astana-view

«ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев Логистика және тасымалдау комитетінің төрағасы болып сайланды

2016 жылғы 24 Қазан
10137 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Логистика және тасымалдау комитетін бұған дейін  осы жылдың қыркүйек айында Елбасының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалған Асқар Мамин басқарған еді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Логистика және тасымалдау комитетінің төрағасын сайлау рәсімі Комитеттің 12-отырысында өтті. «ҚазАвтоЖол» АҚ Басқармасының төрағасы Ермек Қизатов аталған комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ұйымдастыру мәселелерінен бөлек, отырыста Логистика және тасымалдау комитетінің азаматтық авиация жөніндегі ішкі комитетінің құрамына өзгерістер енгізуге, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатындағы шараларды өткізуге, кәсіпкерлікті қолдау және дамытуды ұйымдастыру жөніндегі аккредитацияланған қауымдастықтардың жұмыс жоспарларын бекітуге қатысты мәселелер талқыланды.

Комитет отырысының қорытындысы бойынша «KAZLOGISTICS» Қазақстанның көлік және логистикалық ұйымдары мен қауымдастықтары одағының, Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қазақстан тасымалдаушылары және вагондар (контейнерлер) операторлары қауымдастығының, Теңіз көлігі кәсіпкерлері қауымдастығының, Кеме иелері мен теңіз индустриясы кәсіпкерлері қауымдастығының, Қазақстанның халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының жұмыс жоспарлары бекітілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Логистика және тасымалдау комитетінің қорытынды отырысы 2016 жылдың 23 желтоқсаны күні өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер