astana-view

Жаңаөзен кәсіпкерлігіне – жаңа мүмкіндіктер

2016 жылғы 28 Қараша
- Маңғыстау облысы
7592 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жергілікті бизнес ортаны дамыту және жақсарту мақсатымен «Жаңаөзенге - жаңа серпін» жобасын қолға алып, бір ай бойы жергілікті халықты кәсіпкерлікке бағыттау жұмыстарын жүргізді.

Жоба аясында Жаңаөзен қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдері, әлеуетті кәсіпкерлермен және жастармен кездесу үшін арнайы мамандандырылған мобильді топ құрылып, оның құрамына тәжірибелі басшылар мен Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан өңірлік кәсіпкерлер палаталарының сарапшылары, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы басшылығы, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП орталық аппаратынан салалық департамент өкілдері кірді. Мобильді топты «Атамекен» ҰКП Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Дінмұхамед Әбсаттаров басқарды.

Бекітілген жоспар – мақсатты бағыт

Жаңаөзен Ақтау қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Теңге, Рахат, Қызылсай елдімекендері қарайтын бұл өңірде кәсіпкерлікпен айналысып жатқан тұрғындар саны 6500-ден асады. Дегенмен, бұл салада әкімшілік кедергілер, салық жүктемесі, жер тапшылығы, бизнес-жоспарды реттей алмау секілді бірқатар түйткілдер мен кәсіптік білім жетіспеушілігі байқалып отырғаны да жасырын емес.

Осы тұста шағын және орта бизнес өкілдерімен, әлеуетті кәсіпкерлермен және жастармен кездесу үшін құрылған арнайы мамандандырылған мобильді топ заңнамалық және нормативтік қағидаларды қалыптастыру, кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау, іскерлік ахуалды жандандыру, бизнес-тренингтер өткізу арқылы кәсіпкерлікке баулу секілді бірқатар жоспарларды жүзеге асырды.

Заңнамалық, рұқсат алу, мемлекеттік сатып алу, салық ережелері, бизнес-жоспар әзірлеу, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» секілді мемлекеттік бағдарламалар жөнінде бір ай бойы «бір терезе» қағидатымен кеңес берілді. Бизнес-жоспар құру және шағын қаржыландыру орталығынан несиелендіру жұмыстары да атқарылды.

«Бір айға жоспарланған жоба аясында дәл әкімшілік кедергілерге қатысты 220 шағым түсті. Оның ішінде жерге қатысты 170, құрылыс-сәулет мәселелеріне 20, инженерлік желілерге қосылу жөнінде 14 өтініш жазылған және тағы басқа салалар бар. Жұмыс барысында 142 өтініш иесіне тиісті кеңес беріліп, 70-ке жуық мәселе оң шешілді», – деп атап өтті жұмыс тобының жетекшісі Дінмұхамед Әбсаттаров.

Сонымен қатар, осы бір ай ішінде мемлекеттік бағдарламалар мен оқыту мәселесіне қатысты 916 кеңес беріліп, бизнес-жоспар бойынша 53 өтініш қабылданған. 258,7 млн теңгені құрайтын 47 бизнес-жоба әзірленген. Шағын несиелендіру орталығы арқылы жалпы сомасы 102 млн теңгеге 10 жоба қаржыландырылған.

Тығырықтан шығар жол – ауыл шаруашылығын дамыту

Ауылшаруашылық саласы – өңірдің ең бір түйткілді мәселесінің бірі. Халық сұранысын жергілікті өндірушілер толық қамти алмайтындықтан, импорт көрсеткіші тым жоғары. Мысалы жылына 8200 тонна ұн пайдаланылса, оның 7 мың тоннасы сырттан жеткізіледі, 1200 тонна ғана осы жерде өндіріледі. Сол секілді құс етінің жылдық қажеттілігі 36000 тонна, алайда жергілікті өндіріс тек 2400 тонна шығарады. Ірі қара мал етінің көрсеткіші де осы шамада, 30 мың тонна еттің 2400 тоннасы ғана жергілікті мал еті. Жылдық қажеттілік 48 мың дана жұмыртқа деп көрсетілсе, оның 99,9% импорттың үлесінде. Бұл қажеттіліктердің ең болмаса жартысын жергілікті өндіріс қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығын дамыту керектігі сөзсіз. Дегенмен, бұған басты кедергі су тапшылығы. Шалғай мал шаруашылығына да су керек, мал азығын өсіруге де су қажет.

Сондай-ақ теңізге жақын болғандықтан, балық шаруашылығы жақсы дамыған деген ой келеді. Алайда, сақтап, өңдейтін орынның жоқтығынан балық шаруашылығы да тұралап тұр. Балық шаруашылығымен айналысатын 6 аудан, 31 учаске болса, оның ішінде Кендірлі аймағында 8 учаске бар. Балық аулауға берілген квота 2261 тонна болса, балықшылар соның 550 тоннасын ғана игеріп отыр.

«Агробизнес бағдарламалары мен берілетін субсидиялар жөнінде нақты ақпараттың жеткізілмеуі, селекциялық және тұқымдық асылдандыру жұмыстарының жүргізілмеуі, суармалы алқаптың жоқтығы, жем-шөп мақсатындағы жайылымның қуаңдығы ауылшаруашылығының дамуына кедергі болып отыр. Бұл – өте өзекті мәселе», - дейді Дінмұхамед Әбсаттаров.

Ол «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларын дамытуды, жергілікті жердің климаты мен ерекшелігін ескере отырып, «Ақ-бота» бағдарламасын даярлауды, жылыжай құрылысы мен туризмді дамыту жоспарларын ұсынып отырғандарын алға артты.

Осы ретте «Bastau Бизнес», «Bastau Кәсіп» жобалары іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Сол арқылы өзін-өзі қамтыған және ісін жаңа бастаған жұмыссыз тұлғаларға кәсіпкерлік белсенділігін арттыру тұрғысынан оқыту жұмыстары жүргізілді. Кәсіп бағытын таңдау, бизнес-жоспар даярлау, кәсіпкерлікке баулу тренингтері өткізілді. Жоба аясында 220 адам оқытылып, Агробіліктілік орталығы 5 семинар ұйымдастырды. Бизнеске баулу семинарларының нәтижесінде 15 шаруа қожалығы біріктіріліп, 3 ауыл шаруашылық кооперативі құрылған.

Жастарға дұрыс бағдар беру маңызды

«Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасы жастардың белсенділігіне де тың серпін бергені анық.  Жедел жұмыс тобы жүргізген зерттеу нәтижелері аймақтағы жастардың мұнай саласындағы мамандықтарды көптеп таңдайтынын көрсетті. Бұл бір жағынан заңдылық та. Өйткені, мұнайлы өңір болғандықтан, барлығы мұнайшы болғысы келеді. Бірақ мұнай саласы барлығын бірдей жұмыс орнымен қамти алмайтыны тағы белгілі. Сондықтан, басқа салаларды дамыту, сол салаларға жастардың назарын бұру аса маңызды. 

«2016-2017 жылғы оқу жылына мемлекеттік тапсырыс мұнай, медицина, педагогика, қызмет көрсету салаларына және техникалық мамандықтарға көптеп бөлінгенін аңғаруға болады. «Жаңаөзен сервис және жаңа технологиялар колледжі» базасында ауылшаруашылық бағытындағы агрономия, егін шаруашылығы, зоотехник, мал дәрігерлігі, жеміс және көкөністерді сақтау және өңдеу секілді бірқатар мамандықтар ашылса, өңірдегі ауыл шаруашылығы мәселесі болашақта оң шешімін табады деген ойдамыз. Әрине, ол үшін жыл сайын мемлекеттік грант мұнай саласына емес, ауылшаруашылығы және туризм салаларына да көбірек бөлінсе, үлкен сеп болар еді»,- дейді жедел жұмыс тобының жетекшісі Дінмұхамед Болатұлы.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған колледжде мемлекеттік тапсырыс арқылы агрономия, егін шаруашылығы, зоотехник, ветеринария, жеміс және көкөністерді сақтау және өңдеу мамандықтарын ашуға 75 млн теңге көлемінде бюджеттік өтінім дайындалған. Жаңа мамандықтар тұралап қалған саланы дамытуға, импортты азайтып, ішкі өнімділікті арттыруға, жұмыссыздықты азайтып, шағын және орта кәсіпкерлік дамытуға ықпал етеді деген сенім бар.

«Серпін-2050» бағдарламасы жүзеге асырылған 3 жыл ішінде 12182 грант бөлінсе, оның 609-ы, яғни 5% ғана Маңғыстау облысына тиесілі екен. Грант иелену жағынан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары көш басында. Осыған орай, Жаңаөзен қаласында кәсіби бағдар жұмыстарын ұйымдастыру және түлектердің жоғары оқу орындары мен колледждерге құжаттарын қабылдау үшін «Серпін-2050» қалалық штабын ашу ұсынылған.

Мұнайлы өлке агротуризм аймағына айналуы тиіс

Жаңаөзенді серпілткен жоба шын мәнінде агроөнеркәсіп, туризм, білім беру салаларында айтарлықтай түйткілді мәселелердің бар екенін анықтады. Шөлейтті, су тапшылығы айқын аңғарылатын өңірдің болашағы  бұлыңғырлана түспес үшін бүгіннен қам жасау керектігін дәлелдеді. Жұмыс тобының бір айда атқарған ісінен кейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұщы су тапшылығын азайтатын, мал шаруашылығы мен өсімдік өсіру, жылыжай салу, Кендірлі аймағын дамыту мәселелеріне қатысты ұсыныстар легін әзірлеуде.

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер