astana-view

Суды да табыс көзіне айналдыруға болады

2016 жылғы 18 Қазан
6801 просмотров

Қазақстан Үкіметінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қағидаттары бойынша су арналарын коммерциялау мүмкіндігі қаралды

Қазақстандық компаниялар инвестиция құю арқылы мемлекет серіктесі бола алады. Бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қалалық жерлерде сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін «өңірлік су арналарын мүдделі техникалық серіктеспен бірге басқаратын, бірыңғай операторға беру» туралы ұсыныс айтты. Бұл ретте министр бірінші кезекте, облыс орталықтарындағы су арналары туралы сөз қозғады. Осыған орай, министр «шығындары МЖС туралы заңда қаралған тетіктер арқылы өтелетін», «инвестициялық мүмкіндіктері бар жекеменшік серіктес тарту керек» деп санайды.

«Жеке су арнасының ерекшеліктеріне қарай, инвестициялық шығындарды қайтарудың қолайлы тетіктерін жасау қажет. Мысалы, тариф, инвестициялық шығындарды тікелей өтеу, мемлекет тарапынан берілетін субсидия және т.б.», – деді Қуандық Бишімбаев.

Бұдан бөлек, министр «МЖС бойынша пилоттық жобаларды қарызды тұрақты қайтарып келе жатқан Ақтөбе, Қызылорда, Павлодардағы су  арналарынан таңдау керек» деп санайды. Ол «бұл үшін су арналарының МЖС тетіктеріне кезең-кезеңмен өту кестесін, критерилерін, индикаторларын, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының мақсатты көрсеткіштері мен шарттарын жасау қажет», – деді. Бұл ретте, ҰЭМ өңірлердегі мемлекеттік қаржыландыруда ауылдық жерлерді сумен жабдықтауға басымдық беріп, қаланы сумен жабдықтауды бюджеттен тыс көздер арқылы дамытуды ұсынып отыр. Үкімет отырысы аяқталған соң, palata.kz тілшісі Қуандық Бишімбаевтан Қазақстанда су арналарын жекеменшікке алып, сумен жабдықтауды тиімді басқарып отырғандар бар ма деп сұрады. «Шымкентте 90-жылдардан бастап жекеменшік су арнасы бар. Және оларда шығын аз әрі бюджеттен аз көлемде қаражат сұрайды», – деп жауап берді ұлттық экономика министрі.

Қазақстан Даму банкінің Төрағасы Болат Жәмішев банктің МЖС жобаларын қаржыландыруға дайын екенін алға тартты. ҚДБ басшысы, су арналарын коммерциялау әрі оны қолданысқа беруге басқарушы компания жауап беруі тиіс дегенді келтірді. «Онда осыған сәйкес инвестициялық бағдарлама болуы қажет және осы жобаларды жүзеге асыруда өз қаражатымен де атсалысу керек», – деп атап өтті Болат Жәмішев. Оларды қаржыландыру ережелеріне келер болсақ, Болат Жәмішев ұлттық валютаға байланысты оң пікір білдірді. Себебі, валюталық тәуекелдер тарифтерге қатысты маңызды рөл атқармақ.

Әзірге аталған мәселе әлі ашық күйінде қалуда. «Қазақстан Премьер-министрі бұл мәселені жергілікті әкімдіктердің қарауына берді, жылдың соңына дейін қарап бітіреміз деген ойдамын», – деп жауап берді ұлттық экономика министрі palata.kz тілшісіне.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер