astana-view

Маңызды мәселелер талқыланады

2016 жылғы 27 Қазан
6849 просмотров

Бүгін Беларусь астанасы Минск қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Премьер-министрлерінің қатысуымен Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің отырысы өтеді

Отырыс барысында бірқатар мәселелер талқыланады. Атап айтар болсақ, аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау, қадағалау жүйесі және жаңа ЕАЭО Кеден кодексінің жобасы сынды мәселелер.

Одаққа мүше елдердің Премьер-министрлерінің кездесуі барысында, аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы келісімнің әрекет ету мерзімін ұзарту туралы хаттамаға қол қою жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетсек, аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау туралы келісімге 2015 жылдың 8 қыркүйегінде қол қойылып, пилоттық жобаның жүзеге асу мерзімі 2015-2016 жылдарға есептелген болатын.

Қадағалау жүйесіне қатысты келісім жобасы да кездесу барысында талқыланады. ҰКП ықпалдастық блогының хабарлауынша, құжат қазіргі таңда келісімдеу сатысында қаралып жатыр.

Қадағалау жүйесі бойынша келісім жобасы Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сауда айналымы аясында жүргізілетін импорттық тауарларды бақылауға бағытталған.

Сонымен қатар, Еуразиялық Үкіметаралық кеңестің отырысы аясында Кедендік кодекс туралы келісім жобасын қарау жоспарланып отыр.

Кедендік кодекс жобасы мақұлданған жағдайда, мемлекетішілік талқылауға жіберілетін болады. Ал жобаға осы жылдың желтоқсан айында Одаққа мүше елдердің Президенттері бас қосатын жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қол қойылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер