astana-view

Шымкент Әзірбайжан кәсіпкерлеріне де ұнады

2016 жылғы 21 Қараша
8112 просмотров

Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Рашад Маммадов бастаған әзірбайжандық кәсіпкерлер делегациясы Оңтүстік Қазақстан бизнесмендерімен кездесті

Кәсіпкерлер палатасына Әзірбайжан елшісі Оңтүстік Қазақстан облысына өз елі мен осы өңірдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды өркендету үшін кәсіпкерлік субъектілерін өзара түйістіру мақсатында келгенін айтты. Бұған дейін делегация Қазақстанның бірнеше өңірін аралаған екен.

Сыйлы қонақтар Әзірбайжанның экспорт әлеуетін таныстырып, өз кәсіпорындарының экономикалық мүмкіндіктерін көрсетті. Олар кәсіпкерлерге «Ақтау» теңіз айлағында әзірбайжандар салған жаңа логистикалық орталық туралы әңгімеледі. Олардың айтуынша, Әзірбайжанда аграрлық сектор жақсы дамыған, жергілікті тұрғындар өзін-өзі азық-түлікпен қамтиды. Бүгінгі таңда әзірбайжандық жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қазақстандық нарыққа, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына да экспортталады. Бірақ бұл саладағы бизнес жекеге бөлініп, бейберекет кетіп барады: мәселен, өте көп импортталатын – жемістер мен шайлар – ОҚО-ға жекеменшік КамАЗ-дармен жеткізіледі. Сондықтан әзірбайжандық тарап осы кездесуге тауар мен шикізат жеткізудің екі жаққа тиімді жолын қарастыруды мақсат етіп келген. «Біз Қазақстанға «Әзірбайжан» деген брендпен шығатын тауарды экспорттауға әзірміз, Оңтүстік Қазақстанның шикізатын да, дайын өнімін де өз елімізге жеткізуді мойнымызға аламыз».   

Қазақстан кәсіпкерлері, оның арасында «МР және К» ЖШС директоры Мырзахмет Сынабаев ОҚО-да анар шырынын шығаруға қызығушылығы барын жеткізді. Қонақтар Оңтүстік Қазақстандағы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің ұйытқы болуымен, қазақстандық-әзірбайжандық ортақ кәсіпорындар құруға пейілді екендіктерін білдірді.

Әзірбайжанның туристік әлеуеті туралы ақпараттар да аса пайдалы болып шықты, екі елдің арасында ішкі туризмді дамытуға арналған тәжірибе алмасу жүзеге асып жатыр екен. «Әзірбайжан елінде туризм жақсы дамыған, біздің елге сапарлайтын туристер көп, көпшілікті шаңғы тебу шипажайлары қызықтырады. Елде барлық климаттық жағдай жасалған. Қонақтар арасында – қазақстандықтар да көп. Біздің шипажайлар оңтүстікқазақстандықтардың да қызығушылығын тудырса, оған тек қуанамыз», – деді Рашад Маммадов. 

Кездесу соңында Кәсіпкерлер палатасы әзірбайжандық тарапқа ОҚО бизнесмендерінің коммерциялық ұсыныстары мен сектор бойынша жергілікті компаниялардың тізімін беретін болып келісті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер