astana-view

«Атамекенде» тәлімгерлерге сертификаттар табысталды

2016 жылғы 10 Қазан
8690 просмотров

Олардың барлығы кәсіби оқыту бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Трир қаласы Қолөнер палатасының бірлескен жобасына қатысқан

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында тәлімгерлерге арналған германиялық оқыту курсының қатысушыларына халықаралық сертификаттар табысталды. Курстың тақырыбы: «Кәсіби және еңбек педогогикасы. Тәлімгерлерді аттестациялау». Халықаралық емтиханды мамырда сәтті өткендерге сертификаттар Шымкентте – 12 қазанда, Алматы қаласында – 14 қазанда тапсырылады. Сертификаттар тәлімгер маманның біліктілігін растап, кәсіпорындарда өндірістік оқыту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

«Біз Трир қаласының Қолөнер палатасымен бірге үлкен жұмыстар жүргіздік. Бір жыл бойы талқылап, мамырда тәлімгерлерді дайындау жобасын жүзеге асырып, меморандумға қол қойдық. Және бүгін бұл іс-шараға қатысу үшін Германиядан қадірлі қонақтар келді. Қолөнер палатасының басшылары алғаш рет келіп отыр. Біз осылай ынтымақтастық орнатқанымызға өте қуаныштымыз. Бұл жоба айтарлықтай нәтиже береді», – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.

Трир қаласы Палатасының қызметкері, жоба жетекшісі Эльфрида Вагнер, дуалды оқыту жүйесі өнімділікті арттырып, сонымен қатар ол тұтынушылардың көңілінен шығатынын атап өтті. «Көп жұмыс атқарылды. Біз бірқатар тәлімгерлерге кеңес бердік, оқыттық. Кең ауқымды семинарлар жүргізілді. Бұл болып жатқандардың барлығы – қазір сіздердің елдеріңіздегі өзгерістердің нәтижесі. Осылайша, біз білім беру тек оқу орындарында ғана емес, өндірісте де жүргізілетінін дәлелдеп отырмыз. Ал біз өндірісте мамандарды жақсы даярлау үшін тәлімгерлерді оқытуды енгіздік. Енді осы білімдеріңіздің пайдаға асуы өздеріңізге байланысты. Сіздер осы алған білімдеріңізді ары қарай басқаларға үйрете аласыздар», – деді ол.

2015-2016 жылдар аралығында 50-ден астам өндіріс тәлімгері дайындалды. Олардың ішінде Астана, Атырау, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе жене Петропавл қалаларынан 46 адам емтиханды сәтті тапсырып шықты. Оқыту жұмыстарын неміс сарапшылары мен қазақстандық «СК «Базис» (Астана қ.), «Borusan-Makina» ЖШС (Қарағанды қаласы), «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС (Балқаш қаласы), «Степногорск» (Степногор қаласы), «LegaGroup» ЖШС (Қарағанды қаласы) сынды кәсіпорындардың мамандары жүргізді.

Қорытынды емтихан тапсырған семинар қатысушыларын қосымша оқуға шақырады. Қарағанды және Қызылорда қалаларының Кәсіпкерлер палатасында тәлімгерлерді оқыту жұмыстары аяқталды.

Олар өз өңірлерінде және тәлімгерлік ынтымақтастық орнатқан кәсіпорындарда оқыту жұмыстарын жүргізе алады. Нәтижесінде дуальды оқыту жүйесі енгізілген кәсіпорындардың саны артады.

Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылдың 6 мамырында «Атамекен» ҚР ҰКП мен Трир қаласының Қолөнер палатасы арасында кәсіби оқыту бойынша серіктестік жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған болатын. Жобаның негізгі мақсаты – шағын және орта бизнес талаптарына сай кәсіпорындар мен Қазақстан колледждерінде кәсіби дайындықтың деңгейін арттыру. Кәсіпорындар жобаға сұранысқа ие 7 мамандық бойынша қосылған: құрылысшы-әрлеуші, ағаш шебері-жиһазшы, туризм жөніндегі менеджер, электр механик, токарь, аспаз, дәнекерлеуші және колледждегі осыған сай мамандықтар.

Қазіргі күнге дейін Астана, Алматы, Тараз қалаларындағы ӨКП сарапшылары мен кәсіпорын тәлімгерлеріне арналған 13-тен аса оқыту семинарлары жүргізілді. Және де жобаға қатысушы колледждердің оқу жоспарларының өзгерісіне сай нұсқаулықтар дайындалды. Жоба аясында Германияның кәсіби білім беру мекемелеріне 5 оқыту саяхаты жүргізілді.

Трир қаласының Қолөнер палатасы жобаны Германияның Федералды экономикалық ынтымақтастық министрлігінің қатысуымен «SEQUA» ұйымы арқылы жүзеге асырып отыр.

Жобаны жүргізу бағыттары мен негізгі материалдар мына мекен-жай бойынша www.facebook.com/groups/RPPTrir/ орналастырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер