astana-view

«Туристік Қамқор» қоры барлық мәселені шеше алады ма?

2016 жылғы 18 Қараша
7492 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында төтенше жағдайда туристерді Қазақстанға шұғыл қайтарудың жүйесі талқыланды

Сыртқы туризм саласындағы азаматтық құқыққа кепілдік беру жүйесі мен «Туристік Қамқор» қорының қызмет сапасын талқылаған жиын өтті, оны ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева өткізді. Жиынға ҚР Инвестиция мен даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментінің өкілдері мен бизнес-қауымдастықтың 100-ге тарта өкілі қатысты. Жиналыс бейнеконференция режимінде өтті, оған Қазақстанның барлық өңірі қосылды.

«Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рей қор қызметінің механизмін таныстырды. Бұл қор төтенше жағдай туғанда шетелде жүрген туристерді Қазақстанға қайтарумен айналысатын болады. «Егер қайтару рейсін ұйымдастыру барысында көп уақыт кететін болса, туристерді орналастыру бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Халықаралық жолаушыларға қызмет көрсету нормативі бойынша екі сағаттан кейін суық тамақ ұсынылады, төрт сағаттан кейін ыстық тамақ беріледі, алты сағаттан соң түнейді, осы ереженің бәрін біз орындаймыз. Қонақүйден әуежайға дейін көлікпен қамтамасыз етуге тиіспіз, қажет кезде денсаулыққа күтім де жасаймыз», – деді ол.   

Егер туроператордың кесірінен келген елінен шыға алмай қиналса, онда туристер Қорға хабарласып, немесе сайт арқылы хат жазып, туристік кодтың нөмірін айтуы керек дейді Рей. Содан соң жүйенің әкімшісі Жүйенің әкімшілік кеңесінің шұғыл жиынын шақырып, туристерді қайтару мәселесіне қатысты шешімдер қабылдайды, қызмет көрсетуді ұйымдастырады, клиентке қажет ақшаны есептеп, анықтайды. 

«Туристік Қамқор» қорының төрайымы 7 қарашадан бері жұмысын бастап кетті. Жүйеге ену үшін туроператор www.fondkamkor.kz сайтындағы мына өтінішті толтырып, жүйе әкімшілігімен келісімге отырады. Сосын жүйе әкімшісі жүйенің қатысушысына куәлік береді. Қорға мүше болмай тұрып туроператор банкпен кепілді келісімге отыруы тиіс, алайда 1,5 айға банк кепілдігін кешіктіруге рұқсаты бар туроператорға қормен келісімге отыра беретін мүмкіндік бар.

Қормен келісімге отырған туроператорлардың барлығы туроператорлар тізіміне енеді

«Туристік агенттікке келген турист туркод алуы тиіс. Ол үшін туристік агент туроператорға турөнім төлейді, туроператор туристік агентке туристік код береді, туристік агент оны туристке ұсынады. Одан ары қарай турист бұл ақпаратты сайттан тексеріп алуына болады», – дейді Рей.    

Юлия Якупбаева туристік саланың өкілдерін талқылауға белсене қатысуға шақырды, бірінші ескертпені де өзі айтты. «Меніңше, қордағы ұжымдық басқару жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Әкімшілік кеңестің Ереже жобасын қарап шықтым, бұл бақылаушы орган екенін алдында да айтып өткен едік, ол директорлар кеңесімен қатар төтенше жағдайды мониторингке қойып, жұмыс барысында өзінің кеңесін беріп, қоғаммен байланысқа шығуы тиіс. Ал, қазір біз әкімшілік кеңестің жауапкершілігін қарап отырсақ, ол арнаулы шоттың қаржысын қолданумен ғана шектелетін, ревкомиссияның құрамын бекітіп, жұмыстың уақытын нақтылау бойынша ғана шешім қабылдайды екен», – деді ол.  

Туроператорлар келісімге отырып жатыр ма, тізім қалыптаса бастады ма деп сұрап еді, жүйе жұмысын бастап кетті деген жауап алды. Қордың өкілдері бүгінгі таңда 22 туроператор сайттағы электронды тіркеуден өткенін, келісімге отырғанын баяндады. Кепілдік алғандары туристік кодтарын рәсімдеп жатқан көрінеді. Отыздай компания келісімге отыруға дайындалып жатыр.     

«Біздің міндетіміз – осы жүйені қалыпқа келтіру, мемлекеттік органмен бірге туындаған мәселелерді реттеу. Кемшіліктердің барлығын жөндеу керек. Осы қаулының бәрін талқылаған кезде мәселенің бәрін келешекте реттейміз деген келісім болған. Қор жұмысын енді ғана бастады, сондықтан барлық кем-кетікті талқылап алуымыз керек», – деді Юлия Якупбаева.

Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева бұл жүйеде туристік агенттер қалай жұмыс жасауы тиіс деп сұрады.

«Туристік агент туроператордан өнімді алып, сатып алушыны тапқан кезде тур сатылды деп хабарлауы керек, ары қарай жүйенің логині мен паролін алып, туристік код бар ма деп тексеруі тиіс», – деді Инна Рей.

Жиын барысында қандай турөнім, қанша турист үшін туристік код берілетіні туралы сауал қойылды. «Шын мәнінде сұрақ деген өте көп, әсіресе түсініп алу жағынан қиын тиіп жатыр. Қалай жұмыс істеу керек? Не үшін туристік код алу керек? Бұл нәрсені тек туристік операторлардың еркіне берсек, бұл қаншалықты дұрыс болмақ?», – деп сұрады Юлия Якупбаева Туризм индустриясы департаментінің өкілі Қайрат Сәдуақасовтан.

«Туристік өнім  – кешенді қызмет көрсету. Егер қонақүйді бөлек сататын болсаңыз, авиабилетті бөлек сатсаңыз, онда сізге ол берілмейді», – деп жауап берді ол.

Жиын кезінде қызу талқы жүрді. Кездесудің қатысушылары қордың өкілдері мен өкілетті мемлекеттік орган өкілдеріне сұрақты жаудырды. Ең жиі қойылған сұрақтар мыналар болды:

  • Егер туроператордан көрсететін қызметті бөлек-бөлек сатып алса, туркод беріле ме (мысалы, авиабилетке, жердегі қызмет көрсетуге);
  • Егер туристік пакетте чартерлік емес, тек кезекті авиа ұшу болса, туристік код алу шарт па (оны әуе компаниясы онсызда кепілді түрде бермей ме);
  • Туроператордың кесірінен туристік пакетте көрсетілген қызметтер көрсетілмесе, туристер не істеу керек?;
  • Қордан туристік код алу үшін ұсынылатын туристің жеке мағлұматының сақталуына кім кепіл болмақ?;
  • ТМД елдеріне туристер жіберетін туроператорлар қандай кепілдік беруі керек?

Қордың құжаттарына қатысты бірқатар мәселелер қозғалды – Қор мен туроператор арасындағы келісім, Қордың кеңесі туралы жарғы және т.б.

Юлия Якупбаева талқыланып отырған тақырыптың маңыздылығына тоқталып өтті, барлық тараптардың конструктивті диалогқа шығуын сұрады. Талқылаудан кейін реттеушінің, қор мен ҰКП сайттарында жиі қойылған сұрақтар тізімі мен олардың жауаптары жарияланатынын айтты.

ҚР ҰКП осы нарықтағы мәселелер жиынтығы сұрыпталып, ҚР Инвестиция мен даму министрлігіне ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Маминның төрағалығымен 24 қараша күні өтетін жұмыс тобының талқысына жіберіліп, ары қарай туризм туралы заңнамаға өзгерістер мен қосымшалар ретінде енетіні айтылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер