз оның да қайта қаралуына қол жеткіземіз», – деді Владимир Крючков сот аяқталған соң Ratel интернет-басылымына берген сұхбатында.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер