astana-view

Түркия тауарлары – жылдам әрі арзан

2016 жылғы 27 Қазан
- Атырау облысы
12760 просмотров

Түркиядан Атырауға келетін тауарларды жеткізу бағасы мен мерзімін енді барынша азайтуға болады

Бұл жөнінде Атырауда өткен құрылыс индустриясы саласына арналған Қазақстан-Түркия халықаралық форумы барысында түрік кәсіпкерлері мәлім етті. Шара ұйымдастырушылары Атырау Кәсіпкерлер палатасы қолдауымен қолға алынған Қара теңіз экспорттаушылары қауымдастығы болып табылады. Форумға отандық кәсіпкерлермен қатар, 15-тен астам шетелдік компания қатысты.

Шарада Түркия тарапы өкілдері жаңа логистикалық жобаны таныстырды. Оған сәйкес, Атырауға енді Грузия, Әзірбайжан, Каспий теңізі арқылы жету мүмкіндігі туып отыр. Сонымен қатар, Атырауға тауарлар енді Ресей арқылы автокөлікпен жеткізілмек. Бұл бар болғаны 2-3 күнді алады дейді түрік кәсіпкерлері.

«Бүгінгі таңда Қазақстаннан грузиндік Батуми қаласына келетін тауар пойыздары қайтар уақытта жүксіз келеді. Осы жағдайды неге пайдаланбасқа? Біздің жобаға сай, пойыздарға тауарды еркін түрде тиеп, оларды баратын жерлеріне дейін жөнелтуге болады. Мысалы, егер бұрын тауарды жүк көлігінде жеткізу үшін, 15 мың долларға дейін қаражат кеткен болса, енді бүгінде Түркиядан Қазақстанға жеткізу құны бар болғаны 5 мың долларды құрап отыр», – деді түркиялық Қара теңіз экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Ахмет Хамди Гюрдоган.

Оның айтуынша, дұрыс есептелген логистика тауарды тасымалдауға кететін қаржыны барынша үнемдеуге жол ашпақ. Алайда, бұл жеңілдік тауар құнына әсер етпеуі тиіс. Нәтижесінде, екі ел арасындағы тауар айналымын бірнеше есеге дейін арттыруға болады, дейді түрік қауымдастығы жетекшісі.

Кездесудің ресми бөлімі аяқталған соң, келіссөздер жергілікті және түрік кәсіпкерлері арасында В2В форматында өтті. Ұйымдастырушылар форум қос тарап үшін де пайдалы болмақ дейді.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы аумағында түрік капиталының үлестік қатысуымен 121 кәсіпорын тіркелген. Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында өңір мен Түркия елдері арасындағы ішкі тауар айналымы 122 млн АҚШ долларынан астам соманы құраған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер