astana-view

«ЭКСПО-2017» көрмесінің алғашқы нысандары тапсырылды

2016 жылғы 31 Қазан
11080 просмотров

Германия, Франция, Түркия, Венгрия және Қытай елдері ЭКСПО-қалашыққа алғашқылардың бірі болып орналаспақ

Тиісті жайларды тапсыру салтанатына қазақстандық тараптан «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қатысты.

Журналистер павильондардармен танысты. Әрбірі бірнеше жүз шаршы метр аумақты алып жатқан ғимараттардың бірнеше кіретін есіктері бар. Түстері біркелкі – сұр. Бірақ бұл уақытша екен. Себебі, қатысушы елдер Қазақстанды да, жалпы бүкіл әлемді де өздерінің ноу-хауларымен таң қалдырмақшы. Яғни, бұл павильондар әлі адам танымастай өзгереді деген сөз.

Әзірге павильондар бос тұр. Өйткені, павильондарды көрмеге дайындау жаңа жылдан басталмақшы. Әр павильонның өзінің ұлттық нақыштағы тақырыбы болады. Одан бөлек қатысушы елдер ұлттық кәдесыйлары мен ұлттық асханасын ұсынбақ.

Алғашқы павильондарды ашудан бөлек бүгін «ЭКСПО-2017» көрмесінің басқа да нысандарының ашылуы өтті. Олар: 1374 пәтерлік ЭКСПО-қалашық, ЭКСПО-кеңсе, ішкі істер бөлімінің ғимараты мен Энергияны зерттеу орталығының ғимараты. Журналистер ЭКСПО-қалашықты аралауға мүмкіндік алды. Ол шетелдік қатысушыларға арналған тұрғын үй құрылысы. Қалашықты басқарушы компанияның төрағасы Ғалымжан Қарымсақовтың айтуынша, қалашықтың үйлеріне қажетті құрылыс заттары мен жиһаздардың барлығы қазақстандық өндірушілерден алынған. Пәтерлер дайын. Мұнда барлық жағдай жасалған. Қонақ бөлме, жатын бөлме, ас үй, тұрмыстық техника – бәрі бар. Бұл тұрғын үйлер жалдауға беріледі. Алғашқылардың бірі болып бұл үйлерге «бронь» жасаған елдер – Қытай мен Франция екен. Қалашық тура ЭКСПО-ның аумағында орналасқан. Кеңседен үйге жаяу жетіп алуға болады. 

Жаңа Конгресс-холлдың, үш, бес жұлдызды қонақүйлердің, «Мега-плаза» сауда орталығының құрылысы жалғасып жатыр. Құрылыс жұмыстары күн өткен сайын қарқынды жүруде.

ЭКСПО-2017-нің басты нысаны – қазақстандық павильонға журналистерді кіргізбеді. Өйткені, онда құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр екен. Айта кетейік, шынымен көмкеріп жатқандықтан, оның құрылысы өте ерекше болмақ. «Астана-ЭКСПО-2017» көрмесі әкімшілігінің хабарлауынша, қос қабатты әйнектер қолданылуда. Олар ғимараттың ішіне көшедегі шуды естіртпейді. Сферада бірнеше мұражай ашылады деп күтілуде. Олар: жоғары технологиялар мен Қазақстан халқының тарихы мұражайлары.

Жуырда «Астанада ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы елдер комиссарларының кездесуі өтеді. Онда көрмеге қатысудың ережелері мен павильондарды пайдаланудың мақсатты қағидалары талқыланбақ.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер