astana-view

Қызықты жобаларға – 10 жыл жеңілдік

2016 жылғы 19 Қазан
- Алматы қаласы
7667 просмотров

Алматы Кәсіпкерлер палатасы мен Венгрияның Сауда-өнеркәсіп палатасы халықаралық бизнес-форум өткізді

23 венгерлік компания Қазақстанға жаңа бизнес-серіктестер іздеп келген екен. Делегацияны Венгрия Республикасының ұлттық экономика министрі Михай Варга бастап келді. Қонақтар ауыл шаруашылығы, фармацевтика, энергетика, машина жасау салаларына, құрылыс және инженерия қызметіне қызығушылық танытып отыр. Венгрия Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде есептейтінін атап өткеніміз жөн.

Қала басшылығы қызықты жобалар 10 жылға дейін салықтық жеңілдіктерге, тіпті арнайы қолдауға ие болатынын атап өтті. Ал Қазақстанның ЕАЭО-ға мүшелігі 170 млн тұрғыны бар нарыққа шығуына жол ашады.

«Алматы – өңірдің қаржы орталығына айналды. Қазақстанға келген барлық тауарлардың 40%-ы біздің қаламыз арқылы өтеді. Мегаполис республика бюджетінің 30%-ын қамтамасыз етеді. Ал бұл кәсіпкерліктен түсетін салықтар. Doing Business халықаралық рейтингінің ақпараты бойынша, Алматы 189 елдің ішінде 41-орынды иеленеді. Бұл көрсеткіштен елімізде кәсіпкерлік үшін қаншалықты жағдай жасалғаны байқалады. Біз кәсіпкерлікті қолдау бойынша Италия және Израиль сынды елдерді басып оздық. Ал аталған көрсеткішке Алматы қаласының арқасында жеттік. Алматы қаласы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бүгінгі форумға жергілікті 80 компанияның өкілдерін шақырып отыр. Олардың барлығы ынтымақтастық орнатуға дайын», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Ерлан Стамбеков.

Екі жақты кездесу барысында ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Венгерлік және қазақстандық компаниялар зертханалық-диагностикалық жабдық жеткізу туралы келісімге келді. 2015 жылы Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымы шамамен 147 млн еуроны құрады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер