astana-view

Қажеттінің бәрі бар

2016 жылғы 18 Қараша
9740 просмотров

Республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында отандық тауарлардың саналуан түрі ұсынылды

Көрме-байқауда 140-тан астам қазақстандық өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Олардың барлығы да Астана, Алматы қалалары мен өзге облыстарда өткен «Қазақстанның үздік тауары-2016» байқау-көрмесінің өңірлік кезеңінің жеңімпаздары.

Байқау дәстүрлі түрде үш аталым бойынша өтеді: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары».

Көрмеден жиһаз, жарық-диодты жабдықтар, медициналық дәрі-дәрмектер, киім-кешектер мен аяқ киімдер, кондитерлік өнімдер, құрғақ жылқы сүті, кілемдер мен кәдесыйлар сияқты өнімдерді көруге болады.

Мәселен, медициналық дәрі-дәрмектер шығаратын алматылық «Досфарм» компаниясы көрмеге өз өнімдерін қойды.

«Біздің нарыққа шыққанымызға15 жылдан асты. Көзді емдейтін дәрі-дәрмектер, тамаққа себуге арналған спрейлер, құлаққа тамызуға арналған дәрілер шығарамыз. Спирт, повидон-йод, мироксидин сияқты антисептиктер мен дәруменнің түр-түрі бар. Бағасы жағынан біздің тауарларымыз шетелдік тауарларға қарағанда едәуір арзан. Біз үшін дәрілер тұрмыстық жағдайына қарамастан, әрбір адамға қолжетімді болуы маңызды. Олар аса қымбат емес, бірақ сапасы өте жақсы», – дейді компанияның маркетологы Ирина Нелепа.

Компания өкілі атап өткендей, компания өз өнімдерін ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да, яғни Қырғызстан мен Әзірбайжанға да шығарады. Маркетологтың пікірінше, көрме қазақстандықтардың басын қосып, оларға отандық өнімдер туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

«Көбісін Қазақстанда халықаралық деңгейге өнімдер шығаратын өндірушілер бар екендігі таң қалдырды. Оның үстіне өнімдер бәсекеге қабілетті және біз олармен мақтана аламыз», – деп атап өтті Ирина Нелепа.

«Экспо кәдесый» ЖШС өкілі Людмила Щукина бұл батысқазақстандық компанияның нарыққа шыққанына 17 жыл болғанын және өткен жылы «Алтын сапа» байқауының жеңімпазы атанғанын айтты.

«Кәдесыйлар өндірісі үнемі жетілдіріліп жатыр, қазіргі сәтте біздің компаниямыз толық циклде жұмыс істейді. Өнімдеріміз заман талабына сай болғандықтан, сатып алушылар да көп. Кәдесыйларды көрші Самара облысына тасымалдаймыз, Самара қаласында өкілдігіміз бар. Көптеген халықаралық көрмелерге қатысып жүрміз, сондықтан өнімдеріміз бүкіл әлемге таралады деп ойлаймын», – деп атап өтті Людмила Щукина.

Ол, сондай-ақ, «Экспо кәдесый» шығаратын әрбір қуыршақтың есімі мен тарихы бар екенін келтірді. Ең бастысы, компания бұйымдарды жергілікті материалдардан жасауға тырысады, мәселен, осы жақта өсетін теректер мен жергілікті тон шығаратын зауытта шығарылатын өнім қолданылады. Осылайша кәсіпкерлер бір-біріне қолдау көрсетеді.

Көрмедегі елдің назарын аударған экспозициялардың бірі қостанайлық «Сарыарқа» ЖШС компаниясы шығарған қазақстандық электромобиль болды. Компания менеджері Артем Корнейчуктың айтуынша, қазіргі таңда автомобиль сынақтан өткізіліп жатыр, соның нәтижесі бойынша, сериялық өндірісті бастау жоспарланған.

«Біз көктемде, жазда автокөлікті сынақтан өткіздік. Енді электромобильдің қыста қалай жүретінін байқаймыз. Сол зерттеулер аясында сериялық өндірісті жоспарламақпыз. Автомобиль әдеттегі 220 немесе арнаулы 380 ватт желісінен қуат алады. Алдыңғы жағында арнайы істікше бар және соған желіге арналған адаптер жалғанған», – деп түсіндірді компания өкілі.

Менеджердің сөзінше, автомобильді жол бойында қуаттандыру үшін, компания автожанармай құю станцияларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.

«Қазір біздің автомобильдер бензинмен жүретін автомобильдерге қарағанда 70%-дай қымбат, бірақ уақыт өте келе, бұл бағаны бензинмен жүретіндердің бағасына дейін арзандатуды жоспарлаудамыз. Қазақстан үшін бұл өте өзекті деп ойлаймын. Өйткені электр қуаты бензиннен арзанырақ және ол экологиялық тұрғыдан қауіпсіз», – деп атап өтті Артем Корнейчук.

Естеріңізге сала кетсек, әр аталым бойынша байқаудың жеңімпаздары республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің белгісімен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ олар төрт жыл бойы байқаудың белгісін жарнамалық мақсаттарда пайдалану құқығына ие болады.

Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі желтоқсан айының басында өтеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер