astana-view

Әлеуеті зор әлеуметтік жоба

2016 жылғы 28 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
11796 просмотров

Жас кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамтуға арналған бірегей интернет-жоба әзірледі

Үш жасар қыздың анасы, уақытының көп бөлігі бала тәрбиесіне жұмсалатын Дарья Подкорытова өзі сияқты қашықтықтан атқаратын жұмысқа мұқтаж жандар үшін бизнес-идея ойлап тапты. Ал бұл істе оған демеу беріп, басты көмекшісі бола білген оның жолдасы, IT-технологиялар саласындағы жеке кәсіпкер Роман Подкорытов.

Ерлі-зайыпты инноваторлардың идеясы Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің қызығушылығын тудырды. Аталмыш Кеңестің жұмыс бағыттарының бірі әлеуметтік бизнес-жобалардың іске асуына көмектесу болатын. Дарья Подкорытова да өзінің инновациялық жобасын іске асыру үшін дәл осы жерге көмек сұрай келіпті. Қателеспеген екен. Кейін белгілі болғандай, осы жылдың шілде айында жасалған өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумның аясында Кеңес «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалымен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгеріпті.

Жоба авторының, Іскер әйелдер кеңесінің және «Даму» қорының мүдделері тоғысып, мақсаттары ортақ болғандықтан, Іскер әйелдер кеңесінің көмектесуімен жас бизнесвумен қатарлас кәсіпкерлер-замандастарына арналған «Startup «Bolashak» республикалық бизнес-жобалар байқауына қатысу үшін өтінім дайындап, оны Қордың өңірлік филиалына өткізді. Байқау жеңімпаздарының есімі 26 қараша күні белгілі болады. Олар «Болашақ» қауымдастығының 7 млн, 6 млн және 5 млн теңге көлеміндегі 3 грантын иеленеді. Одан бөлек, қызықты идеялардың авторлары инвесторлар мен «Даму» қорының тарапынан салынатын инвестицияларға үміт артуларына болады.

InService.kz жобасындағы бизнес-идея мазмұны: Мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларға нақты көмек бергісі келетіндерге арналған ақпараттық сұхбаттасу интернет алаңы. Оның негізгі міндеттері: мүмкіндігі шектеулі жандар туралы және оларды жұмыспен қамту туралы деректер базасын құру; мемлекеттік құрылымдармен ақпараттық сұхбаттасу алаңын құру; мүмкіндігі шектеулі жандарға менеджменттің ықпалдасқан басқару жүйесін (шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне арналған құжат айналым жүйесі) оқыту, салалық мониторинг жүйесі мен ақпараттық ресурстарға жедел жауап қату жүйесін әзірлеу; мемлекеттік қызметкерлер мен вакансия іздеушілерге арналған вебинарлар өткізу.

«Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыспен қамту бойынша қалай көмектессек екен деп бұрыннан ойлап жүргенбіз. Сондықтан жоба идеясын айқындап үлгердік, – дейді Дарья Подкорытова. – Біз ондай жандарға интернет арқылы қашықтықтан жұмысқа тұру мүмкіндігін ұсынғымыз келеді. Ол үшін біз бір алаңға жұмыс іздеуші мүмкіндігі шектеулі жандар мен Шығыс Қазақстанның жұмыс берушілерін жинаймыз, басшылық берген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау үшін әлеуетті жұмысшыларға менеджмент, іс жүргізу, маркетинг, копирайтинг сынды салаларды үйретеміз».

Дарьяның түсіндіруінше, біріншіден, бұл экономикалық белсенді тұрғындардың әлеуметтік жағынан қорғалмаған бөлігін жұмыспен қамтуға көмектеседі, екіншіден, жұмыс берушілердің қаржылық ауыртпалығын жеңілдетеді, өйткені олар ондай жандарға нақты атқарылған жұмыс үшін ғана ақы төлейді, қосымша ұйымдастыру шараларына, техникамен, жиһазбен жабдықтауға қаржы шығармайды және тағы басқа. Осылайша, InService.kz жобасы іске қосылса, бизнес те, қоғам да, мемлекет те пайда көреді.

«Мүмкіндігі шектеулі жандар қысым көрмесе екен деп ойлаймыз, өйткені көбінің жұмыс істеп, қоғамға қажет болғылары келеді», – дейді жас кәсіпкер.

InService.kz контентін тиімді толтыру мақсатында Подкорытовтар ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен, Жұмыспен қамту орталығымен, қоғамдық бірлестіктермен және мемлекеттік мекемелермен әріптестік орнатуда.

8 адамнан құралған топ Қазақстан үшін бірегей InService.kz әлеуметтік жобасын іске асыруға дайын отыр, енді «Startup «Bolashak» байқауының қорытындысын асыға күтуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер