astana-view

Абылай Мырзахметов: «Қазақстанда отандық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін «бірыңғай терезе» құрылатын болады»

2016 жылғы 10 Қазан
11268 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұнай-газ саласында ірі көлемдегі тапсырыс алу бойынша отандық тауар өндірушілерге тиісті көмек көрсететін болады

«Атамекен» ҰКП Қазақстанның мұнай саласында қызмет көрсететін кәсіпорындарға көмек көрсету және оларды дамыту жұмысын қолға алды. Оның ішінде, «Теңізшевройл» компаниясы отандық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы «Бірыңғай терезе» құру туралы келісім жобасын даярлаған. «Біз мұнай сервисі кәсіпорындары мен «ТШО»-ға қатысты шешімдер шығаратын барлық департаменттердің өзара қарым- қатынасының нақты тетіктері болуы керек деген ұсыныс айттық. Мұндай келісімді біз ұсындық, «ТШО» оған қолдау көрсетті», – деді Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов. Оның айтуынша, мұндай келісімге биылғы жылдың қараша айының басында қол қойылмақ.

Абылай Мырзахметов, сондай-ақ, сатып алулар жоспарларының ашықтығы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, бүгінде мұнай сервисі компаниялары оған барынша қызығушылық танытуда. Оларға ірі мұнай компаниялары жоспарлаған «жылдық қана емес, сонымен қатар, бес жылдық сатып алулар» туралы да ақпарат қажет екен.

Бұдан бөлек, Абылай Мырзахметов өзге де шешілмеген түйткілді мәселелерге тоқталып өтті. «Көп уақыттан бері ҚҚС (ред. – қосымша құн салығы) және кедендік баж туралы мәселе шешілмей келді. Ал Сіздің тапсырмаңыз бойынша (Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі – авт.) және Ұлттық экономика министрлігінің атсалысуымен жылдың соңына дейін мәселе шешіледі деп күтілуде. Бұл отандық бәсекеге қабілеттілікті нығайта түспек», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы.

Сонымен қатар, Ұлттық палатада Индустриалды сертификатқа қатысты мәселелерді талқылау жұмыстары жалғасуда. Энергетика министрлігінде құрылған «Алаш» отандық жеткізушілердің мәліметтер базасы туралы сөз қозғаған Абылай Мырзахметов мұнай-газ саласы бойынша тауарларды жеткізушілер мен қызмет көрсетушілердің және операторлардың арасындағы тікелей байланыс қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы атап өткендей, бұл мәселелер жұмыс тобының отырыстарында жиі көтеріледі екен. «Біз операторлар отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетеді деп сенеміз»,– деді Абылай Мырзахметов.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер