astana-view

Сенат депутаттары «Атамекен» жұмысына оң баға берді

2016 жылғы 24 Қараша
8436 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасарлары кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі жекелеген бастамаларын жеткізді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелерімен бірге шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау және Кәсіпкерлік кодексті іске асыру шараларының тиімділігін талқылады. Шараға Ұлттық экономика министрлігі және басқа да құзыретті мемлекеттік органдар  басшылығы қатысты.

Ұлттық палата бизнесті жүргізу жағдайын жақсартуға бағытталған заңнаманы, соның ішінде азаматтық заңнаманы жетілдіру ісіне өз үлесін қосуда. Аймақтарда бизнесті жүргізудің жеңілдігін анықтайтын «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингісі тұрақты іске асырылуда.

«Атамекен» өз қызметін бастағаннан бері биылғы жылдың маусымына дейін кәсіпкерлерден бизнесті қорғау мәселелері бойынша 13654 өтініш келіп түскен. Өтініштердің басым бөлігі – құқығының бұзылғандығы туралы кәсіпкерлердің шағымдары. Бұл дегенініңіз – бизнес-қоғамдастықтың Ұлттық палатаға деген сенімі күшейген. Сонымен қатар отандық бизнес салаларында көптеген мәселелер бар екенін білдіреді. Өтініштердің көбі келесі бағыттарға байланысты: салық салу – 13%, жер мәселесі бойынша – 13%, сатып алулар – 10%, даулар – 7%, сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 7%, заңдық қолдау – 7%, агроөндірістік кешен – 7%.

Палата сарапшылары соттарда, уәкілетті мемлекеттік органдарда кәсіпкерлер мүдделерін қорғайды, қадағалаушы органдар айыппұлдар мен өсімпұлдарды заңсыз есептегенде көмектеседі. Қылмыстық қудалау органдарымен қарым-қатынас жақсаруда және консультативті-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ұлттық палата құрылғаннан бергі жұмысы барысында кәсіпкерлердің 40 млрд теңге сома мөлшеріндегі мүліктік құқықтары қорғалған. Бұл – нақты қаражат, сондай-ақ кәсіпкерлердің өзінде қалған мүлкі.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов елдегі кәсіпкерлік ортаны дамыту үшін бірнеше бағыт қолға алынып, кеңес беру жұмыстары жүргізіліп, бизнестің қыр-сыры үйретілуде екенін, бизнесмендер жолығатын кедергілерді шешуше көмек көрсетілетінін әңгімеледі. 

«Бүгінде түсінгеніміз, екі күндік қысқа курстар тиімсіз. Сондықтан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Бастау» оқыту тәсілін енгізудеміз. Мұнда бизнес-тренерлер кәсіп ашуға құштарлық білдіргендермен етене жұмыс істеп, бизнес-жоспар жасауға жәрдемдеседі, жобаларды сүйемелдейді, бәрін жақсылап жіктеп береді. Тырнақалды жобаның Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында табысты іске асырылғанын атап өткен жөн», - деп келтірген Төлеміс Шотанов қаржыға қолжетімсіздік түйткілін тарқатуда шағын несиелер көлемін өсіру қажеттігін нұсқады. Бұл мақсатта ҰКП 10 млрд теңге сома төңірегіндегі қаржыны игеруге дайын.

«Атамекен» Басқарма Төрағасының орынбасары тағы бір қозғаған мәселе, кәсіпкерлердің мемлекет ұсынған барлық қолдау түрлеріне қол жеткізе алмауы болды. Осы орайда Қазақстанның аудандарының түгелінде, оның ішінде шағын қалаларда өкілдіктері бар Ұлттық палата мұқтаж тараптарға үздіксіз қызмет көрсетуге күш салуда. 

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов бүгінде тиісті мемлекеттік органдармен бірге, бұл тексеру түрлерін азайтуда іс-қимылдар атқарылуда екенін жеткізді.

«Бұл жұмыс біраздан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқандықтан, нақты нәтижелер бар десек, қателеспейміз. Мәселен, қазіргі уақытта, рұқсат беру құжаттарының саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қысқарды. Ал бұл бақылау-қадағалау қызметтерінің ықшамдалғанына айқын дәлел. Мысалы, кезінде 1115 рұқсат беру-хабарлау түрлері болса, бизнес-ахуалды түбегейлі жақсартуға қатысты бірнеше заң жобалары жасалған соң, Ұлттық палатаның белсенді атсалысуымен Үкімет 3 жыл аясында лицензиялар көлемін 72 пайызға төмендетіп, 310-ы ғана қалды.

Қазір біздің күнтәртібіндегі міндеттерге көзқарасымыз басқаша қырдан соны түзілуде. Кәсіпкерлерді қолдау мазмұнына үңіле түсіп, олардың мүддесін құқықтық қамтамасыз ету жағын жаңғыртуға кірістік, яғни бизнесмендерге қойылатын талаптардың қисындылығы қандай деген сауал қызықтырады. Талдау барысында байқағанымыз, жобалап алғанда, кәсіпкер 28 мың қағидадан ауытқымауы керек екен! Барлық талаптарды орындау мүмкін емес, оған тырысқан адам шаш-етек шығынға бататыны даусыз. Осы орайда екі саланы, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі қызметтерін жіті таразылауды ұйғардық. Содан алғашқысында қоғамдық тамақтануда тортты кесіп сатуға тыйым салған, жұмыртқаны темір пышақпен жару, балабақша қоймасының ғимараттың солтүстік-шығыс бөлігінде болуы сынды күлкі шақыратын ерсі шарттарға жолығып, Бас прокуратура мен Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларымен бірге талқылауларды, ведомствоаралық жұмыс топтары отырыстарын қолға алдық. Мұқият қарай келе, талаптардың 80 пайыздайын алып тастаған жөн екеніне тоқталдық. Алдымыздағы жылы да ауқымды істер күтіп тұр. Техникалық стандарттар мен регламенттерге, өнеркәсіптік қауіпсіздік жайын саралауға ден қойып, талаптарды ревизиялауды әрі қарай жалғастырмақпыз», - деді Рустам Жүрсінов.

Бұған келіскен сенатор Талғатбек Абайділдин бақылау-қадағалау функциясын жүзеге асыратын 61 мемлекеттік мекеменің кәсіпкерлерді тексеруді тым көбейтіп жіберетінін ескертті. Оның әріптестері Сәрсенбай Еңсегенов, Асхат Күзеков, Елеусін Сағындықовтар да кәсіпкерлікке қатысты заңдардың жиі өзгеретінін, екінші деңгейлі банктердің тиімсіз жұмысын сынға алып, Байқоңырдағы отандастарымыздың кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігін саралады.

Жалпы Сенат депутаттары «Атамекен» ҰКП жұмысына оң бағасын беріп, тың бастамаларға табыс тіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер