astana-view

Нұржан Әлтаев: «Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы елдердің ондығына енетін мүмкіндігіміз бар»

2016 жылғы 04 Қараша
12437 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қытайға экспорт!» қозғалысына қатысты бастама көтерді

«Атамекен» ҚР ҰКП қабырғасында қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына шығару мәселелеріне байланысты баспасөз мәслихаты өтті

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев «Қытайға экспорт!» қозғалысының мақсат-міндеттері туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бұл қадам отандық ауылшаруашылық өнімдерін және азық-түлік тауарларын өндірушілерге өнімдерін Қытай нарығында ұсынуға қолайлы жағдай туғызады. Жалпақ тілмен түсіндіргенде, қазіргі мұнай бағасы түсіп тұрғанда, қазақ халқына ата кәсібіне оралып, кезінде жұрт жаппай көшіп, бос қалған ауыл тірлігін қайта жандандыруға мүмкіндік бар.   

«Қасымызда Ресей мен Қытай сынды екі үлкен нарықтың орналасқаны белгілі. Әр жақта Иран тұр. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек. Ішкі нарықтан тыс, көрші елдерге ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарған абзал. Өздеріңізге мәлім, Елбасы Қытайға сапарында осы мәселені көтерген болатын. Осы орайда көптеген шектеулер алынып тасталуда. Мәселен, өткен жылы ғана Қытай 7 млн тонна сиыр етін, 200 мың тонна бақша өнімдерін, 3 млн тонна бидай, 11 млн тонна арпа, 7 мың тонна бал өнімдерін сырттан сатып алған. Бұл көрсеткіште Қазақстанның үлесі аз ғана. Сондықтан елімізде экспортқа өнімдер шығатын фермерлерге, кооперативтерге жеңілдетілген несие, қаражат беріліп, қолдау көрсетілуде. Дегенмен Қытай нарығын бағындыру оңай емес. Тауарды апара салуға болмайды. Талап қатаң, біраз тексерулер мен сертификаттау сатылары бар. Сол үшін біздің сайтқа кіріп, анкетаны толтырып, ветеринарлық тексерістен өткен шаруаның материалдары Қытай жағына табысталып, ол жақтан келетін инспекция бәрін тереңінен зерделеп, сертификат береді. Мысалы, бал шаруашылығында 1500 кәсіпкер бір кооперативке бірігіп, өнімдері Қытай нарығына жол тартты», - деді Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, Қытай нарығы қазақстандық өнімдерді өткізу көлемін кеңейту жолы ғана емес. Бұл арқылы тауар өндірушілер өз өнімін әлемдік деңгейдегі баға бойынша сатып, өзіндік шикізат өндірісін ынталандыра алады және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмыс ауқымын көбейтеді. Аграрлық саладағы әлемдік саудада Қытай азық-түлік импорты жағынан Еуропа одағы мен АҚШ-тан кейін үшінші орында тұр. Қытай Халық Республикасы дүниежүзіндегі ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруші ғана емес, алпауыт импорттаушы да. «Атамекен» ҰКП Қытайды маңызды сауда серіктесі ретінде қарастырып, Қазақстан өнімдерін Қытай нарығына шығаруға қатысты жұмыстарды жүргізуде және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, қазіргі уақытта белгілі бір шектеулер қойылған өнім түрлеріне байланысты кедергілерді жоюға белсенді атсалысуда. Бұл жерде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы арасында қазақстандық өнімдерді экспорттау, астықтың экспорттық партияларына, соя өнімдеріне, жылқы тұқымдас жануарларға фитосанитарлық талап туралы хаттамаға қол қойылған.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорт мәселесін қарастыратын 30 ауыл шаруашылығы өнімі бойынша құжаттар келісілуде. Мұнда ҚХР тарапынан жүргізілген аудит есебі мен экспортқа рұқсат етілетін кәсіпорындарды сертификаттау негізінде сиыр, қой еттеріне шектеулердің алынып тасталатыны, экспортқа дайын жекелеген қазақстандық кәсіпорындардағы бал шаруашылығы өнімдері өндірісі мен қайта өңдеу жүйесіне бірлескен инспекция жүргізу, арнайы тізілімге қосып, экспортты бастау, құс етінен таңдаулы өнімдерге құс тұмауына байланысты жасалған тыйымдарға ветеринарлық аудит жүргізу күтілуде екен. 59 басымдыққа ие тауар түрлері туралы ақпарат әзірленіп, 335  кәсіпорынның тізімі жасақталған. Экспорттаушы кәсіпорындар өндіріс қуатын, бағалары мен жеткізу шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныстарын дайындауы тиіс. Қытайдың сауда ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. JUMORE электрондық сауда алаңымен меморандумға қол қойылғаны белгілі. Онда Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасындағы деректер, инвестициялық жобалар тізімі, Қытай нарығында сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті өнімдер мен кәсіпорындар жайлы мағлұмат орналастыру көзделуде. Ал бұл, Қытайдағы сауда келісімдерінің көбісі онлайн жүретінін ескерсек, аса өзекті. Тағы бір атап өтер жайт, жиында, Қытайға экспорттың жолға қойылуы ішкі азық-түлік қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізбейтіні мәлімделді.       

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаев, министрлік отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойылған іс жүзіндегі тыйымдар мен шектеулерді алып тастау, Қытай нарығына қолжетімділікті қамтамасыз етуде өсімдік шаруашылығы өнімдеріне фитосанитарлық талаптарды регламенттеу бойынша жұмыстар жалғасуда екенін жеткізді.

«Кәсіпкерлердің өздерінен түскен өнімдерге байланысты сиыр, қой еттері, бал өнімдері, балық өнімдері секілді басым бағыттарды анықтадық. Мысалға, балық шаруашылығында Қытайға тауар жеткізетін кәсіпорындар ауқымы кеңейді, бүгінде тізілімде 24 қазақстандық кәсіпорын тұр. Қыркүйектегі бал шаруашылығына жасалған инспекцияның жауабын күтіп отырмыз. Сиыр мен қой еттерін экспорттауда да алға жылжу сезіліп, мал ауруы шықты деген 9 өңірден шектеу алынып тасталды. Қалған облыстарды да қауіпсіз деп тануды талап етпекпіз. Бүгінде өнімдер инспекциясы мен кәсіпорындарды тексеруді бір уақытта жүргізуді ұсынудамыз. Жылқы тұқымдас жануарлар етіне де қызығушылық зор», - деді ол.

Қазақстан Ет одағының президенті Мақсұт Бақтыбаев бүгінгі таңда қажетті инфрақұрылымның қалыптасқанын келтіріп, өнім сапасын жоғарылату, табиғи сипатын насихаттау, брендтік мәртебеге көтеру керектігін нұсқады. Сарапшы экспорт бағытында кемшіліктер жіберіп алмауға шақырды.

«Қытай өзіне импорттайтын миллион тоннадай сиыр етін біз жыл сайын жеткізе аламыз. Бірақ бұл үшін жайылымдағы мал басын көбейткен жөн»,  деді Одақ жетекшісі.    

Картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисебаев сөз арасында Қытайда картоп крахмалына зәруліктің бар екенін жеткізді. Бұл аталмыш саладағы өңдеу саласын дамытудың айқын алғышарты.

Отандық тауар өндірушілерді Қытайға экспортталатын ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларының ерекшеліктері туралы ақпараттандыру мақсатында, www.palata.kz сайтында «Қытайға экспорт!» айдары ашылды. Мұнда әр әлеуетті тауар экспорттаушы қажет мағлұматты таба алады. Мәселен, нені экспортқа жіберуге болады, өнімге қойылатын талаптар қандай, Қытайға өнімді кіргізетін өткел қосындары, яғни Қытай нарығына шығудың егжей-тегжейлі сызбасы көрсетілген. 

Қазақстандық кәсіпкерлер барлық ақпаратқа сall-орталықтың 8-800-080-80-10 нөміріне қоңырау шалып немесе export@palata.kz электрондық мекен-жайына сұрау салу арқылы қаныға алады. Сонымен қатар, тікелей сұхбат үшін Facebook әлеуметтік желісінде «Атамекен. Қытайға экспорт» тобы ашылған. 

Аталған бастаманы жүзеге асырумен «Атамекен» ҰКП-ның еншілес ұйымы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы шұғылданатын болады. Қытай нарығындағы жоғары сапалы және табиғи өнім ретінде, қазақстандық тауарлардың танымалдылығын арттыру үшін бірыңғай бренд жасау жұмысы жүргізілуде. Бұл брендті «Атамекен» палатасымен бірге басқа да мүдделі мемлекеттік мекемелер насихаттайды деп межеленуде.

«Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін Қытай нарығына шығару – біздің басымдық беріп отырған міндетіміз. Қытай нарығына қазақстандық ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларын экспортқа жөнелту бойынша нақты Шаралар жоспары құрылған. Шын мәнінде Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы елдердің ондығына енетін мүмкіндігіміз бар», - деп қорытындылады ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. 

Қытай жыл сайын 115 млрд АҚШ долларынан астам сомаға азық-түлік өнімдерін импорттауда. Ал қазақстандық өнімдердің бұл жердегі үлесі 0,1%-дан аспайды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер