astana-view

Лотереяның бәрі ұтыс емес

2016 жылғы 26 Қазан
- Батыс Қазақстан облысы
7315 просмотров

Оралдық кәсіпкерлерге лотереялық ұйымдар және лотерея қызметі туралы заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру шаралары жүргізілді

Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі экономикаға қарсы басқармасының басшысы Серік Елгезековтің айтуынша, ҚР «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңы биылғы жылдың 2 қарашасында күшіне енеді. «Ықтимал заңбұзушылыққа байланысты салдарлардың алдын алу үшін, жалға берушілер белгіленген мерзімге дейін ҚР заңнамасының талаптарына сай емес лотереялық терминалдарды орнату туралы барлық келісімдерді бұзуы керек», – деп атап өтті Серік Елгезеков. Осы басқарманың қызметкері Марс Жанғазиев лотереялық терминалдардың, лотереялық ақпаратты өңдеу орталығының, лотереялық есеп орталығының, лотереялық жабдықтардың  техникалық талаптарын түсіндірді.

Орал қаласы прокурорының орынбасары Ерлан Сәрсенов Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отырған шаралардың маңыздылығын атап өтті. «Кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау осындай шараларға тығыз байланысты, – деді Ерлан Сәрсенов. – Кәсіпкерлердің қызметтеріне байланысты барлық жаңа заңдардан хабардар болғаны аса маңызды. «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңы ойын автоматтарының, оның ішінде жалған лотерея мен  букмекерлік орталықтардың жұмысын жоюға бағытталған. Қала кәсіпкерлерін заң бұзушылықтардан сақтандыру үшін, заң баптарын түсіндірген жөн», – деді ол.

Кәсіпкерлердің ойынша, осындай түсіндіру шаралары жиі жүргізіледі. Ол өз кезегінде кәсіпкерлердің заңнамадағы өзгерістерге тез бейімделуін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер