astana-view

«Атамекен» туризмді дамытуға байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды

2016 жылғы 04 Қараша
6377 просмотров

Туристік саланы дамытудың өзекті мәcелелері ҚР Үкіметі жанынан құрылған Туризм жөніндегі кеңес отырысында талқыланды

Еске салсақ, биыл 15 тамызда, ҚР Премьер-министрі Алматы қаласына жасаған сапары кезінде Премьер-министрдің бірінші орынбасарының басшылығымен туристік саланы дамыту жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, оның аясында туристік саланың проблемалық мәселелерін қарауды тапсырды.

Туризм жөніндегі кеңес отырысында туризм саласындағы проблемалық мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар қаралды. Оларды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген. Қаралған мәселелер қатарында визалық және көші-қон режимін жақсарту жөніндегі шаралар, туристік салаға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, инфрақұрылым мен логистика, маркетинг пен сату, туристік саланы реттеу және институционалды шаралар, көшпелі туризм саласындағы заңнаманы жетілдіру бар.

Аталған мәселелер аясында бірінші кезекте келесі міндеттерді орындау қажет:

Шекара және көші-қон бақылау саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдануға бағытталған «Бүркіт» біртұтас ақпарат жүйесін жаңартуға қаражат  бөлу қажеттілігі; белгілі бір елдерден келетін транзиттік жолаушыларға Астана және Алматы қалаларына 72 сағатқа  визасыз кіру мүмкіндігі (ЭКСПО кезінде пилоттық жоба ретінде); жасалып жатқан Салық және Кедендік кодекстер аясында ішкі және сыртқы туризм саласында салықтық ынталандыру шараларын іске қосу; туристік мақсаттарда айрықша қорғалатын табиғи аймақтар жерлерін, мемлекеттік орман және су  қорларын тиімді пайдалану мәселелерін шешу; Туристік инфрақұрылымды дамытудың өңірлік жол карталарын қаржыландыру; ел беделін шетелде және ел ішінде ілгерілету мақсатында ИДМ мемлекеттік қызметін беру үшін Туризм жөніндегі ұлттық қор құру және өзге де саладағы маңызды мәселелерді қолға алу.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі жанындағы Туризм жөніндегі кеңес, жалпы алғанда, туризм саласындағы проблемалық мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарды мақұлдады. Бұл мәселелер осы айда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына берілетін болады.

Туризм жөніндегі кеңес төрағасы, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек отырыста көтерілген мәселелерді шешу туралы тиісті тапсырмалар берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер