astana-view

Аспаздықтан соң кезек - ісмерлікте

2016 жылғы 07 Қараша
- Қостанай облысы
9891 просмотров

Қостанай облысының Арқалық қаласына Канададан жеңіл өнеркәсіп саласының сарапшысы Алекс Вега келді

Ол аталған моноқалаға жергілікті ателье иесі Ғалия Ерғалиеваның шақыртуымен ат басын тіреді. Алекс Вега өндірісті жетілдіру және кеңейту мақсатында өз тәжірибесімен бөліспек.

Ғалия Фаруазқызы  жаппай мектеп формасын тігуді жолға қою үшін, шетелдік маманның сөзіне құлақ түру керек деп шешкен.  Ол жұмысқа заманауи тәжірибе мен әдіс-тәсілдерді енгізбей, халық сұранымын сапалы деңгейде қанағаттандыру мүмкін емес екеніне сенімді. Бастама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Сол себептен ол «Бизнестің жол картасы-2020» – «Аға сеньорлар» бағдарламасы аясында Кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен шетелден маман шақырып отыр.

Алекс Вега тоқыма кәсіпорындарында 45 жылдық халықаралық тәжірибесі бар маман, оның ішінде Канадада 25 жыл үздіксіз қызмет еткен. Тігін машиналарын орнатуға, киім пішуге, тігуге және түрлі маталардан киімді сəндеуге әбден машықтанған. Сонымен қатар оның жеңіл өнеркәсіп саласындағы халықаралық сапа стандарты бойынша да білімі бар.

«Біз онымен жұмыс істей бастадық. Жалпы қысқа мерзім ішінде соншама тәжірибе жинау дегеніңіз миға сыймайтын нәрсе сияқты. Әрине, біз үшін соны дүниелер көп. Алекс «елдер баяғыда дамып кеткен, сендер әлі ескі бағдарламамен жұмыс істейсіңдер» деп қалжыңдайды. Маған тіпті Алекс Веганың кеңесін тыңдауға таныстарым келді. Бір сөзбен айтқанда  іссапар нәтижелі болмақ. Біз кәсіпорнымызды кеңейткіміз келеді, себебі енді қай бағытта жұмыс жасауды, тиімділікті қалай көтеруді білеміз», – деді Ғалия Ерғалиева.

Канадалық қонақ киім тігу бойынша қостанайлық кәсіпорын жұмысымен танысып үлгерді. Ол «Большевичка» фабрикасында болып, оның тарихы мен өндіріс көлемін бағалады. Сонымен қатар жеке тапсырыс бойынша концерттік костюмдер мен үйлену тойы киімдерін тігетін «Евгения» деп аталатын жеке ательеде болды. Нәтижелер Алексті таңқалдырғаны соншалық, ол ателье иесіне бірге жұмыс істеуді ұсынды. Алекс олармен келісімге қол қойып, ағылшын тілін үйренуге кеңес берді.

Бұл «Аға сеньорлар» бағдарламасы аясында солтүстікамерикалық сарапшылардың Қостанай облысына жасаған екінші сапары. 2016 жылдың қыркүйек-қазан айларында «Пищекомбинат» ЖШС және «Дәмді» ЖШС-нің шақыртуымен, өңірге Канадалық бас аспаз Брайн Фордхэм келген болатын. Ол компания қызметкерлеріне өзінің аспаздық рецептілерімен және кәсіби құпияларымен бөлісіп, өндірістік жұмысты жақсартуға көмегін тигізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер