astana-view

Шағын кәсіп иелері заңсыз әрекеттерден зардап шекпеуі керек

2016 жылғы 06 Қазан
9879 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңесінің кезекті отырысында басты мәселе ретінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау бойынша уәкілдің атына түскен, «Нұрбанк» АҚ мүлкін тартып алуы мүмкін шағын кәсіпкерлердің шағымы қаралды

«Жетінші құрлық» бизнес орталығындағы кеңсе иелерінің мүлкін кім тартып алуда? Неге «Астана-БЕО» ЖШС ісіне адал кәсіпкерлерді өз сатып алуларына жолатпай отыр? Жекеменшік саладағы қазақстандық бизнес кездесетін басқа да түйткілдер қандай?

Осы және өзге де мәселелер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ғани Қасымов төрағалық еткен Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің 33-отырысында талқыланды. Кеңеске «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов те қатысып, заңгерлік білікті пікірін білдіріп отырды. Жалпы жағдайды «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко баяндады.

«Жетінші құрлық» бизнес орталығының кеңсе иелері банкроттыққа ұшыраудың  алдында тұр. Тиісті жайларды заңды түрде сатып алған жандар іс-әрекетінің дұрыстығын сотта дәлелдеуге мәжбүр. Бүгінгі қалыптасқан жағдай сондай, аталған кәсіпкерлердің мүлкі «Нұрбанк» АҚ иелегіне талап етілуде. Ондаған кәсіп иелеріне, мүлде бөгде тұлғалардың кінәсінен, бизнесінен айырылып қалу қаупі төнуде.

«2011 жылы бастапқы меншік иесі «Shyryn LTD» ЖШС мен «Capital Petrol» ЖШС арасында «Нұрбанктегі» банктік кепілдеме жайлы шарт жасалған. Шарт мазмұнына сәйкес, құрылыс аяқталған соң, тараптар банкке кепіл ретінде қарызды қамтамасыз ету үшін оларға тиесілі жылжымайтын мүлік бөлігін беру керек болған», - деп түсіндірген Олек Савеленко қос ЖШС міндеттемелерін орындамау салдарынан осындай жағдай туындағанын жеткізді.

Ғани Қасымов Кеңестің жаңа мүшелерін таныстырып, бұрынғы меншік иелерінің заңсыз әрекеттерінен зардап шегуге мәжбүр меншік иелерінің күрмеуі күрделі мұң-тілегіне, олардың қорғаушыларының уәжіне мұқият құлақ түрді. Жиналғандар шиелінісіп, ушығу алдында тұрған өткір жайтты жан-жақты талдауға тырысты. Атап өтерлік жайт, жиынға «Нұрбанк» АҚ мен онымен «Жетінші» құрлық бизнес орталығына қатысты байланыс жасаған «Шырын» ЖШС өкілдері келмеді.

Қоғамдық белсенді Сырым Әбдірахманов «Нұрбанкті» 5 жылды өткізіп барып, делдалдардың шым-шытырық саудасынан соң, 80 млн доллардан астам қарызды алға тосып, рейдерлік әрекетке барып жатыр деп кінәлады.

Ұзақ талқылау нәтижесінде Ғани Қасымов қарапайым адамдардың заңды құқығы ең басты назарда болу тиістігін еске салып, кінәлілердің міндетті түрде жазалануын талап етті. Сонымен қатар, ҰКП құқықтық блогына сот шешіміне шағымдану бойынша жәбірленушілерді әрі қарай сүйемелдеуді тапсырды. Кеңес төрағасының сот орындаушыларының іс-қимылына тоқтау сала тұру керектігі жайлы нұсқауын атышулы бизнес орталығындағы шағын кәсіптеріне араша сұраушы жандар зор қуанышпен қабылдады.

Мән-мағынасы жағынан осыған ұқсас ахуал «Geotech Corp» ЖШС-ға қатысты да туындаған. Бұл серіктестік 2 жыл бойы «Астанаэнергосбыт» ЖШС коммуналдық қызметтері үшін төлем есептерін басып шығару және конвертке салу міндеттерімен айналысып келген. Алайда 2016 жылы коммуналдық қызметтер үшін төлем есептерін Астана қаласы әкімдігіне қарасты кәсіпорын саналатын «Астана-БЕО» ЖШС ұсына бастағаннан кейін, «Астанаэнергосбыт» ЖШС «Geotech Corp» ЖШС-мен келісімшартты бұзған.

«Астана-БЕО» ЖШС 67 млн теңге сомасына сәйкес қызметтерді мемлекеттік сатып алу байқауын жариялағанымен, анықталған заң бұзу деректеріне байланысты, Қаржылық бақылау инспекциясы байқауды тоқтатып тастайды. Содан соң тағы 4 байқау жарияланғанымен, барлығы не тоқтатылған, не өтпеген. Әр жағдайда дерлік, сатып алу жеңімпазы ретінде «Қазпошта» АҚ танылып отырған.

«Geotech Corp» ЖШС басшылығы, өздері жасаған немесе басқа сатып алуға қатысушылар берген ұсыныстар «Қазпошта» АҚ қызметтері құнынан әлдеқайда төмен болғанын айтады, яғни тапсырыс берушінің оған бұлай бүйрегін бұруы мемлекеттік тексеруші органдарда күмән тудыруы тиіс.

«Geotech Corp» ЖШС байқауға қатысу үшін арнайы қымбат тұратын құрал-жабдық сатып алғандықтан, нарықтан дөрекі ығыстыру салдарынан толығымен күйреуі ықтимал. Мұнда істі тереңірек зерделеу сот үкімі шыққаннан кейін қаралатындай келесі отырысқа қалдырылды.

Кеңес мүшелері Ақтау қаласымен бейнебайланыс арқылы, «Цеснабанк» АҚ-мен теңсіз дәрежеде күрес барысында оның әрекетінің заңсыз екенін дәлелдеуге тырысып жүрген жеке кәсіпкер Айман Шукбарованың басындағы жағдайды сарапқа салды. Банк біржақты тәртіпте қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесін 17,5%-дан 20%-ға көбейтіп, кәсіпкерді сот жүзінде тартысқа түсуге итермелеуде.

Кассациялық сот сатысы 2015 жылы банктің бұл іс-әрекетін заңсыз деп танып, қарыз алушыға 1 млн 200 мың теңгеден астам қаражатты қайтарып беруге міндеттеген. Сонымен қатар, банк кәсіпкерден 26 млн теңгеге жуық барлық соманы өндіріп алуға ұмтылған, бірақ Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сатысы 5 млн теңгеге жуық ақшаны өндіруді қаулы еткен. Осы тұста банктердің борышты өтеуде бірінші пайызын төлетіп, тек содан кейін ғана негізгі соманы алатын саясатын сынға алған «Атамекен» ҰКП Төралқа мүшесі Талғат Доскеновті Ғани Қасымов тұрақты Кеңес мүшелігіне шақырды.

Кеңеске жиналғандар, аталмыш мәселені Ұлттық банк зерделеп, тексеру керектігін ұйғарып, тиісті қарар қабылдады.

Осымен бірге, шара кезінде, Кеңестің 2016 жылдың бірінші жартысындағы жұмысы қорытындыланды. Кеңес төрағасы Ғани Қасымов назарға іліккен мәселелер жақын арада шешімін табатынына сенім білдіріп, бизнес-қоғамдастықты барлық құқықтарын кемсіту деректерін Палатаға жеткізіп отыруға шақырды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер